Осы және басқа да жағымды жаңалықтарға жергілікті БАҚ өкілдері арнайы ұйымдастырылған пресс-тур барысында көз жеткізді.
Журналистер арнайы сапар кезінде қала аумағындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша абаттандырылып жатқан аулалардың жағдайымен танысты. Нысандардың жұмысына жауапты тұлғалардың айтуынша, бір ауланы сапалы абаттандыру үшін шамамен 3 млн теңге қаржы қажет екен. Мұндағы жұмыстарға негізінен отандық өнімдер пайдаланылып жатыр. Жамбыл көшесіндегі бірқатар үйлердің ауласы жолдарының жиектастары жаңартылып, асфальт төселіп, жарық та тартылуда. Бұл жұмыстармен айналысып жатқан «Құрылыс орталығы» ЖШС өкілдері тұрғын үйлердің аулаларына қоса, сыртқы аумағының да жөнделетінін айтады.
Жаңғырту жұмыстары барысында қаланың тарихи келбеті міндетті түрде сақталуы тиіс. Талап сондай. Қарағанды қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы Дәулет Маханов қаладағы 212 көпқабатты үй жөндеуден өткізіліп, бірыңғай тарихи архитектуралық келбеті сақтала отырып жаңғыртылатынын атап өтті.
– Бәрін де тұрғындармен ақылдаса отырып жасаймыз. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы негізгі қаржыландыру көзі болып отыр. Мұнда да 1300-ден аса жұмыс орны құрылып, жұмысшылар қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылады, – деді ол.
Ермеков көшесіндегі №№ 2, 4 үйлердің ауласы да бағдарламаға енген. Мұндағы жұмыстар аяқталуға жақын. Майқұдықтағы 11«А» шағын ауданындағы №№7, 11, 19, 22, 23 үйлердің ауласындағы жұмыстар да қызу жүргізіліп жатыр. Мұндағы футбол алаңдарына жасанды көгал төселіп, спорттық құрал-жабдықтар орнатылып жатыр. Ойын алаңына Қарағандыда жасалған спорттық жабдықтар пайдаланылуда. Бұл іске жауапты «ККК ЛТД» фирмасы биыл 142 ойын алаңын орнатамыз дегенді айтады. Мұндай игі істер Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптау елді мекендеріндегі үйлердің аулаларын да қамтитын болады.
– Біз қарағандылық «Карат» ЖШС өндірушісімен жұмыс істейміз. Олардың тренажерлары мен ойын кешендері мықты және олардың бағасы біз үшін өте тиімді. Біз өз алаңдарымызға жыл жыл кепілдік береміз. Егер осы уақыт ішінде бір нәрсе сынса, барлығын өз есебімізден қалпына келтіруге міндеттіміз. Сондықтан, біз сенімді, тексерілген өндірушілермен жұмыс істегенді қалаймыз, олардың өнімдерінің сапасына сенімді болуысыз керек, – дейді мердігер компанияның өкілі Сымбат Тоғай.
Ал «ЛидерСтройГруп» компаниясының өкілі Тимур Мыңбаев «ЖЖК» бағдарламасы аясында 12 аулаға балалар мен спорт кешендерін орнатуға конкурсты жеңіп алғандарына қуанышты екендігін жасырмады.
– Бұл біздің компания үшін үлкен көмек. Карантин кезінде тоқтап қалған едік, жұмыс көлемі болған жоқ. Қазір біз үйреншікті ырғаққа ораламыз. Біздің компанияда жұмыс істейтін 20 адам бар, олардың бір бөлігін біз жұмыспен қамту орталығы арқылы тауып алдық. Олардың барлығы қазір жұмысқа жұмылдырылып, жалақы алады, – дейді ол.
Сондай-ақ, пресс-тур барысында журналистер «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС-іне қарасты зауытта болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Негізі 1973 жылы қаланған зауытта көшелерді жарықтандыруға арналған ұзындығы 20, 30, 40 метр болатын бағандар мен түрлі шамдар шығарылады. Қарағандының көшелері мен аулаларына осы кәсіпорынның өнімдері орнатылуда. Зауыт басшылығының айтуынша, кәсіпорын шығаратын сапалы өнімге деген сұраныс жоғары екен. Тіпті, еліміздің басқа аймақтарына да, мысалы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты көрші елдерге де өнімдері жеткізілетін көрінеді.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша Қарағанды қаласын жарықтандыруға 1500 баған жеткізіп бермекшіміз. Карантин кезінде 40 адамды ақысыз еңбек демалысына жіберген едік. Бағдарлама арқылы соларды қайта шақырдық. Енді, өнімді тұрақты өндіруге күш саламыз, – дейді зауыттың бас директоры Талғат Байғабылов.
Алдағы уақытта Қарағанды қаласының жұмыспен қамту орталығында әлі де бірқатар бос жұмыс орындары ашылады. Яғни, еңбек етіп, нанымды адал тапсам деген ағайынға, түрлі жұмыс істейтіндерге, шатыр жабушыларға, жиек және кесек тас төсеуші мамандарға деген сұраныс өте жоғары болмақ.
Қарағанды облысы