Жаңа туристік маусымға әзірлік аясында өңірлік туризм басқармасы жетекшілері Зеренді мен Бурабай өңірлерінің туристік нысан иелерімен кездесті. Басқарманың жаңа тағайындалған жетекшісі Уәлихан Ғабдуллин өңірдегі демалыс нысандары жазғы маусымға 100% дайын деп отыр. Басқарма мамандары биылғы туристер ағымы өткен жылдан кем болмайды деген сенімде. 2019 жылы бұл көрсеткіш миллион үш жүз мыңнан асқан болатын.
– Барлық нысандардың әзірлігі бағаланып, тиісті актілер толтырылады. Ол құжатта дамалыс орындарының санитарлық талаптарға сай болуы тіркеледі. Біз ішкі туризмге үміт артып отырмыз,–дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Уәлихан Ғабдуллин.
Бизнес өкілдері өткен екі айдағы шығын көлемін есептеп, өтеу жолдарын іздестіруде. Ал, туристер ғаламтор желісінде тиімді шарттар мен демалу мүмкіндігін белсенді іздестіруде. Облыстық демалыс және туризм индустриясы қауымдастығының төрағасы қазақстандықтар мұндай ақпараттық сайттарды кеңінен қолданып отырғанын айтады. Демек, отандық демалыс орындарын ішкі туристік ағыммен толтыруға мүмкіндік мол.
– Турбизнес сандық маркетингтің мүмкіндігін жаңаша бағалай бастады. Екі ай бойы біз өз мүмкіндіктеріміз бен ұсынылған демалыс орындарының артықшылығын барынша жарнамалай білдік. Мұның нәтижесі алдағы уақытта көрініс береді. 1 маусымнан бастап, адамдар екі ай бойы интернеттен көрген, жоспарлаған демалыс нысандарына келе бастайды,– дейді облыстық демалыс және туризм индустриясы қауымдастығының төрағасы Шынарбек Батырханов.
Жаңа маусым басталғанға дейін-ақ, қазақстандықтар демалыс орындарына алдын-ала тапсырыс берген. Демек, жаңа маусымнан үміт зор. Бағасына келсек, сарапшылар бизнес-құрылымдардың шығындары мен нарықтағы өзгерістерді ескеріп, 15 процентке дейін қымбаттатуы мүмкін деген болжам айтып отыр.