Аймақтар • 02 Маусым, 2020

Түркістанда балалар көрмесі онлайн өтті

1298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы жаңа Арбат алаңында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Қасиетті шаһар - балалар көзімен» атты фото көрме өтті, - деп хабарлады «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.

Түркістанда балалар көрмесі онлайн өтті

1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған онлайн-көрмеге қорық-музей қорында сақталған жас қылқалам шеберлерінің және 2018 жылы өткен «Астана және Түркістан» жас суретшілер байқауы жеңімпаздарының картиналары, қасиетті қалаға деген сүйіспеншілігін қылқаламмен суреттеген дарынды жастардың көркем туындылары қойылды.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесін түрлі-түсті бояулармен кескіндеп, туған жерге деген ыстық ықыласын білдірген жас суретшінің бірі  Жамалладин Есіркеп өз туындысы туралы айтып берді.

«Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында тұрған қазақтың хандары мен билерін, игі жақсыларын суреттеп шықтым. Адам бейнесін жасау ауыр әрі үлкен жауапкершілік. Менің арманым суретші болу. Сондықтан өз туған жерімдегі барша қазақтың тұлғалары елімізге ақ баталарын беріп тұрған сәтін сезінгім келді. Күні-түні осы көріністі армандап, суреттеп шықтым», - деді Жамалладин.

1

Сонымен қатар Түркістандық жас дарындар сурет салудан шеберлік сабақтарын жүргізіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі достарына онлайнда картиналары туралы айтып берді.

Мереке күні балаларын демалыс аймағында серуендетіп жүрген ата-аналар мен қала қонақтары да көрмеге қойылған 50-ге жуық туындыны тамашалады.

Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жыл сайын дәстүрлі түрде балаларға арналған мерекені назардан тыс қалдырмай, тиісінше түрлі іс-шаралармен атап өтіп келеді. Музей ісіне, тарихи орындарға балалардың қызығушылығын арттыра отырып танымын кеңейту, шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында суретшілер сайысы, балалар көрмесі, балабақша және мектеп оқушыларына арналған экскурсиялар ұйымдастырылып, әртүрлі тәттілер мен әр алуан бояулы кітаптар сыйлық ретінде таратылатын.

Биылғы жылы еліміздегі пандемияға байланысты жарияланған сақтық шараларына сәйкес көптеген балалар іс-шараға арнайы келе алмаса да онлайнда байланысқа шықты.