Балалар ауылында қазір 53 бала тұрады. Оның ішінде төртеуі биыл мектеп бітіреді. Университет ректоры мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, алдағы бірыңғай ұлттық тестілеуден сүрінбей өтулеріне тілектестігін білдірді. Түлектерді Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-де білім алуға шақырып, өздері таңдаған мамандық бойынша 4 жыл тегін оқу сертификаттарын табыстады.
- Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 38 жас білім алуда. Олар мемлекеттік, облыс әкімі гранттары мен университеттің, көптеген компаниялардың қолдауы негізінде тегін білім алып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Биыл да «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының мектеп бітіретін түлектерін қамқорлыққа алатынымызды жеткізгім келеді, – деді ректор.
Сонымен қатар, балалар ауылындағы «Ақжайық» үйінің 6 тәрбиеленушісіне Nur Otan партиясы «Тұран» филиалы мүшелерінің атынан Абайдың 175 жылдығына орай тарихи-танымдық кітаптар тарту етті. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ұжымы жыл сайын «Атамекен» балалар ауылына келіп, балалармен түрлі мерекелерді бірге өткізіп келеді.