Провинциялық әдебиет
Біз бүгін текті жырларының тұғыры биік болғанымен, ғұмыры қысқа қайырылған ақын әлеміне үңілмекшіміз. Ол – Тұрсын Жұмаш әлемі. Сонау Арқаның қиыр шығысындағы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылында жатып-ақ, жасындай жырлары қазақ поэзиясының көзі тірі классиктері Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Раушановты жалт қаратқан ақын бүгінде ұмытылып бара жатқандай.
Ақынға мына тіршілікте жалғыздық һәм дос һәм дұшпан болып шығады. Ақын өлтірудің ең оңай тәсілі – елемей қою болса керек. Ол әдіс және міндетті түрде жүзеге асады. Есенғалидың ескергені, Ақсұңқарұлының ақылы ақын жанын қашанғы жұбатады. Талант не жан-жағын жұтады, не өзін өзі жұтады. Тұрсын ақын солай жұтылған талант болды. Сондай-ақ ғұмыры тылсымға толы ақынның аспанмен бейсана қарым-қатынас орнатып, өз тағдырын өзі шимайлай бастағаны бізге әлі күнге түсініксіз. Әйтпесе, өзінің ерте өмірден өтетінін қай болжамға сыйғызуға болады?
«Жыр жинағым жарқырап,
Шықпаса да баспадан...
Мені бір күні түсініп,
Ойланады астанам.
Алатауда бір шың бар,
Ешкім аяқ баспаған,
Мен сол шыңға шығамын,
Шыға алмайды басқа адам», – деп жырлаған ақын, шынымен, кітабы жарық көрмей, мүшелінде фәниден бақиға озды. Қайтыс болғаннан кейін 2 жыл өткенде, яғни 1997 жылы халықтың қолдауымен «Періште» атты кітабы жарық көреді.
Тұрсын Жұмаштың апасы Клара Жұмашеваның бір естелігінен білгеніміздей, ақын өмірінің соңғы күндері емшіге барған көрінеді. Бұл 1995 жылдың 7-ші маусымы екен, яғни дүниеден өтерінен 4 күн бұрын. Тұрсын емшіден өңі бозарып оралыпты. Өлімі жайлы айтылса керек... Тоғызыншы маусым күні туған күніне барған әпкесі оның онша көңіл күйі болмағанына қатты алаңдаған. «11-і күні асығыс жұмысқа бара жатып, үйіне қайта-қайта қарадым, бірақ кірмедім. Келіншегі «Тұрсын ауырыңқырап жатыр», деді. Жүрегім бір жамандықты сезгендей болды. Сол күні «Тұрсын өмірден озды!..» деген хабар келді. Сол бір өкініш әлі өзегімді өртейді. Сонда үйіне кіргенде, дәрігер шақыртып, аман алып қалар ма едім... Әйтеуір, қарап отырмас едім ғой, бәрі басқаша болар ма еді...», деп еске алады. Артында аңырап ақынның жары Айнагүл, перзенттері Ләйлә мен Медет қалады.
Тұрсын Жұмаш – ауылда жүріп-ақ адамзатты жырлаған ақын. Әрбір өлеңі мына ғұмырдың өткінші жалған екенін айта отырып, мәңгіліктің кілтін іздейтіндей әсер қалдырады. Тілдің киесі кез келген ақынның жанымен үндесе бермейтіні анық. Тегінің асылдығы, көкірек көзінің ашықтығы, тілінің орамдылығы – барлығы Абайдың ақынға қойған талаптарының үдесінен шығып, құдіретті күш иесі Тұрсын ақынға алапат қуат сыйлапты.
Ақынның арқа тұтар ағасы С.Ақсұңқарұлы кейін «Аспан жаққа асықпашы, бауырым» («Орталық Қазақстан», 1995 жыл 17 қаңтар) деп, Тұрсын жайлы мақала жазады. Тұрсынның соңғы хаты да Серік Ақсұңқарұлына арналған екен. «Қымбатты Секе! Үй ішіңіз тегіс аман ба? Денсаулығыңыз жақсы ма? Шабытыңыз бабында деген кәміл сенімдемін. Қымбатты Секе! Жыр кешіңіздің сәтті өткеніне өте қуаныштымын! Алла жазса, осы жазда арнайы барып қайтамын. «Қорланға хат» деген мына бір топтама өлеңді өткен күзде жазып едім. Балқан (Ахметов) келіп қайтқан, сәлем айтып жібергем. Бір жинақ дайындап жатырмын, Қарағандыдан шығартпақ ойым бар, егер де қаржы мәселесі шешілсе… Төлеубайға, басқа да жігіттерге сәлем айтарсыз. Менің шығармашылығыма деген ақ адал көңіліңізге көп рахмет. Айтар сыр, шертер мұң жетеді… Маған қазір өте қиын, бірақ мен ешбір мойымаймын. Бір сіздің мына жарық дүниеде барыңыз – маған зор медеу. Сіз мені үміт дүниесіне, жарыққа жетелеп келесіз… Сау болыңыз! Інілік ізетпен, Тұрсын». Өкініштісі, бұл хат Серік Ақсұңқарұлына жеткенше ақын жалған дүниені тәрк еткен болатын...
Оны жоғары бағалаған ақындардың бірі Есенғали Раушанов та «Бұл жігіттің екі «айыбы» бар. Бірі – астанадан шалғай ауданда тұратындығы. Екіншісі – мынадай заманда өлең жазып жүргендігі. Әйтпесе, айдарынан жел есіп тұрған мына өлеңдердің әрқашан-ақ айы оңынан туатын жөні бар емес пе?», деген екен.
«Ол кім болып жұмыс істемеді? Ол моншада от жағушы да болды. Ол күзетші де болды. Ол аудандық газетке тілші болып қабылданды. Бірақ көре алмаушылардың «сасық қулығымен» қуылды. Ол жұмыссыздық КСРО-да атымен жоқ деп бөркімізді аспанға атқан тоқырау кезінде керексіз болып көшеде қалды», деп еске алады белгілі журналист Айтбай Сәулебектегі.
Кейіпкеріміз келісті, кесек болмаса С.Ақсұңқарұлы «Өлеңдерін сүйсіне оқып, Алла амандығын берсе, бір жүздесерміз деп жүргенде, ол бақидан фәниге аттанып кетті», деп еске алып, «Провинциялық әдебиет» деген өлеңінде:
«Жүрегімде сол Семейдің оты ұрып,
Өмір сүріп келем өксіп, өкініп.
Ақындардың туатыны рас ауылда,
Астанада өлетіні – өтірік», – деп жырламас еді.
Қорлан
Ақынның жары Айнагүл Қайырбекова да ақын жанын көзі тірісінде аялап өткен аяулы жан. Осыдан екі-үш жыл бұрын жас ақын Ақерке Асан жеңгемізден сұхбат алған болатын. «Кітабымды шығару керек деп айта бастады. Өзі өлең жазса алдымен маған көрсетуші еді, сол күндері де маған барлық өлеңдерін реттеп көрсетіп кетті. Өлеңді қалай жазғанын, қандай ойда жүргенін бірінші маған айтушы еді. Өлеңдерін түн ауа, таңға қарай жазып отыратын. Түнгі 3-4-те өлең жазса, таңғы 5-те оятып алып, сол өлеңдерін оқып беруші еді. Тұрсын орыс мектебін бітірген. Содан өлең жазса маған әріптерін тексертіп «қате кетіп жатса, ұят болар» деп айтушы еді. Бірақ оның сөз байлығы мен сауаттылығы қазақша оқыған адамдардан көп артық болатын», дейді ақынның жары.
Қызы Ләйлә да әкесі жайлы әр кезде сағынышты сырларын ақтарып келеді. Қарымды қалам қуатының уақытқа бағынар жері бар ма? Тұрсын жазарын жаза алмай кеткен ақын дер едік. Ақынның басқа міндеті болуы да мүмкін емес. Ақын – тағдырды тасқа басушы ғана шығар.
«Қазақ тілінің тылсым сырлары мен оның шығар тумасын көкірек көзімен танып, содан бар санасымен, болмысымен қызыға да, емірене сусындаған қазақ ақындарының бірі – менің әкем Тұрсын Жұмашев еді. Әкемнің:
Бұлақтарға қызығып тасып аққан
Табанына таулардың тасы батқан,
Қазыбек би ауылында бір ақын бар,
Сені ойлаумен күні-түні басы қатқан,
– деген өлең жолдарын оқысам, тіл киесін санасымен түсініп, соған барар жолды тауып, қиын да қастерлі қасиетінен сусындау үшін өз өмірін құрбан етуге ант берген ертегідегі батырды көз алдыма елестетем», дейді ақынның аяулы перзенті. Қызына Ләйлә деп есім беруінің өзі құдіретті поэзияға деген құрмет екені айтпаса да түсінікті.
Иә, Жұматайдың Ләйләсі болса, Тұрсынның Қорланы болғанын білеміз. Қиял-арудың бұл өмірде бар-жоғын ешкім білген емес. Мүмкін біздің бұл мақаланы сізбен бірдей уақытта ару Қорланның да оқып отыруы мүмкін...
«Қатып қалған қағиданың
қалпын бұз,
Махаббаттың кереметін бол, ұқтыр.
Қорланыма жолықтырсаң,
Алтын күз,
Мына жарық дүниеде жолықтыр!
Мені іздеп жүрген шығар ол-дағы,
Сағынышы түнде кірпік ілдірмей.
Қолдарыма тиіп кетсе қолдары,
Жылар едім тірі жанға білдірмей…» деп жырлаған ақын музасы Қорланның сұлу болғанына еш күмән келтіре алмаймыз. Тіпті Тұрсын ақын өзінің қойын дәптеріне: «Миымдағы қиялымның қолымен» (Ж.Жақыпбаев) мен Сені осынау жарық дүниеге өткен жылдың алтын күзінде тудырған едім, аяулы Қыз-Қорлан…» – деп жазып қойған екен.
«Астана алыс, Аспан алыс, алыс Қыр,
Сырласатын көрінбейді-ау
таныс бір.
Ей, Алтын күз,
Сері Тұрсын мен болам,
Балқантаудың Қорланымен
таныстыр!» –
немесе,
«Балқантауда Қыз тумаса
Қорландай,
Бұл топырақ қалай туды Ақынды?!», деп оқырманға жауап бере отырып сұрақ, сұрақ қоя отырып жауап береді қалам иесі. Біз бұдан кейін Қорланның бұл өмірде мәңгілік ғұмыр кешетінін, осындай мәңгілік жырлардан кейін Қорланның періште екеніне, ақынның пейіште екеніне күмәнсіз сенетіндейміз.
* * *
Отыз алты жыл – шартты ұғым. Ол біздің өлшемімізбен аз уақыт болуы мүмкін. Мәңгілік өлмес жырлардың ғұмыры барда ақынды өлді деуге хақымыз да жоқ. Тек, ақынның артында қалған отты жырлардың ел назарына іліге бермейтіні жанымызға батады. Ақынға көзі тірісінде қолұшын созғандар бірді-екілі болсын бар еді. Қанаттас та қаламдас достары Қ.Асанов, Ә.Жанпейісов, Е.Балташев, М.Жәпек, Ә.Жақанов Тұрсынның өлеңдерінің жарыққа шығуына көп көмектескен. Алайда шамалы ғана тиражбен жарық көрген «Періште» атты жыр жинағын қазір кімнің қолынан таба аламыз. Тума таланттың шын дарынын елеп-ескеретін күн туған сыңайлы. Есіл ақынның жаңа жыр жинағын жарыққа шығарып, оны мемлекеттік тапсырыспен әрбір кітапханаға жеткізетін уақыт әбден жеткен. Жалғыз Тұрсын емес, насихатталмай жүрген ақындардың қатары әлі де көп. Артығали Ыбыраев, Сағат Әбдуәлиев, Серік Томанов, Марат Отаралиев, Дәулет (Қара Дәулет) Сәтібеков сынды ақындар да насихатталмай жатыр.
Ақынның өз сөзімен мақаламызды түйіндер болсақ:
Қырандар ғана ұшатын биік бар,
Қарғалар ұшады төменде.
Таңдайда шөл, кеудемде – күйік бар,
Әйтпесе нем бар өлеңде?
Асылын ойлап Алаштың өткен,
Ойымды жылдар қашты алып.
Сен маған бұрылып қарашы, көктем,
Көзімнен кетті жас тамып...