Қазақстан • 03 Маусым, 2020

Президент: Байқоңыр – бүкіл адамзаттың игілігі

346 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында осындай пікір білдірді.

Президент: Байқоңыр – бүкіл адамзаттың игілігі

«Ғарыш саласындағы бірлескен өзара іс-қимылдар мен Байқоңыр қаласын бірлесіп дамыту ісі – Қазақстан мен Ресейдің көпжақты ынтымақтастығының айқын көрінісі. Ғарыш айлағының тіршілігі мен оның тиімді даму мәселелерін Үкіметаралық комиссия қарастырады. Әсіресе, байланыс, телевизия және ғылыми зерттеулер саласында қолданылатын азаматтық ғарыш аппараттарын құру мәселесіне басымдық беріледі. «Гагарин старты» жобасы бойынша бірлескен жұмыстар атқарылуда», - деді Қ. Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру туралы Қазақстанның бастамасын ерекше атап өтті.

«Ғарышқа жол ашқан осы тарихи алаңды жаңғыртуға Қазақстан, Ресей және БАӘ инвесторлары қаражат салуға ниетті. «Бәйтерек» бірлескен жобасының мақсаты – улы отынмен ұшырылатын «Протон» зымыранының орнына экологиялық қауіпсіз тасымалдаушы аппарат ұшыруға арналған зымыран-ғарыштық кешенін құру. Екі ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қоса алатын «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру туралы Қазақстанның бастамасын ерекше атап өткім келеді. Биыл қазан айында ғарыш айлағының салынғанына 65 жыл толады. Біздің елдеріміз бұл атаулы датаны лайықты дәрежеде атап өтуі керек деп санаймын. Өйткені Байқоңыр – бүкіл адамзаттың игілігі. Оның әлемдік космонавтикадағы тарихи рөлі зор», - деді Президент.