Ағаш егу, өсіру, суару көп қаражатты қажет етпейді, тек ниет, еңбек, табиғатқа деген жанашырлық қажет. Орманда біз секілді өмір сүргіңіз келсе, бұл сіздің де қолыңыздан келеді. Жоба аясында өз қолымызбен өсірген жас талдарды экологиялық бағыттағы түрлі жобаларға тегін үлестіреміз. Өйткені коммерциялық табыс табуды ойламаймыз. Тек қоршаған орта тазарып, жасыл желекке жанашырлық жасайтын адамдар қатары көбейсе дейміз. Көшеттерді де тегін беруге дайынбыз, бірақ бір шартымыз бар – ағаштардың суарылуы қамтамасыз етілуі тиіс. Бақ өсірудегі мақсат – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жасылдандырумен айналысып жүргенде адамдардың экологиялық мәдениеті жеткіліксіз екенін көрдік. Адам қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау керек. Экологиялық мәдениетсіз жалаң әдістерді қолдану тиімсіз. Біз ағаш отырғызу барысында мектептерде «Жердің болашағы сенің қолыңда» атауымен эко-сабақтар өткіземіз. Осы арқылы балалар болашақ үшін алаңдап, жерді қастерлеуді, көгалдандыруды үйренеді.
Волонтерлерге жұмыс жеткілікті. Мен жерге бақ сыйлау жұмысын өз еркіммен бастадым. Осы жұмысқа табиғат жанашыры, көшбасшы эко-амбассадор ретінде өңірден арнайы тағайындалғандықтан, экология департаментінің барлық іс-шараларына қатысып жүрмін. Карантин кезінде де қашықтан оқыту жобасы арқылы эко-сабақтарды интернетпен жібердік. Жеңіс мерекесінде «Туған Жер – Родная Земля» жобасы аясында облыс орталығындағы Жеңіс саябағына ағаш отырғызылды.
Қазір адамдар өзінің қандай ауыр экологиялық ортада тұрып жатқанын түсіне бермейді. Әр адам – жердің тұтынушысы. Тұтыншуы ретінде өз үлесін қосып, жердің, ауаның тазаруына пайдасын тигізу қажет. Біздің басты проблема – экологиялық мәдениеттің төмендігінде. Жасылданған аймақтар аз. Оның қатарын көбейтіп, Жер-Анаға жақсылығын қайтаруымыз керек. Инфрақұрылым мен индустрияның әсері, жол салу үшін оның айналасындағы көшеттерді кессек, жауап ретінде басқа жерден ағаш егуіміз қажет.
Кім табиғатты сүйеді, келіңіздер, жұмыс қолы бізге қажет. Бәріміз қоршаған ортаны қорғауға үлес қосайық!
Юрий ГАШЕК,
«Жерге бақ сыйла» қоғамдық қорының төрағасы
Павлодар облысы