Өнер • 03 Маусым, 2020

Біреудің тіккен киімін «ұрлап»шығара алмайсың - дизайнер

955 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жадыра Әмірханова киім дизайны саласына небәрі екі жыл бұрын ғана келді. Студент шағында ұлттық киім дизайнерлерінің жаңа үлгілері көпшілікке көрсететін сәнгер боп еңбек еткен. Мамандығы экономист болса да, бала кезінен анасынан көргенін көкірегіне түйіп өскен бойжеткеннің өзіне беймәлім қыры отау құрып, кішкентайы өмірге келгенде белгілі болды. Бала күтімімен үйде отырған соң тігіншілікті қолға ала бастады. Алдымен шағын тігін шеберханасын ашып, күнделікті киетін көйлектер тігуге кіріседі. Сонан соң қолға алған ісін «Aisha bibi» дизайнерлік киім салоны ретінде кеңейтті. Бұл атауды қазақы, құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиген соң таңдап қойған. Қазір онда 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Біреудің тіккен киімін «ұрлап»шығара алмайсың - дизайнер

Дизайнерлік киім тігетін шеберханада тапсырыс та толастаған емес. Айына шамамен 20 дизайнерлік көйлек, 25-30 дана беш­пент, кәжекей, қамзол тігіп келеді. Қа­зақ­ша киімдермен қатар заманауи, сәнді киімдер де үйлесімін тауып ерекше стильде тігілуде. Топтамалар шеберханадан бөлек киім дүкендерінде саудаланып жатыр.

Жадыраға идея мен шабыт тосыннан ке­ле­ді екен. Көбіне шетелдерге сапарларға шық­қанда, кейде, тіпті әлеуметтік желілерді ақтарғанда теңдессіз ойлар келіп, дизайндарды үйлестіру қабілеті шарықтай түседі.

Дизайнерлік киімдердің маталары да көп кездесе бермейтін, ерекше таң­дау­мен әкелінеді. Маталар мен тігінге қажет­­­­ті бөлшектер Дубай мен Түркиядан тасы­малданады. Бағалы маталар мен тың идея­ның қосылуынан қайталанбас, айрықша киімдер тігіледі.

– Дизайнерлік киімдердің ерекшелігі – көшірме болмауы тиіс. Біреудің саған дейін тіккен киімінің моделін «ұрлап» шығара алмайсың. Жан-жақты ізденістің, толыққанды идеялардың жемісі – жаңа туынды болып шығады. Біреудің ойын айна қатесіз қайта­лау­ды түсінбеймін. Әр адам өз дизайндық шеберлігімен, өз стилі, өз ерекшелігімен танылуы керек, – дейді Жадыра Әмірханова.

Адал еңбек, төккен тер ақталмауы мүмкін емес. Жадыраның жұмыстары да үлкен ортада жақсы бағаланып жүр. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «ALTYN OIMAQ» көрме-байқауына дизайнерлік киімдері қойылды. Сонан соң Қызылорда қаласында өткен «Сән мен сахна» байқауына қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлап келді. Жадыраның идеясымен тігілген ұлттық киімдер, түйе жүнімен сырылып салынған жадағайлар, қазақы нақыштағы аяқ киімдер көпшілікті тәнті етті. Үлкен қошемет пен марапатқа бөленіп келді. Мұндай қуаныштар дизайнердің шабытына шабыт қосып, дизайнерлік шеберхананы сән үйіне айналдыру туралы ой келді. Қазір сән үйінің ғимараты дайын. Адам санын 15-ке дейін көбейтіп, күзге қарай ашуды жоспарлап отыр. Үлкен сән үйі күнделікті стильді киімдер мен спорттық үлгідегі костюмдер тігуді қолға алуды көздеп отыр.

 

Маңғыстау облысы