Пікір • 03 Маусым, 2020

Білім мен денсаулық – мемлекеттің тірегі

703 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент үнемі ашықтық қағидатын ұстанып келеді. Қазіргі оқшаулану жағдайында қоғамның өзекті мәселелерін шешуге тағы да баса мән берді. Ұлттық кеңестің кезекті отырысы адам капиталын дамытуға, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау мәселелеріне арналды. Бұл тегін емес. Өйткені аталған екі саланы мемлекеттің тірегі десек те, жүрегі десек те болады.

Білім мен денсаулық – мемлекеттің тірегі

Кез келген мемлекеттің негізгі капиталы – адам. Адам мен қоғам – бір бесікте тербеледі. Мемлекет адам­дар­дың кәсіби біліктілігі мен адами құнды­лықтарына арқа сүйейді.

Білім мен денсаулық – ең үлкен байлық. Ұлттың негізгі құндылық­тарының арасында бұл екі ұғымның мәні де, мағынасы да ерекше. Пандемия жағдайында адамға не керек екені белгілі боп қалды.

Барша адамзат баласы білімге ұмты­лады. Кез келген елдің білім беру деңгейі – экономикалық және ғылыми-тех­никалық прогрестің ең негізгі көрсет­кіші. Бұл мемлекет пен қоғамның қарыш­ты дамуының негізгі кепілі саналады. Білім беруде олқылық кетсе, салдары өте ауыр болады. Қисық ағашты ке­суге, түзетуге болар. Надандықты қай­тіп түзейміз? Бұл – созылмалы ауру се­кілді. Ал оның зардабын бүкіл ұлт тартады.

Білімі нашар ұлт ұзаққа бара алмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жөнінде өте жақсы айтты. Осы саладағы кез келген олқылық мемле­кеттің бәсекелестік қабілеті мен ұлттың болашағына салқынын тигізеді. Сондықтан білім беруді дамыту және жетілдіру – қазақ үшін ұлттық мәні мен маңызы бар міндет.

Қазақстанның стратегиялық не­гізгі міндеті – елімізді мейлінше бәсекелестікке бейім 30 елдің қатарына қосу. Бәсекелестікке қабілетті 30 елдің қатарына енуді жаһандық бәсекелестікке бейімділік индексінің негізінде бүкіл экономикалық форумның (ИТК) рей­тингі бойынша анықтайды екен. Индек­стің 10 көрсеткішінің екі көрсеткіші елдегі білім берудің дамуы мен сапасына қатысты.

TIMSS және PISA халықаралық зерт­теулердің көшбасшы мемле­кет­терінде – Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония және Сингапурда – мұғалімнің беделі өте жоғары. Ең алды­мен, бұл жоғары еңбекақыдан байқалады. Мәселен, фин мұғалімдері білім беру саласындағы қазақстандық қызметкерлерден 9-14 есе артық еңбек­ақы алады. Президент үз­дік ұстаз­дар еңбегін бағалау мен құр­мет­теудің бірқатар шараларын атап көр­сетті.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Рауан Кен­же­ханұлы Қазақстан мектептерін бір ауысымда оқу режіміне көшіруді ұсынды. «Қазақстанда білім беру сапасын арттыруға басты кедергі – мектеп жағдайы. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанға мектеп жетіспейді. Қазіргі таңда еліміздегі 7400 мектепте жалпы саны 3,5 миллионнан аса бала бар. Оның 70 пайызы – екі ауысымда, ал 200 мың бала үш ауысымда оқиды. Біздің есебімізше, орта білім беру жүйесін толықтай бір ауысымға өткізу үшін Қазақстанға шамамен 3 мыңдай жаңа мектеп қажет. Әрине мұндай аса ауқымды мәселені мемлекет тек өз күшімен тез арада шеше алмайды. Біздің ұсынысымыз – мектеп салуға жеке қорларды кеңінен тарту», – деді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы сәтті өтті. Мемлекет басшысының аталған Кеңестің екінші отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру бо­йынша іс-шаралар жоспарының 11 ба­ғыты толықтай орындалған еді. Кеңес жұмысын қорытындылаған Мемлекет басшысы бұл жолы да бірқатар нақты ұсыныстар жасап, тиісті тапсырма берді. Алдағы уақытта бұл бағыттар бойынша да оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Парламент Сенатының депутаты