Жалпы отырыстың күн тәртібінде алдымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Парламент депутаттары әзірлеген бұл құжатты алқалы топтың назарына Мәжіліс депутаты Берік Оспанов ұсынды.
– Қазіргі уақытта қорықтар, табиғи резерваттар, ұлттық парктер, ботаникалық бақтар, өңірлік парктер, табиғат ескерткіштері, қаумалдар мен қорық аймақтары жататын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы алаңы 26,2 млн га немесе ел аумағының 9,6 пайызын құрайды. Біздің ортақ міндетіміз – оларды сақтап қалу және көбейту. Қаралып отырған заң жобасы дәл осыған бағытталған. Оның негізгі идеясы – туризм объектілерін және ерекше стратегиялық маңызы бар құрылыстарды салу, олардың жұмыс істеуі үшін бұрын шығарылған, мақсатты пайдаланылмайтын жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына қайтару. Іс жүзінде мұндай жағдайлар бар. Мәселен, бұл – Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жерлері. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына кірмегендіктен бұл жерлер тиісті түрде қорғалмайды. Осы аймақтарда мекендейтін жануарлар мен өсетін өсімдіктерге залал келтірілуі мүмкін, – деді Берік Оспанов.
Бұған қоса депутаттар экологиялық туризмды дамыту аясында табиғат қорғау мекемелерінің көрсететін қызметінің тізбесін кеңейтуді ұсынды.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына қайтарылатын жерлер туралы мәселе қозғады. Бұл ретте Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінен Көкжайлау бойынша тау-шаңғылы курортын салу үшін бөлінген жердің жайы да сөз болды.
Жиынға қатысқан Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев қандай жерлердің ерекше қорғалатын аумаққа қайтарылатынын айтып берді.
– Щуче-Бурабай курорттық аумағын дамыту үшін 370 га аумақты бөлдік. Бүгінгі таңда оның 260 га бөлігі игерілді. Ендігі 110 га бөлігін қазір ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрамына қайтаруды көздеп отырмыз. Көкжайлау бойынша тау-шаңғылы кешенді салуға жер бөлгенбіз. Алайда бұл жобадан қазір бас тарту туралы шешім қабылданды. Сол себепті қала әкімдігі бұл жер аумақтарын да қайтаруға келісіп отыр. Осыған орай заң арқылы жеңілдетілген тәртіппен ешқандай шығынсыз оны қайтаруды көздейміз. Парктердің аумағына ешқандай өзгерістер енгізілмейді, – деді министрлік өкілі.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған заңның қабылдануы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тұтастығын сақтауға және экологиялық, ғылыми, мәдени тұрғыда ерекше маңызы бар табиғи кешендер мен объектілерді сақтауға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Бұдан кейін ауыл-аймақтарда интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдау тапты. Бұл заң жобасына да депутаттар бастамашылық жасады. Құжаттың жай-жапсарымен Мәжіліс депутаты Майра Айсина таныстырды.
– Бүгінгі таңда кең жолақты интернет желісімен 117 қала, халқының саны 250 адам және одан асатын 3324 ауыл қамтылған. Өкінішке қарай,
2 мыңдай ауылда мұндай мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты Мәжіліс пен Сенат депутаттары ұсынылып отырған заң жобасына бастамашылық жасады. Біріншіден, заң жобасында мобильді байланыс желілеріне арналған антенналық құрылысжайлар салуға жер учаскелерін алу рәсімін оңайлату көзделеді. Қазіргі уақытта операторлар базалық ұялы байланыс стансаларын салу үшін жалға алынған жер учаскесін міндетті түрде нысаналы мақсатынан өзгерту қажет. Соның нәтижесінде іс жүзінде телекоммуникация жабдығын салу
1,5-2 жылға дейін созылып кетеді, – деді депутат.
Жалпы заң жобасы байланыс объектілерін салу кезінде жер учаскелерін ресімдеу бойынша рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуға және байланыс операторларының барлығына телекоммуникациялық инфрақұрылымға тең қол жеткізу мүмкіндігін беруге бағытталған.
Заң жобасын талқылау барысында Нұрлан Нығматулин интернеті жоқ елді мекендердің тұрғындары бұл игілікке қашан қол жеткізетінін біліп отыруы керек екенін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтың қаперіне салды.
– Еліміздің цифрлық даму жолында интернет мәселесінің басты назарда екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Әсіресе ауылды жерлерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талабы. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында білім және денсаулық салаларын заманға сай реформалау туралы айтқан болатын. Осы жолда, әрине, цифрлы және электронды қызметтердің қажеттілігі өте маңызды. Заң жобасы ауыл тұрғындарын сапалы және қолжетімді интернетпен қамтамасыз етуге жаңа серпін беретіні сөзсіз, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Сонымен қатар отырыста шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Парламент депутаттары әзірлеген заң жобасы халықтың валюталық ипотекалық қарызы, сондай-ақ төлем қызметтері нарығындағы субъектілердің реттелуін жетілдіру мәселелерін қамтиды. Тұңғыш Президент 2018 жылдың 10 қаңтарындағы Жолдауында халықтың валюталық ипотекалық қарызы бойынша нақты шешім қабылдауды тапсырған еді. 2018 жылдың 27 наурызында ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы басталды. Ол 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін 2015 жылдың 18 тамызындағы теңге бағамы бойынша (1 доллар – 188,35 теңге) жеке тұлғаларға берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруды қарастырды, – деді депутат Сергей Симонов.
Валюталық ипотекалық қарыз алушыларды бағдарламамен толыққанды қамтамасыз етіп, келешекте валюта бойынша қауіптерді сейілту үшін заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізу көзделген. Ол бойынша банктерге қарыз алушының өтінішінсіз 2015 жылдың 18 тамызындағы бағам бойынша жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарының конвертациясын жүргізу құқығы берілмек.
Депутаттар қолдаған заң жобаларының бірі аудиторлық қызмет мәселелеріне арналды. Бұл заң жобасына да Парламенттің қос палатасы бастамашы болды. Мұны Мәжіліс мінберінде депутат Омархан Өксікбаев кеңінен айтып берді.
Оның айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – нарықтық экономикадағы аудит қызметіне мемлекеттік саясатты сақтайтын корпоративтік басқару тәсілдерін жетілдіре отырып енгізу, аудит мамандарының сапасын арттырып, олардың кәсіби деңгейін көтеру, аудиторлық қызметтер сапасын арттыру, отандық аудит қызметінің бәсекелестігін дамыту, аудиторлық қызмет саласына қатысушылардың фунцияларын айқындау және олардың өзара іс-қимыл қағидаттарын белгілеу. Құжатта енгізіп отырған жаңалықтардың бірі – коммерциялық емес жаңа ұйым – аудиторлық кеңес жөніндегі кәсіби кеңес құру. Мұндай ұйымды құру халықаралық практикаға сәйкес келеді. Өйткені ол аудиторлық қызметке тәуелсіз қадағалау құрылымын құру арқылы мемлекеттік экономикалық саясатты күшейтуге ықпал етеді. Бұл қадағалаудың басты міндеті – мемлекеттік және жария мүдделерді іске асыру, сондай-ақ инвесторлардың мүддесін қорғауды күшейту.
Бұған қоса заң жобасында құқық қорғау тобының сұрауы бойынша мемлекеттік аудиторлардың орнына жеке аудиторларды тарту көзделіп жатыр.
Сонымен қатар жалпы отырыста бизнес-ахуалды жақсарту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды.
Жиын соңына қарай әдеттегідей бірқатар мәжілісмен құзырлы органдарға депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, депутат Берік Дүйсенбинов Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа қарата айтқан сауалында жақында жарияланған Президенттің «Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы комиссия құру» жөніндегі тапсырмасына қолдау білдіріп, бұл жұмысқа «Ақ жол» партиясы өз өкілдерін жіберуге дайын екенін жеткізді. Бұл ретте депутат ашаршылық нәубетін «геноцид» деп мойындау мәселесін алға тартты.