Аймақтар • 03 Маусым, 2020

Қызылордада 1881 түлек мектеп бітірді

426 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев   «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерін және барша түлектерді «ZOOM» бағдарламасы арқылы онлайн құттықтады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылордада 1881 түлек мектеп бітірді

Түлектеріміздің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуінде уақытпен санаспай қызмет жасаған мектеп басшылары мен ұстаздарымыздың еңбегі айрықша. Ұстаздарымыз осы жолда қаншама тер төкті. Сондықтан, мен осы кездесуді пайдалана отырып барша ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін. Біздің және ұстаздар мен ата-аналардың арманы – ұл-қыздарымыздың азамат атанып, тәуелсіз Қазақстанға абыройлы еңбек еткенін көру. Ал, жас түлектердің арманы – қалаған жоғары оқу орындарына түсіп, мектептен алған білімдерін жалғастыру. Сіздердің армандарыңыздың орындалуы үшін бірінші кезекте білім жолында тынымсыз талпыныс, үздіксіз ізденіс қажет деп есептеймін. Бұл – біздің бүгінгідей жаңалығы желмен жарысқан заманның басты талабы. Осыны естен шығармағайсыздар. Қолдарыңызға тиген аттестаттарыңыз құтты болсын. Алдағы сынақта жақсы нәтижеге қол жеткізіңіздер – деді шаһар басшысы.  

Онлайн кездесуде №3 мектеп-гимназиясының «Алтын белгі» иегері Анель Мұханбет қала басшысына алғыс айтып, қатарластарына тілегін жеткізді.

Бүгін қала бойынша жалпы білім беретін 50 мектептің 11 сыныбын  1881 оқушы бітіріп отыр. Олардың 1716-сы Ұлттық Бірыңғай тестілеуге қатысады.