Театр екі рет жабылып, үш рет ашылды. Алғаш жабылғанда, труппа бүтіндей Жезқазғанға кетті. Одан кейін 2000 жылы екінші рет жұмысын тағы тоқтатып, ұжым Қостанайға келіп, жаңа ашылған І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының іргесін қалады. Арқалық театры үшінші рет 2001 жылы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясымен шымылдығын ашып, күні бүгінге дейін өз көрермендерін сахна өнерінің кәусарынан сусындатып келеді.
2016 жылы республика бюджетінен бөлінген қомақты қаржыға театр ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Бір жылдан соң Арқалық маңындағы Тасты ауылының жанына Кейкі Көкембайұлының күмбезді кесенесі орнап, батырдың сүйегін туған жер қойнына тапсыру рәсімі өтті. Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен ауқымды шара Арқалық театрында жалғасын тауып, арты республикалық аламан айтысқа ұласты. Мұның театр ұжымына да берері көп болды. Жарық бергіш, сахнаға сәуле түсіргіш сапалы құралдар мен музыкалық құрылғылар сатып алынды. Арқалық театрының қайта өрлеу дәуірі осы кезеңнен басталды десек болады. Бас-аяғы 20 шақты өнерпаз жұмыс істейтін шағын ұжым 2017 жылы Жезқазған қаласында өткен Жанат Хаджиев атындағы аймақтық театрлар фестивалінде Б.Есеналиевтің «Қанды азу» туындысын сахналап, «Үкілі үміт» номинациясы бойынша лауреат атанды.
Жасөспірім көрермендерге арналғандықтан Арқалық театры көбіне балалар мен жастарға арналған спектакльдерге көп көңіл бөледі. Жылына төрт жаңа қойылым болса, соның екеуі міндетті түрде балалар мен жастарға арналады. Мәселен, труппа былтыр Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» туындысын сахналады. Осы және өзге де таңдаулы қойылымдарымен Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау қалаларында болып, сырт көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
– Ақмола облысының Есіл, Атбасар аудандары мен Қостанай облысының барлық аудан, қалаларын жыл сайын гастрольдік сапармен аралап тұрамыз. Мәселен, былтыр 175 қойылым қойдық. Есептеп отырсақ, біздің спектакльдерімізді жалпы саны 42 мың көрермен көріпті. Әр театрдың жылдық жоспары болады. Соны орындау керек. Әрине бүгінде жоспар орындау, театрға көрермен тарту деген қиынға соғады. Соған қарамастан межеленген міндетті асыра орындап келеміз. Қанша дегенмен, бұрыннан қалыптасып қалған өзіміздің тұрақты көрермендеріміз, оның сыртында Арқалықтағы мемлекеттік педагогика институты, 4 колледж бар. Көбіне осы оқу орындарында білім алып жатқан студенттер театрымыздың залын бос қалдырмайды. Жақсы нәтиже берген тың ізденістеріміз де мол. Биыл күзде Жезқазған қаласына гастрольдік сапарымыз бар. Қостанай қаласында өтетін «Тобыл жағалауында» атты Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының 20 жылдығына арналған фестивальға қатысу жоспарда бар, – дейді театр басшысы Нұрлыбек Қасжанов.
Театр биыл көктемде облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орайластырып «Абай-Әйгерім» драмасын сахналап, аймақтағы барлық аудан, қалаларға гастрольдік сапарға шықпақ ниетте еді, карантин кедергі келтірді. Осылайша мерейтойлық шара уақытша кешеуілдеп, қыркүйек айының ортасында өтетін болып бекітілді. Алайда уақыт шегерілгенімен, дайындық тоқтаған жоқ. Театр ұжымы қол қусырып қарап отырмай, үйде әрқайсысы жеке дайындық өткізіп, оны онлайн дайындықпен пысықтауды жөн көрген. Қазір жеке және хор ұжымымен бірге орындалатын Абайдың елге белгілі бірнеше әнін дайындап қойды. Олардың ішінде «Татьянаның әні», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Топайкөк», «Желсіз түнде жарық ай» сияқты әр қазақ сүйіп орындайтын танымал туындылар бар.
– Қойылымға ерекше сипат беру үшін хорды әдейі қосып отырмыз. Мысалы, бір әннің алғашқы шумағын Әйгерім бастаса, әрі қарай оған хор қосылып, бірнеше дауыста құбылтып ала жөнеледі. Осылайша Абай атамыздың әндерін бүкіл қазақ даласы шырқап жатқандай етіп, көрсетіп, тіпті көрермендердің өздері де қосылып кететіндей әсерлі етіп шығарғымыз келеді. Қазір екі айдың көлемі болып қалды, күнде хор, күнде би, дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл лирикалық-драма негізі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан алынған Бикен Римова апамыздың дүниесі. Мұны кезінде 1979 жылы Алматыда режиссер Жақып Омаров ағамыз қойды. Абайдың бейнесін Әнуар Боранбаев, Әшірәлі Кенжеев сынды дарынды актерлер сомдаса, Әйгерімді театр өнерінің хас шебері Торғын Тасыбекова ойнады. Бұл лирикалық драма бозбала Абай мен Әйгерімнің арасындағы сүйіспеншілікті арқау ете отырып, қазақ жастарын махаббат деп аталатын киелі ұғымды қастерлей білуге, бүгіннің ең өзекті мәселелерінің бірі болып табылатын тұрақсыздық, үйлене салып ажыраса салу сияқты келеңсіздіктерден сақ болуға шақыру деп түсінемін. Жастарға Абай мен Әйгерім сияқты бір-біріңе шынайы сүйіспеншілікпен қараңдар дегенді айтқымыз келеді. Амандық болса, алғашқы қойылымды қыркүйектің 15-іне белгілеп отырмыз, – деді театрдың бас режиссері Ербол Абжалов.
Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, аймақта Абай жылына арналып жоспарланған ауқымды шаралар елдегі ахуалға байланысты тамыздан әрі қарай басталады.
Қостанай облысы