«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын Парламент депутаттары әзірледі. Бұл заң жобасын Мәжіліс депутаты Берік Оспанов таныстырды.
– Қазіргі уақытта қорықтар, табиғи резерваттар, ұлттық парктер, ботаникалық бақтар, өңірлік парктер, табиғат ескерткіштері, қаумалдар мен қорық аймақтары жататын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы алаңы 26,2 млн гектарды немесе ел аумағының 9,6 пайызын құрайды. Біздің ортақ – міндетіміз оларды сақтап қалу және көбейту. Қаралып отырған заң жобасы дәл осыған бағытталған. Оның негізгі идеясы – туризм объектілерін және ерекше стратегиялық маңызы бар құрылыстарды салу, олардың жұмыс істеуі үшін бұрын шығарылған, мақсатты пайдаланылмайтын жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына қайтару. Іс жүзінде мұндай жағдайлар бар. Мәселен, бұл – Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Іле-Алатау мемлекеттік-ұлттық табиғи паркінің жерлері. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына кірмегендіктен бұл жерлер тиісті түрде қорғалмайды. Осы аймақтарда мекендейтін жануарлар мен өсетін өсімдіктерге залал келтірілуі мүмкін, – деді Берік Оспанов.
Бұдан басқа депутаттар экологиялық туризмді дамыту аясында табиғат қорғау мекемелерінің көрсететін қызметінің тізбесін кеңейтуді ұсынды.