23 мыңға жуық жұмыс орны құрылады
Жалпы, жол картасы аясында бөлінген мол қаражаттың 54 пайызы өңірдегі әлеуметтік-мәдени саланың мәселесін шешуге жұмсалып отыр. Яғни өңірдегі мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың күрделі жөндеуі мен жаңадан салынуына жеткілікті қаражат бөлінген. Осы жол картасы негізінде облыста тағы 7 мектептің құрылысы басталған. Бұл бұған дейін іргетасы көтерілген 16 мектептен бөлек нысан. Нәтижесінде, биыл жетісулық оқушылар үшін 23 жаңа мектептің есігін ашпақ. Ал құрылыс қызған өңірде екі қолға бір күрек ұстаған адамның қатары көбейіп, жаңа жұмыс орнының ашылатыны аян.
– Облыста бұрын да жол картасы бойынша жұмыстар атқарылды, бірақ мұндай көлемде қаражат алғаш рет бөлініп отыр. Сондықтан біз қаражатты уақытында және сапалы игеруге және тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге міндеттіміз. Жоспарға сәйкес «Еңбек» бағдарламасы бойынша 22 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шарасы жасалды. Бүгінге дейін 294 жоба бойынша 3352 жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1676 адам жұмыс тапты. Оның ішінде 410 жұмыссыз жас еңбекпен қамтылды. Яғни жас мамандарға арналған 137 жоба нәтижелі жүзеге асты, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Жұмыс орындарын ашу тек бюджет қаржысы есебінен емес, жеке инвесторлар ашқан өндіріс орындарының үлесі бойынша да көбейіп келеді. Мәселен, қазірге дейін жекеменшік инвестициялар есебінен 75 нысан іске қосылған. Бұған 367,6 млрд теңге жұмсалып, нәтижесінде, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Олардың қатарында Сингапур мемлекетінің инвестициясына салынып жатқан Alacem зауыты, Біріккен Араб Әмірлігінің қаржысына ашылатын Phoenix feed mills компаниясы, нидерландтықтар қолға алған СТК Sokol жобасы және көршілес Қытай инвесторлары іске қосатын Mistral energy компаниясының өндіріс орындары сияқты жаңа жұмыс күшіне сұраныс қалыптастырған ірі өндіріс орындары бар. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» аясында өңірдегі 53 елді мекеннің сумен жабдықтау нысандары қайта жаңартылып, жөнделмек. Тағы 84 елді мекенде абаттандыру жүргізіп, 220 елді мекеннің 500 шақырым жолын жасау да осы қаражаттың есебінен жоспарланып отыр.
Әуелгі назарда – әлеуметтік нысандар
Жол картасы бойынша әлеуметтік салаға бөлінген қаржының екінші бағыты жергілікті жердегі медицина мекемелеріне арналған ғимарат салуға жұмсалмақ. Қазір облыстағы 5 ауылда жаңадан дәрігерлік амбулатория нысанының құрылысы басталды. Оның ішінде жұқпалы індетпен күрес шаралары аясында аймақта ашылған арнайы зертханалардың санын көбейту қолға алынды. Бүгінде облыста жетінші ПТР зертханасының құрылысы аяқталды. Жақында Үкімет мүшелерінің Алматы облысына сапары аясында вице-премьер Ералы Тоғжанов Талдықорғандағы орталықтандырылған медициналық зертхананы аралап көрген болатын. Медициналық мекеме облыстағы жетінші зертхана, сондықтан №7 зертхана ретінде жұмысқа кірісетін болады. Жалпы, өңірде жұмыс істеп тұрған алты зертханада тәулік сайын 2,5 мың адамға COVID-19 инфекциясын анықтауға байланысты қызмет көрсетуге қауқарлы.
Жалпы, Алматы облысында бұған дейін басталып, ондаған жылдар бойы «сақалды құрылысқа» айналған нысандарды толық аяқтап, қолданысқа беру ісі сәтімен жүзеге асып жатыр. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылындағы орталық аурухана ғимараты күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Елу жыл бұрын салынған нысанға содан бері бірде-бір рет құрылысшылардың қолы тимеген екен. Ғимаратты жаңғыртуға республикалық бюджеттен 484 млн теңге және облыстық қазынадан 196 млн теңге қосымша қаржы жұмсалды. Бұл қаражатқа құрылыс жұмысынан бөлек аурухана маңын көріктендіру жұмысы жүргізіліп, ем алушыларға сапалы қызмет көрсетуге қажетті барлық медициналық құрылғылар да сатып алыныпты. Қазір орталық ауруханада 2 операция залы жаңадан ашылған. Емхана соңғы үлгідегі рентген аппараты, ультра дыбыстық зерттеу кабинеті мен басқа да науқас бойындағы дертті ерте анықтауға арналған құрылғылармен жабдықталды. Тіпті ауылдық ауруханаға кейбір аудан орталығының қолы жетпей отырған жасанды тыныс алу аппараты қойылған. Ал ауруханада 180 адам жатып ем-дом қабылдаса, емханаға келген 310 қаралушы бір мезетте дәрігер тексеруінен өте алады. Қажетті мамандар да жеткілікті. Қазір Шелек ауруханасында 555 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 73 дәрігер, 269 орта деңгейлі медицина қызметкері бар.
Ал жақында Сарқан ауданында құрылысы ұзақ жылға созылған емхананың жөндеуі аяқталып, қолданысқа берілді. Қабырғасы 1990 жылы қаланып, орта жолдан тоқтап қалған бұрынғы перзентхана ғимараты содан бері аймақтағы «сақалды құрылыстың» санын көбейтіп тұрған еді. Тек 2017 жылы ғана нысанды емхана етіп жаңғыртуға шешім қабылданған. Енді осы емханада 105 орындық стационар мен 100 науқас қабылдауға арналған әйелдер кеңесі бөлімдерін ашуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ жаңа ғимаратқа аудандық аурухананың реанимация, хирургия, педиатрия, травматология, қабылдау бөлімдері және зертхана мен перзентхана көшіріліпті.
– Облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасының араласуымен ширек ғасырдан астам уақыт қараусыз қалған ғимарат жөнделіп, іске қосылды. Нәтижесінде, аудан халқына сапалы медициналық қызмет көрсететін жаңа нысан ашылды. Қажетті медициналық құрал-жабдықпен толықтай қамтылды. Дәрігерлік құрам да жасақталды. Қазір аудандық ауруханада 47 дәрігер, 198 орта медицина қызметкері денсаулық күзетінде тұр, – дейді Сарқан ауданының бас дәрігері Алтай Шылғаубаев.
Құрылыс қарқыны еңбек нарығын қыздырады
Жұмыспен қамтудың қарқыны құрылыс нарығындағы қызу еңбектен де байқалатындай. Өйткені биыл Жетісуда тұрғын үй салу белсенді басталды. Атап айтқанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 119 жоба жүзеге асып, оған республикалық және жергілікті бюджеттен 41,6 млрд теңге қарастырылған. Соның ішінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 52 жоба тұрғын үй құрылысын жүргізуге қатысты болса, 11,4 млрд теңгені құрайтын 67 жоба инженерлік инфрақұрылым жасауға арналған. Жалпы, жыл соңына дейін өңірде 938,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Соның 136 мың шаршы метрі немесе 1 714 пәтер бюджет есебінен салынбақ. Және жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жүргізуге 18 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының 9 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылса, қалған жартысы облыстың өз қаражаты екен. Бір қуанарлығы, бөлінген қаржы көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысына бағытталып отыр. Бұйырса жалға берілетін 975 тұрғын үйдің 669 пәтері көпбалалы әулеттерге, ал 377 пәтер әлеуметтік жағынан қорғалмаған адамдар тобына берілмек. Жалпы, Жетісудағы көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту ісі жаңадан салынған құрылыстарға қарап тұрған жоқ. Биыл жергілікті бюджет есебінен қосымша 50 пәтер сатып алуға қаржы көзі нақтыланыпты. Жалпы, жыл соңына дейін 719 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамту мақсаты тұр. Несиеге берілетін баспана салу үлесі де артады. Биыл жалпы алаңы 51,4 мың шаршы метр құрайтын 648 пәтерлі 51 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұған 5,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ коммуналдық тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Дәл осы талапқа сай 91 үй бой көтере бастаған. 9 мың шаршы аумаққа салынып жатқан құрылысқа 2 млрд теңге жұмсалады.
Осы жерде Алматы облысы өткен жылы көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасыларды баспанамен қамту үлесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі екінші орыннан көрінгенін айту парыз. Яғни былтыр 135 отбасына бюджет есебінен баспана сатып алынса, оның 71-і көпбалалы отбасы екен. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қоныс тойын тойлаған тұрғын саны 500 отбасына жетті. Биыл бұл көрсеткіш 600 отбасына жетуі тиіс. Ал жыл басынан бері бюджет қаржысына сатып алынған 69 пәтердің 30-ы тағы көпбалалы отбасына берілген.
Ауыл тұрғындары да жұмыспен қамтылады
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» табысты жүзеге асып жатқан ауданның бірі – Ақсу. Ауданда бұл бағыт бойынша 52 жоба іске қосылған. Нәтижесінде, 537 жұмыс күшіне сұраныс артты. Қазірге дейін 268 адам жұмыспен қамту орталығының жолдамасын алып, еңбекпен қамтылған. Жобаға негізінен жастар тартылуда. Яғни ел ішінде бос сенделген бозбаланың бәріне жұмыс табылады деген сөз. Аудан бойынша алғашқы лекте 31 жас жұмыспен қамтылыпты. Жол картасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды да жұмыспен қамту ұмыт қалмапты, алты адамға лайықты еңбек орны табылған.
Жалпы, Ақсу өңірі ауыл шаруашылығына арқа сүйеген аудан болғандықтан қазір жер емген диқан мен мал баққан шаруаның еңбегі қызған шағы. Қырдағы егістік жұмысы толық аяқталған. Мал төлдеп, жайлауға шықты. Сондай-ақ облыс бойынша 6 100 гектар алқапқа тәтті түбір себілсе, соның 3 167 гектары осы ақсулық диқандардың еңбегі. Әсіресе, қой өсіруді жолға қойған шаруашылықтар саны Ақсу ауданында жетерлік. Қуанарлығы, биыл өңірдің қысы жақсы болып, көктем ерте келді. Мал өсіріп, күн кешіп отырған шаруалардың қолдағы малы қыстан қоңды шықты. Ауданда 130 065 бас қой бар. Ешкі саны да 30 мыңға жетеғабыл. Туған төлдің үлесі артып келеді, сақманнан кейін 91 мың бас қозы санаққа ілінген. Ел қорасындағы ірі қара үлесі де жыл сайын көбейіп келеді, қыстан шыққан сиыр саны 162 850 бас екен. Биылғы көктемде мал баққан жұрт уызға жарып-ақ тұр. Аудан бойынша есепке алынған бұзау саны 120 мың бастап асыпты. Жалпы, Жетісу даласы төрт түлік мал басына толы. Ірі қара саны 1 млн бастан асты. Қой мен ешкінің саны да едәуір. Ауылдағы ағайынның негізі күнкөрісі мен табысы да осы уақ жандықтың арқасында болып тұр. Қазір облыста 4 млн-нан астам қой бар екен.
Мемлекет ауылды дамытуға барынша көңіл бөліп отырғаны белгілі. Соның бір көрінісін өңірлердегі мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруға қатысты атқарылған істен байқауға болады. Жақында Ақсу ауданында «Сервистік әкімдік» жобасы іске қосылды. Бұл жоба облыс бойынша 28 мемлекеттік органның жұмысын бір жерге шоғырландырып, аудан тұрғындарына 99 түрлі қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек. Ең бастысы, шалғай ауылдардан келіп, құжат жинаушылар енді Талдықорғанға сабылмайтын болды. «Open space» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталықта Ақсу ауданының 6 мемлекеттік мекемесі қызмет көрсетуді бастады. Қазір бұл жерден 49 мемлекеттік қызметті бірден алуға болады. Әрі мұнда келушілерге қолайлы жағдай жасалған, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға да ыңғайлы жағдай қарастырылған.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылғандай, облыста «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау қолға алынған. Осы міндет шеңберінде аудан орталығынан «Сервистік әкімдік» жобасын іске қостық. Бұл – мемлекеттік орган көрсететін мемлекеттік қызмет түрлерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асып отыр. Енді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратында орналасқан «Сервистік әкімдік» кеңсесінде сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқартуға, аудандағы азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру негіз болатын жұмыс атқарылмақ. Осы жерде «Жетісу – адалдық алаңы» кеңсесі жұмыс істейді. Бұл жобалық кеңседе жергілікті атқарушы органдар мен бөлім қызметкерлерінің қызметі ұйымдастырылады, – дейді Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.
Ақсудағы қант зауыты жаңа маусымға дайындықты бастады. Қазір өндірістегі цехтар тазаланып, тозған бөлшектер жаңасына ауыстырылуда. Зауыттағы жаңғырту жұмысына мемлекет қолдау жасап отыр. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 288 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдық сатып алып, зауытқа лизингке берген болатын. Өндірісте 120 адам тұрақты жұмыс істейді, ал жазғы маусымда тағы 100 адам қосымша еңбекке тартылады. Жалпы, кәсіпорын толық қуатында іске қосылғанда 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтымақ.
Басты назарда – жастар
Сөз басында Алматы облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 977 жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғанын, бұл мақсатқа 109,2 млрд теңге бөлінгенін айттық. Бүгінде осы бағыт бойынша 960 жоба бойынша байқау жарияланып, 365 жоба бойынша жұмыспен қамтуға келісімшарт жасалған екен.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасын» сапалы жүзеге асыру мақсатында аймақтың жұмыссыз тұрғындарының тізімі жасалды. Біз бұл жерде жастардың жағдайына көбірек көңіл бөлдік. Жоғарыдағы тізімге 13 334 адам кірді, оның ішінде 3 228 адамның 29 жасқа дейінгі жастар екенін анықтадық. Қазір Алматы қаласы маңындағы жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасаудамыз. Біздің есебіміз бойынша мегаполис шекарасы маңында тұратын жұмыссыз жастар саны 1744 адамның шамасында. Бүгінге дейін жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1198 адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 350 адам осы Алматы агломерациясы аймағында тұратын жұмыссыз жастар, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Түйіндей айтқанда, облыс бойынша 1 мамырға дейін 10,8 мың адам жұмыспен қамтылған екен. Оның ішінде 3,3 мың адам тұрақты жалақы төленетін жұмысқа қабылданыпты. Ал 2019 жылы 35,7 мың адам тұрақты жұмыс тапқан. Биылғы жоспарда 46 116 адамды еңбекпен қамту тұр. Ал биылғы 1-тоқсандағы есеп бойынша өңірдегі жұмыссыздық көрсеткіші 4,7 пайыз шамасында.