Иә, Манағамызды, атағы жер жарған актер, әні әлемді шарлаған сазгер, дауысы дүниені теңселткен әнші, күйі күңіренген тарихқа жалғасқан дәулескер, бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы Манарбек Ержановты айтып отырмыз.
Манарбек десе көз алдымызға қазақ өнерінің қасиеті сұлбаланады. Оны тудырған қастерлі халық пен текті топырақ жадыңда жаңғырады.
Арқаның биік төрінде тұрған Ақтоғайдай аяулы мекенді білмейтін қазақ жоқ деп ойлаймыз. Аңыз дала тудырған алыптарды тізбелер болсақ, небір асыл азаматтың есімі ерекше еске түседі. Көне тарихты күңірентпей-ақ, шежіренің бергі беттерін парақтағанның өзінде үш арысымыз – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермекұлы, Ақбайдың Жақыбынан бастап, Шашубай Қошқарбайұлы, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова болып кете береді.
Ең қызығы, қазақ өркениетін құлаштай өрге сүйрер осыншама алыпты дүниеге әкелген әйгілі өңірге әлі күнге дейін темір жол тартылып, пойыз бармапты. Әрине, қазақтың алып байтағының қай қиырына темір жол жетіпті, мәселе онда емес. Әрі беріден соң бұл Ақтоғайыңыз темірге тәуелді я болмаса темір таңсық жұртқа ұқсамас та еді.
Олай дейтін себебіміз, Арқаның ең биік шыңы – Ақсораң тауының етегінде қола дәуірінен тәбәрік таратып жатқан Беғазы-Дәндібай мәдениетінің көне қорымдары тура осы топырақтан менмұндалайды. Темірді алғаш қорытып, арғымақтарын ауыздықтаған мекенге темір жол өркениеті кеш те болса жете жатар, алайда ең әуелгі өркениеттің нышаны саналатын үзеңгіңіз алғаш осы өңірде өндірілгенін де ұмытпаған жөн.
Жуырда ғаламтордың ғаламат өрмегін тарқатып отырып, қазақтың дүлдүл өнерпазы Мәдениет Ешекеевтің орындауындағы «Паровозды» тағы бір тыңдадық.
Манекеңнің жүрек қағысы, дереу алған аз тынысымен астаса, жоғары өрлеген ғажап шығарма, аты айтып тұрғандай формасы бөлек, кез келген әнші қолтықтап кете бермейтіндей құрылысы күрделі ән. Шіркін, осынау ғажап туындыны Манарбек ағаның өзі орындап тұрған бейнежазбаны көрсек тіпті ғажап болар еді деп қоямыз!..
Шын мәнінде Манарбек Ержановтың бейнесі таспаға түспеді деуге сенгің келмейді. Бұл ретте архивтерді ақтарып, ағаның асыл бейнесін алашқа қауыштыруға асық азаматтар жоқ емес. Тек құнды құжаттар сақталған ескі қоймаларға өнерпаз тұлғаның мұрасын көзінің қарашығындай сақтап жүрген Дәуренбек Әркендей бір әншіні алып кірсек жетіп жатыр. Құндылықты жоғары бағалайтын жоғары жақтағы ағаларға бұл іс қатты қиын шаруа да емес.
Манарбектің мұрасын зерттеу – қазақтың қазынасын түгендеу деп ұққаны дұрыс.
«Бастаушы компартияң» деп басталатын «Паровозды» бар қазаққа насихаттауды бас партиямыз Nur Otan қолына алса да қомсынбас едік. Ағаларға аманат осы болар.
* * *
Манарбек қалдырған мұраны мандытып зерттеп жатқан зерек жандар көп емес. Оның өнерін сөзіміздің басында сегіз қырлы деп қалсақ, бірегей тұлғаның бір қыры күйшілік дарыны болса керек. Ержановтың еңбектерін елеп-екшеп жүретін еңбекқорлардың біреуі әлбетте Жүзбай қарттың Жанғалиы. Дара дәулескердің айтуынша Манарбек Ержановтың артында қалған күй біршама. Оның алты-жеті күйі бүгінде «Qazaq» радиосының алтын қорында қаттаулы тұр. Манекеңнің күйшілік өнері сонау Арқадағы шертпе күй өнерінің ұлы перзенттері Тәттімбеттен бері қарай жалғасады. Манарбектің күйшілігін академик Әлкей Марғұлан да растапты. Ғалымның дерегінше, Мұхтар Әуезов қасына сал-серіден жігіт алады екен. Сол жігіттердің арасында әншіден Әміре, күйшіден Манарбек болатын көрінеді.
Тәттекеңнің «Былқылдағынан» бастап, Сармантайдың Ахметжаны қалдырған «58-ші статья» күйіне дейін Манарбек репертуарынан орын алып отырған. Отыз жетінің ойраны ылаң салып тұрған аумалы-төкпелі заманның өзінде осы күйлерді Арқа жұрты тығылып тыңдап келген. Басын бәйгеге тіге жүріп бұқара тілегін бұлай орындау Манарбек Ержановтың ерен ерлігі дер едік.
* * *
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне таңдап апарған сайдың қызыл тасындай үш жүз өнерпаздың ішінен Мәскеуді есінен тандырған үшеудің бірі – осы Манарбек аға Ержанов болыпты. Оны белгілі өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай қызық қылып айтады.
Кузьмич деген дирижердің таяқшасы жоғары көтеріліп қолы талғанша ұзақ тұрыпты. Манарбек Шегенің ариясын бастағанда көтерілген таяқша ғой. Дауыс көтеріліп алысқа самғап кеткен. Жұрттың ішке тартқан демі түгел таусылған. Манарбек әрі қарай шырқай түскен. Шарықтап барып: «Тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған, Ару Жібек ар ма екен!..» деп әрі қарай жөнепті.
Орыстың Астафьев деген өнер зерттеушісі орнынан атып тұрып: «Қазақтың мына жігіті қазақтың сахарасын Мәскеудің сахнасына сыйдырып жіберді-ау!» деп қол соғыпты. Бірақ сондай кең диапазон, мол тыныс кейін демікпе дертіне шалдығады деп кім ойлаған...
Манағаңның Күләш Байсейітоваға арнаған «Сайра, бұлбұл» әнінде өзі айтқандай «Бұлбұлдың өзіне ән мен жыр үйреткен» асқақ өнерпаз құбылысын құндылықтарымыздың ең асылы деп бағалай білгеніміз абзал.
Сондай-ақ Ержановқа еңселі ескерткіш керек-ақ... Қарағандының кең көшелерінің бірі осынау биік тұлғаға берілген. Сол көшеге сан қырлы талантты саф алтыннан демей-ақ қояйық, қоладан құйып тұғырға шығарса елдігіміздің мәртебесі тіпті асқақтар еді.
Манарбек Ержанов 1936-1953 жылдары Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында көптеген рөлді сомдаған. Сол жауһар туындылардағы кейіпкерлерді кейіптей жүріп қазақ өнерінің қара шаңырағын тіктескен талантқа бір ескерткіш әбден лайық.
Асыл тастың мың қыры болады.
Асыл тұлға да бойына бірнеше өнерді сол асыл тас сияқты қатар қондырады.
Манарбек мың қырлы талант дейтініміз де сол.