Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы төтенше жағдай кезінде бизнеске қолдау көрсету мақсатында қабылданған Үкімет қаулыларын негізге алына отырып, облыс көлемінде салықтар мен төлемдер бойынша бизнес-субъектілеріне 6,5 млрд теңге шамасына жеңілдік берілгендігін жеткізді.
Ғалымжан Орыновтың айтуынша, осы жылдың 20 наурызынан бастап 31 желтоқсанға дейін өңірде алаңы 2000 шаршы метрден кем емес 29 ірі сауда нысаны, 3 ойын-сауық орталығы, 2 театр, 2 көрме залы, 8 спорт құрылыс жайы мүлікке салынатын салықтан босатылған. Осы уақыт аралығында ауылшаруашылық өнімін өндіруші 37 компания жер салығынан босатылып отыр.
Жеңілдіктер талабына сәйкес осы жылдың 1 сәуірінен 1 қазанға дейін аймақтағы әуежай терминалы, жеке практикамен айналысатын 20 адам, қоғамдық тамақтандырумен айналысатын 201, қонақ үй қызметі саласындағы 43 кәсіпкер мүлік салығын төлемейді.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы мұнымен қоса, 8427 шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан, әлеуметтік төлемдерге қатысты жеңілдіктер қолдану арқылы босатылғандығын жеткізді. Нәтижесінде жоғарыда аталған шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан 1 млрд 79 млн теңге, әлеуметтік төлемдерден 1 млрд 853 млн теңге, 7 ірі кәсіпкерлік субъектісі еңбекақыдан ұсталатын салықтан 8,1 млн, әлеуметтік төлемдерден 103,3 млн теңге қаржысын үнемдеп отыр екен.