Ақтауда 68 жастағы науқасқа Маңғыстау облыстық ауруханасының ангиографиялық зертханасында «CRT-D» имплантациясы бойынша ота жасалды. Операцияны Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген «Қазақ аритмологтер қоғамы» РҚБ президенті, медицина ғылымдарының докторы, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ аритмологиялық интервенциялық бөлімшесінің меңгерушісі Аян Әбдірахманов жасады.
Ақтау қаласының 68 жастағы зейнеткер тұрғыны кенеттен өзін жайсыз сезініп, облыстық ауруханаға түседі. Науқастың қан тамырын тексеріп, барлық тиісті сынамалары алынған соң мән-жайды ұғынған жергілікті дәрігерлер Нұр-Сұлтан шаһарындағы Ұлттық ғылыми кардиология орталығының мамандарымен байланысқа шығып, шұғыл түрде ота жасау қажет деген шешімге келеді. Бұған дейін де бірнеше рет цифрлы үш камералы CRT-D кардиовертер-дефибриллятор бойынша жүрек терапиясына байланысты күрделі оталар жасаған білікті маман Аян Сүлейменұлы өтінішті жерде қалдырмай, Ақтауға келуге бірден келісім береді.
– Науқастың жүрегінің айдау күші өте төменгі деңгейге түсіп кеткен, нақты айтқанда 31 пайызға дейін төмендеген, ал ол кем дегенде 60 пайызға дейін болуы керек, қарап отырсақ екі есеге түсіп кеткенін байқап отырмыз, яғни бұл ретте отасыз болмады, – дейді А.Әбдірахманов.
Бүгінде жүрек ауруына шалдыққан науқастар оңтайлы дәрілік терапияға қарағанда өлім-жітімді әлдеқайда төмендететін және жүректің кенеттен тоқтауының алдын алудың бірден-бір тиімді әдісіне жүгінеді. Ол үшін қаржысын аямай шетел асып жүргендері де аз емес.
Маңғыстау облыстық ауруханасының ангиографиялық зертханасының бөлім меңгерушісі Қайрат Төлептің айтуынша, соңғы 10-12 жылда жүрекке ота жасау кезінде түрлі әдісті қолдану бойынша еліміз алдыңғы лекте, яғни дәрігерлер ашық жүрекке, тамырға, құлақшаға және өзге де күрделі оталарды жасауда. Яғни науқастарға бұрынғыдай шетелге барудың қажеттігі жоқ, барлық күрделі ота елімізде жасалады. Мысалы, өткен жылы Маңғыстау облыстық ауруханасының кар-диохирургия орталығында 1500-ден астам науқасқа ота жасалған.
– Адам ұйықтап жатып көзін ашпай өліп кетуі мүмкін, мұның себебі жүректің дұрыс соқпауынан немесе тоқтап қалуынан болып жатады. Бұл ретте жүректің электр ширатқышындағы дефибриллятор автоматты түрде қосылып, әлсіз жүректі қайта іске қосады. Яғни, жүректің дұрыс жұмыс істеуін қадағалайды. Биылдың өзінде Маңғыстау өңірінде 20 адам осындай жолды таңдап, «CRT-D» имплантациясы бойынша ота жасатуға келісім берді, – дейді Қайрат Төлеп.
Қазір жүрек соғысы қалыпты емес науқастар көп, олардың жүрек аритмиясы қалыпты жұмыс істемесе, жүректің кенеттен тоқтауына әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті осындай заманауи электронды құрылғыны қондыруға келісім беретіндер көбейген, яғни жүрек қағысын бақылап отыруға арналған күрделі компьютер іспеттес қондырғыға сұраныс артқан.
Бұл құрылғы өз жұмысын бір сәтке тоқтатпай, жүрек қызметін қадағалап отырады. Дәрігерлердің айтуынша, дефибриллятор бар болса, уайымдауға негіз жоқ, құрылғы жүрек қағысының бұзылуын анықтап, қажет кезде электрразряд арқылы қалыпты жағдайға түсіреді екен.
Отаның оңайы жоқ, әйтсе де бұл отаны жүрекке жасалатын оталардың ең қиын түрі деуге болады. Себебі бұл электронды құрылғыны қондырудың арнайы бағдарламасы бар. Ал оны енгізу үшін үлкен тәжірибе керек. Қондырғы жүрегі ауыратын науқастарға ауадай қажет, жүрек соғысы бұзылса, медициналық көрсеткіштерден соң оны қондырып, адамның өмірін аман алып қалуға болады. Негізінен, бұл құрылғыны қондыра алатын білікті дәрігерлер әзірге Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ғана бар. Маңғыстау өңірінде өздігінен жүрекке қондырғыны қоятын дәрігер жоқ, бірақ осындай білікті мамандарды шақыртып, олардан тәлім алу арқылы үйренуге мүмкіндік беріліп отыр.
Ота сәтті аяқталып, өмірі қайта жалғанған науқас та, білікті маманнан тәжірибе мен тағылым алған және науқасқа өмір сыйлауға себепші болған дәрігерлер де мәз.
Маңғыстау облысы