07 Сәуір, 2010

СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР БИІКТЕРГЕ БАСТАЙДЫ

600 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Асқар Нұрғалиевпен әңгіме – Құрметті Асқар Қайыр­тай­ұлы, сіз бен біздің бүгінгі әңгіме­міз­дің аты айтып тұрғандай, алғашқы сөзді еліміздің, жеріміздің еңсесін көтере түсуге бағытталып, дүние­жү­зілік дағдарыс кезінің өзінде ой­дағыдай жүзеге асудағы облыс кө­леміндегі серпінді жобалардан бастаған жөн болар. – Әлемдік экономиканың қар­жы дағдарысынан тұралап тұрған кезінде біздегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. 270 млрд. теңгені құ­рап, өңір экономикасына 293 млрд. теңге тікелей инвестиция тар­тылуына қол жеткізу  үлкен жетістік деп айтуға болады. Бұл күндері Елбасы назарын­да­ғы “Жер-Теңіз-Аспан” ұзақ мер­зімді ықпалдастырылған инвести­ция­лық мегажоба, “Ақтау теңіз порты” арнайы экономикалық ай­мағындағы 4 жоба іске асырылуда. Каспийдің қазақстандық бөлігін игеруге игі ықпал ететін мем­ле­кет­тік бағдарламаға орай, Құрық теңіз портымен жұмысшы кенті да­муы­ның бас жоспарын жүзеге асыру жалғасып, сондағы Ерсай верфінің құрылысы аяқталды. Жалпы, облыс көлемінде индустриялық-ин­новациялық даму стратегиясы­ның аясында жалпы құны 1,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын 12 жоба орындалу үстінде. Тағы да 10 инвестициялық жоба сарапта­ма­дан өтіп, жүзеге асырылуға қа­былданды. Атап айтар болсақ, “Ақтау сити” қала құрылысының жобасы, “Каспий энергетикалық хабы” жобасы, “Кендірлі” дем­алыс аймағының құрылысы, Маң­ғыстауды бұрынғыдай түбек емес, тоқсан жолдың торабына айнал­дырғалы тұрған көптеген темір және автомобиль жолдары құры­лысының жобасы бар. – Аталған серпінді жобалардың арасында елді елеңдетіп жүрген төрт-бес жобаға тереңірек тоқта­лып өткен жөн сияқты. Олай бол­са, алғашқы әңгіме “Ақтау сити” қала құрылысы жобасы жайлы болсын. – Келістік. “Ақтау сити” қа­ла­сының жобасы – үлкен де ау­қым­ды, күрделі жоба. Оны нақты іске асыруға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы нау­рыз айындағы Біріккен Араб Әмір­ліктеріне (БАӘ)  ресми сапа­ры кезінде қол жетті. Қазір Ел­ба­сы тапсырмасы бойынша Қазақ­стан жағынан жобаны игеруге “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры атсалысуда. Соған орай, бұл күндері жоба жүзеге асы­рылып жа­тыр. Мем­лекет басшы­сы­ның тапсырмасымен қалалық мәні бар ны­сандар мен көп қабат­ты тұрғын үйлер құры­лысына 43,26 га жер телімі бөлінді. Ақтау қаласының 33-шағын ауданы құрылысын, яғни “Ақтау сити” жо­ба­сындағы 1-шағын ауданды салу тұжы­рым­дамасы бекітілді. Ол жерде тұрғын үй­­лер­мен қатар, сауда, бизнес орталықтары, жайлы қонақ үйлер, денсаулық сақтау, білім ошақтары бой көтереді. Екі шағын ауданнан соң, ірі-ірі мұнай-газ өндіру компанияларының кең­се­лері салына бастайды. Бұл істі жеделдету жөнінде облыс әкімдігі мен “Самұрық-Қазына” жылжы­май­тын мүлік қоры” АҚ арасында 1-шағын ауданды бастауда өзара ынтымақтастық жөніндегі мемо­ран­думға қол қойылды. Бәрі де ойдағыдай болса, осы жазда құры­лысты бастау көзделіп отыр. – Өңірімізде қолға алынып отыр­ған тағы бір ірі жобалардың қа­тарында “Каспий энергетикалық ха­бының” аты аталады. Енді осы жо­баның мән-маңызы және оның жүзеге асырылу барысы жөнінде не айтасыз? – Иә, “Каспий энергетикалық хабы” жобасы да  Елбасының тіке­лей қолдауымен өмірге келгелі тұрған келешегі мол, тек еліміз үшін ғана емес, халықаралық ма­ңызға ие болатын жоба. Олай дей­тініміз, бұл іске БАӘ, Голландия компаниялары да атсалысқалы отыр. Ақтауда салынатын бұл жоба бой­ынша энергетикалық секторды дамыту мен мұнай-газ және сер­вистік компаниялар үшін жоғары технологиялы өндірістер құры­ла­ды. Онда мамандандырылған зерт­ханалар, геофизикалық деректер мен экономикалық жағдайларды бақылайтын, басқара­тын орталық­тар бол­мақ­шы. Бір сөзбен айт­қан­да, “Кас­пий энер­гетикалық хабы” – Каспий те­ңі­зінің ай­мағында мұ­най­-газ өнеркәсібін қажетті техникалық, кадрлық және коммер­циялық ресурстармен қамта­ма­сыз етіп, мұнай-газ секторын осы заманға сай да­мыта түсуге мүмкіндік жасайды. Дамуымыздың 2030 жылға дейінгі стра­те­гиясы ауқы­мын­дағы сервистік-техно­ло­гия­лық орталық ретінде “Каспий энерге­ти­ка­лық хабының” сыртқы ин­фра­­құ­ры­лымы құрылы­сының тех­ни­ка­лық-экономикалық негізде­ме­сі жа­сақталды. Жақында ғана облыс әкімі Қырымбек Кө­шербаев жоба құрылтайшы­лары­ның өкіл­де­рі Fіrst Energy Bank басқар­ма­сы­ның төрағасы Б.Заноян мен Каспий даму орталығының бас ди­рек­торы Е.Әлімовпен кездесіп, біраз ма­ңызды мәселелер оң шешімін тап­ты. Мұндағы алғашқы нысан құрылысы да жақын күндерде қолға алынады. – Маңғыстаудың мұнай мен газ өндірушілер өлкесі ғана емес екені белгілі. Мәселен, өңір ірі кө­ліктік әлеуетке ие болумен қатар, туризмді дамытуды да іргелі істерді қолға ала бастады. Бұл ретте “Кен­дірлі” демалыс аймағы ойға ора­лады. Ол жайлы не айтуға болады? – Бұл бір ен даладағы ерекше құрылыс болмақ. Өткен жылы облыс әкімдігі мен инвесторлар арасындағы бірлескен іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды. Курортты аймақтың құрылысын салудың бас жоспары аяқталу үс­тін­де. Ондағы бес жұлдызды 4 қо­нақ үйді неміс, араб ком­па­нияларымен бірлесе салуға келісім бар. Ал, халықаралық әуежайдың құрылысын концессиялық негізде іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл күндері курорт аймағының ішкі инженерлік және көліктік инфрақұрылымының құрылысы бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер әзір­ленді. Ол жерде болашақта жұмыс істейтін кадрларды өзімізден дай­ындау ниетімен Маңғыстау туризм колледжі ашылып, алғашқы оқушылар білім алуда. – Серпінді жобалардың ішінде Маң­ғыстауды тоқсан жолдың тора­бы­на айналдырғалы отырған көлік жол­дары жайлы айтарыңыз бар болар... – Әлбетте. Шындығында да біздің облыс – “Солтүстік-Оң­түстік” және “ТРАСЕКА” сияқты екі халықаралық көлік дәлізі өтіп, көлік жолдарының барлық түрлері тоғысатын өңір. Соған бай­ла­ныс­ты ірі-ірі жобалар қолға алынды. Ақтау халықаралық әуежайының жолау­шы­лар терминалы пайда­ла­ну­ға берілді және де ол рес­пуб­ликамызда бірінші рет концес­сиялық негізде салынды. “Өзен-Түркіменстан шекарасы” темір жо­лының құры­лысы басталды. “Жетібай-Түркі­менстан” авто­мо­биль жолын қайта құрылымдау мә­селесі шешімін тапты. Тұрғын­дар­ды толғандырып жүрген үлкен шаруа – “Атырау-Ақтау” автомо­биль жолының “Бейнеу-Ақтау” бөлігін қайта құрылымдау мәселесі оң шешіліп отыр. 2010 жылға ар­налған республикалық бюджетте қа­зірдің өзінде ондағы жұмыс­тар­ды бастауға 500 млн. теңге бөлін­бек. Жалпы, қажетті 74 млрд. теңге Үкіметтің қолдауымен биыл Азия Даму банкінен несие түрінде беріледі. Ақтау халықаралық теңіз-сауда портын кеңейту жүріп жа­тыр. Теңіз және мұнай операция­ла­рын қолдау ретінде Баутино және Сарытас теңіз порттары да даму үстінде. Міне, өңірімізде осындай және басқа да серпінді жобалар жүзеге асырылып жатса, бұл үдерістер халқымыздың ерік-жігері мен ел еңсесін көтере түсіп, биіктерге бастайды деп ойлаймын. – Әңгімеңізге көп рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын. Әңгімелескен Жоламан БОШАЛАҚ.