Аймақтар • 02 Маусым, 2020

Ақмолада 898 мың гектар жер айналымға енгізілді

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында игерілмеген жайылымдарды біртіндеп мемлекетке қайтару мәселесін көтерген болатын. Президент ғарыштан мониторинг жүргізу арқылы бірнеше облыста, оның ішінде аграрлы аймақ саналатын Ақмола өңірінде бос жатқан жерлердің игеріле бастағанын тілге тиек етті.

Ақмолада 898 мың гектар жер айналымға енгізілді

Мәселен, облыс аумағында жыл басында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,5 млн гектарға жуық жердің пайдаланылмай жатқаны анықталған. Жергілікті атқарушы орган өкілдері мен облыстық жер комитеті бұл бағытта шаруалармен жалға алу туралы келісім-шарттарды бұзу, жерді мемлекетке қайтару сияқты шараларды қолға алды. Нәтижесінде 898 мың гектарға жуық жер айналымға қосылды.

Облыс аумағындағы 380 мың гектар егістік жері, 1 миллионнан аса жайылымдық жер пайдаланылмай бос жатыр. Қазірде оның 898  мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатында айналымға тартылды. Бұл «Қолдау» веб-порталының ғарыштық мониторингі және ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландырудың нәтижесінде жүзеге асырылуда.

– Қалған 600 гектар пайдаланылмай жатқан жермен жұмыс жүргізілуде. Ол көбінесе жайылымдық жерлер. Қазіргі уақытта тексеруге мораторий жарияланған. Әйткенмен, жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбайтындарға  салық 10 есе көбейтілді. Жаңа ереженің де әсері бар.  Жер иелері мемлекетке өз еріктерімен қайтарып жатыр. Соның нәтижесінде облыс бюджетіне 150 миллион теңге түсті,–дейді облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Төкенов.  

Облыстық жер комитетінің мамандары жуырда ғана 16 ауданға жұмыс сапарымен шығып, жергілікті инспекторларға пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша әдістемелік және практикалық көмек көрсетті. Нәтиже жаман емес.

– Пайдаланылмай жатқан жер Атбасар, Ақкөл және Біржан сал аудандарында кездесті. Атбасар ауданы 231 мың пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін  игеруге кірісті. Ақкөл ауданында 107 мың пайдаланылмаған жер анықталды. Оның 73 мың гектары мемлекетке қайтарылды,–дейді облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бас маманы Гүлжан Жатаева.

Бұдан былай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару мерзімі қысқартылмақ. Заң жобасы бүгінде талқылауда. Пайдаланылмай жатқан жер тек сот арқылы алынатындықтан, оған 2-3 жыл уақыт кетеді. Сондықтан, егер жер пайдаланылмаса, онда жалға алу келісім-шартын біржақты ретте бұзу туралы ұсыныстар енгізілуде.