Сұхбат • 04 Маусым, 2020

Жандарбек Мәлібеков: «Күн таңбалы Ұлы дала еліміз»

1229 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бір сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді» деген еді. Тәуба, сан алуан іс-шараның салтанатты ашылуында Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалып жатады. Егемендіктің бір нышаны – Елтаңбаның мәні мен мақсаты, тәлімі мен тағылымы туралы айтпағанда, стандарты жаңа заманға сай жүйеленіп, түрлі өзгеріс енгізіліп отырады. Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековпен арнайы сыр тарқатып әңгімелесудің сәті түсті.

Жандарбек Мәлібеков: «Күн таңбалы Ұлы дала еліміз»

– Жандарбек Мәлібекұлы, Елтаңбаның жаңа стандартын қолға алуға не түрткі болды?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолданыстағы кириллица әліпбиін латын графикасына ауыстыру туралы бастама көтергенін жақсы білесіздер.
2019 жылы жаңа стандартты жасауға Елтаңбадағы кириллица әліпбиімен бедерленген «ҚАЗАҚСТАН» жазуын латын графикасында «QAZAQSTAN» деп жазу мәселесіне қатысты болды. Сондықтан бұл мәселеге де жіті үңілуге тура келді. Себебі рәмізге пайдалануға келетін қаріптің стандарты болмай шықты. Кейін министрлікте осы мәселе қозғалып, маған «қаріпті қайдан алдыңыз?» деген сауал жолданды. Өздері де іздеп таба алмаған ғой. Мен мұндай қаріптің дайын үлгісі жоқ екенін жеткіздім.

Бұл қаріптің геральдика, көркемдік, қазақы нұсқа заңдылықтары бойынша рәміздің ажырамас бір бөлігіне айналғанын, рәміздегі өзге элементтер қалай ойластырылса, бұл қаріп түрі де солай әзірленгенін айттым. Жаңа стандартты Мемлекеттік хатшы қарап, Елбасы 2019 жылдың қаңтарында мақұлдаған соң «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына өзгертулер енгізілді. Елтаңба стандарты өзгертілген соң, Тудың жобасымен көк түсті матаға Елтаңба тігілетін Қазақстан Президенті штандартының стандартын да қайта әзірлеп шықтық. Мемлекет басшысының қызмет орнына ілінетін, түрлі салтанатты шарада әдіптелетін жаңа штандарт биылдан бастап қолданысқа енгізілді. Оның стандарты бұған дейін болмағанын да атап өту қажет. Алайда мәні мен маңызы Елтаңбадан ешқандай кем емес. Кейін осынау тарихи рәміздің стандарттық үлгісінің жасалу негіздерін, жүйесін баяндайтын «Қазақстан Елтаңбасы» кітабын жарыққа шығардым. Бұл деректі кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне жазылған. Бірден айта кетейін, Елтаңбаның жаңа стандарты шықты екен деп бұған дейін ілулі тұрған рәмізді бірден алып тастау ешкімге міндеттелмейді. Бұл туралы арнайы заң бар. Соған сәйкес Елтаңбаны ауыстыруға үш жыл мерзім қарастырылған.

– Елтаңбаны дайындау, қолдану ісіне қа­тыс­ты қойылатын талаптар елімізде қанша­лық­ты деңгейде елеп-ескеріледі?

– Рәміздерді әзірлеумен айналысатын лицензиясы бар кәсіпкерлер бүгінде Елтаңбаның тек кейінгі нұсқасын шығаруға құқылы. Бұған дейінгі нұсқаларды өндіре алмайды. Сонымен қатар мұндай кәсіпкерлер рәмізбен бірге Елтаңба туралы арнайы әзірленген әдістемелік құралды қоса шығарып, сатуға тиіс еді. Оны Техникалық реттеу және метрология комитеті бекіткен. Аталған әдістемелік құралда өзгерген элементтер, оларға берілген атаулар және тағы басқа пайдалы мәліметтер топтастырылған. Алайда рәмізді шығаруын шығарып, осы әдістемелік құралға келгенде кертартпалық танытады. Оның ішінде не бар екенін де білмейді. Тіпті Елтаңбаны логотип деңгейінде қарастыратындар да бар. Мені қынжылтатын да – осы! Егемен ел болғанымызбен, Елтаңбаның қадір-қасиетіне жетіп болған жоқпыз. Рәміздің элементтері атауына ғана көз жүгірткен адам оның қаншалықты құнды екенін аңғарып, тарихын біліп шығады. Сондықтан ұлттық рәмізге атүсті қарауға болмайды. Онымен санасу қажет. Ақиқатына келсек, рәмізде мемлекет атауы латын қар­пінде жазылған соң, қолданыстағы жазуымыз да осы графикада болуы керек.

– Рәміз ел аумағынан тыс жерлерде әзірлене ме?

– Рәміз шығаруға құқық беретін лицензиясы бар кәсіп­керлердің барлығы бірдей адалдық танытады деп айта алмаймын. Бұрындары мұндай кәсіпкерлердің саны алпыстан асып жығылатын. Қазір жиырманың ары жақ, бері жағында. Олардың саны неге азайды? Себебі көпшілігінің әзірлеген рәміздерінің сапасы сын көтермейтін еді. Бекітілген стандартты, өлшемдерді сақтамаған, бояуы қанықпаған рәміздер шығарыла бастады. Олар мемлекеттің абыройы, болмысы мен тарихы бедерленген ұлттық нышан емес, базарда сатылатын қандай да бір бұйым секілді көрінеді. Осындай олқылықтарға көз жұма қарайтын кәсіпкерсымақтардың ойлайтыны ақша ғана. Тіпті өзің сұрап отырғандай, рәміздеріміз Қазақстан былай тұрсын, көрші Қытайда шығарыла бас­та­ды ғой. Мәселе, кімнің әзірлегенінде емес, қалай әзірленгенінде. Өлшем мен стандартты сақтамайтын кәсіпкерлердің лицензиясын қайтарып алу қажет. Мен бұл мәселені бұған дейін де көтерген болатынмын. Әлі де көтеріп келемін. Нәтижесіз емес. Рәміз шығаруға берілген көптеген рұқсат өз күшін жойды. Сонымен қатар биылдан бастап рәміздерді Қытайдан жеткізу тоқтатылды.

– Мемлекеттік нышанның насихатталу ісіне де көңіліңіз толмайтын сыңайлы?

– Әнұран, көк байрақ пен Елтаңба. Елдігімізді айқындап тұрған осы үш нышанымыз бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігіміздің мазмұнын аша түсетін белгілер. Ендеше, осынау құндылығымызды қадірлеу, насихаттау ісіне келгенде неге шабандық танытамыз?..

Құдайға шүкір, түрлі іс-шарада Әнұранымыз шырқалып, жалауымыз желбіреп жатады. Оған мен де бір кісідей қуанамын. Алайда Елтаңба барын естен шығарып аламыз. Ондағы элементтер атауы мен оның тарихына, символикалық мәніне бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Көп жерде таңба термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан деп жаңсақ жазылады. Ол дұрыс емес. Оған дейін де біздің таңбалар таста жазылған. Бұл таңбалар қазақтың әрбір ру-тайпалық құрылымының тегін танытады емес пе? «Тайға таңба басқандай» деп мақалдауымыз бекер емес...

Жапондықтар Күншығыс елі болса, біз күн таңбалы Ұлы дала еліміз. Осыны қаламгер, марқұм Ақселеу Сейдімбек те жиі айтатын. Сондықтан Елтаңбаны насихаттау мәселесін мықтап қолға алуымыз қажет. Ұсынысым да бар. Жоғарыда айтқанымдай, Елтаңба әзірлейтін кәсіпкерлер ол туралы әдістемелік құралды қоса шығарғандары дұрыс болар еді. Оны балабақша, мектеп, жоғары оқу орын шәкірттеріне, жалпы ересек азаматтарға, келімді-кетімді туристерге ұсына отырып, ұлттық нышанымыздың таным аясын кеңейте аламыз. Сондай-ақ шетелдегі қандастарымызды да ұмытуға болмайды. Олар дүниенің қай бұрышында жүрсе де атажұрты Қазақстан болып қала береді. Сондай қандастарымыз кейде менің ұялы телефоныма хабарласып, рәміздің шет мемлекеттерде насихатталуы мәселесін көтеріп жатады. Бұдан елді сағынып, аңсағандары байқалады. Ал біз мемлекеттік нышандарымызды насихаттап, шетелге шығарудың орнына Қытайда жасалған Елтаңбаны Қазақстанға тасып жүрміз. Бұл – өте ұят жағдай!

– Ендеше, Елтаңбаның ұлтты ұйыстыру қасиетіне де ие болғаны ғой...

– Өзгесі өзге, қазақты жаугершілік замандардан бері сақтап келе жатқан киіз үй болатын. Соның ішінде барлық сыйластық қалыптасты. Адами асыл қасиеттерге негізделген іс-әрекеттерімізді әдет-ғұрпымызға айналдырдық. Отбасы – шағын мемлекет дейтініміз содан. Отан, отау иесі ұғымдары халқымызға өте етене...

Елтаңбаның халықты біріктіруші қуаты сөзсіз бар. Оның қақ ортасында шаңырақ, одан тараған уықтар тегіннен-тегін бейнеленбеген: мемлекет қалыптастырушы ұлт пен қазақ топырағын мекен еткен барлық этностардың Отаны – Қазақстан. Кейінгі кезде қоғамымызда түрлі келеңсіз оқиғалар тіркеліп жатыр. Осының барлығы қазіргі ел жастарының Елтаңба сырына үңіліп, оның жасалу тарихына, элементтердің символикалық мәніне зер салмауынан шығып отыр.

– Өз ісіңіздің шебері болған соң қарап отыр­ма­ған шығарсыз. Қазір немен шұғылданып жүрсіз?

– Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Oitek» қазақтың ұлттық текті архитектурасын ғылыми деңгейде зерттеп жүрмін. Ол – қазақтың «ой» және «тек» деген қос ұғымын білдіреді. Ой ұлттық «менді» айғақтап, қазақша ойлау дегенді нұсқайды. Тек болса халқымыздың тек-тамыры, ұлттық болмыс-бітімі. Дәстүрлі архитектура мектебін қалыптастырсақ дейміз. Себебі дамыған мемлекеттің экономикалық өсу барометрі архитектурада көрініс табады ғой. Сондықтан ұлттық архитектура мәселесін ұмытуға болмайды деп санаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Рауан ҚАБИДОЛДА,

«Egemen Qazaqstan»