Иә, бабалардан қалған байлықтың бірі – қарттар үлгісі. Жаңа заман, жаңа заң, ұрпақ өзгерді, жас жаңарды деп қарттарын қадірлемеген ұлт рухын өшіріп алады. Мұндай тірлік ұяласын қорғамайтын, «Бөрі құтырса бірін-бірі талайды», – деп ұрпақтарды жетесіздікке жетелеуі мүмкін. Дала заңының кепілі сол қариялар болған. Оған арғы-бергі тарихқа көз жүгіртсең, тайға басқан таңбадай алдыңнан шығады. Отбасының иесі секілді, оларда елінің иесі бола білген.
Ғасырлар желісіне қарасаң ұлтымыздың болат тұғыры саналған қазыналы қариялар «Құнанбай – ол қазақтың Иван Грозныйы», деп халық батыры, ұлы Бәукең – Момышұлы айтпақшы, әр ауылдың өз «Грозныйы» сөз ұстап отырған. Ол билігін бұра тарпай әділ, ақ, адал жүргізген. Телі мен тентек асып-тасып кетсе «грозныйлардың» қаһарына ілініп, жан сауғалауға мәжбүр болған.
Осы күні бар кінәні заманға теліп, қариялық қалыпты ысырып бара жатқандаймыз. Бұрынғы ел үлкендері берекені бұзбайық, ынтымақты күйретпейік, көңіл күйдің екпінімен, жалған намыстың жетегінде кетіп, құр сөздің сойылына жабыспай, адамдықтың алдында тең тұрайық, осыған бет бұрайық десе, қазіргі кейбір алдыңғы толқын жастар тіл алмайды, тілекті орындамайды, өздері білермен дейді. Қай заманда да ұрпақтар арасында бір-біріне осындай көңіл толмаушылық болған. Кейінгі толқынның да өз айтары жоқ емес, бар. Мұны ақыл таразысында ойластырмасақ, ұлтқа сор боп жабысуы мүмкін. Яғни, ата жолын қысқартпай, ана өнегесін «өлтіріп» алмай жалғасақ, бір кездері шақшадай бас шарадай бола қоймайды.
Ендеше, әлемдік үрдіске сай өмір сүре отырып, «Қазақ халқы – азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды... Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі болған жерде, қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек. Суға батып бара жатқан кісіні көре тұрып, қолұшын бермеу арамдық болар еді», деген Ы.Алтынсарин сөзін естен шығармай, ұрпақтар сабақтастығын сақтасақ, аталардың сара жолы жалғасады. Сонда ғана дала заңымен өмір сүрген бабалар рухын түлетіп, бар қалыбын жоғалтып алмай жақсы жағынан жалғастырамыз. Яғни олардың өнегесімен мақтана отырып, ұрпақтар бойындағы сақталған сарқытын үзбей, ойлана білу мұхитына айландырсақ, ұтылмаймыз, ханталапай заманда жұтылмаймыз. Бұл қазақты жоғалтпаудың жолы ғана емес, алтын арқауды үзбеудің де тәсілі. Осы жаһандану үрдісінде қазақ болмысын бүлдірмей сақтайтын қағиданың мықты алтын қазығы екенін әр қайсымыз естен шығармасақ екен. Осындай ұлт ісінде: «Ал енді, құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген оймен, талабымнан ешуақытта да қайтпаймын» (Ы.Алтынсарин) десе жастар, үлкендер жағы Б.Момышұлы қағида етіп кеткен ауыл тұтқасы ақсақал, ұлттық рухы, ізгі қасиеттері мол абыз ел бірлігінің ұйытқысы болса, «Бұл жалпыадамзаттық әрі дала демократиясынан бастау алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық болатын. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей» (Қасым-Жомарт Тоқаев) болары шүбәсіз шындық.
НҰР-СҰЛТАН