Осыдан бес жыл бұрын құрбыларымен бірге демалуға шыққан кезде Айғаным тағдыр тәлкегіне түсемін деп еш ойламап еді. Аяқ астынан орын алған жол апатынан құрбысы көз жұмып, өзі мүгедек болып қалды. Бір жарым жыл төсек тартып жатып, өзінің күш-жігерінің арқасында қол арбаға отырды. Кейін қарап отырмай, кәсіп ашуды жоспарлайды.
– 2017 жылы қыркүйек айында инстаграм арқылы басталды. Қазіргі таңда мен 3 дүкен ұстаймын. Үйдің қасында және «Береке» сауда үйінің ішінде корей косметикасы және текстиль. Бүкіл бизнес телефонмен істеледі, инстаграм арқылы, - дейді жас кәсіпкер Айғаным Сұлтанова.
Айғаным тауарларын Алматы, Түркіменстан, Қытайдан тапсырыспен қабылдайды. Бүгінде өзінің тұрақты клиенттері бар. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, үлкен сауда нүктесін ашуды армандайды. Мақсатына қол жеткізетініне сенімді. Оның бастамаларын ата-анасы, жақындары қолдайды.
Айғаным бірнеше жыл қатарынан Нұр-Сұлтан қаласында оңалту орталығына ақылы ем алуға барып жүрген. Енді қажет құралдарын қолдан жасап, үйінде жаттығу жасайды. Басында тірек аппаратының көмегімен аяғын 2 минут ұстай алмайтын жігерлі бойжеткен қазір 20 минуттан астам уақыт тік тұра алады. Қайратты қыз қадам басып кетер күнінің алыс еместігіне сенімді.
Көкшетау қаласы