Экология • 05 Маусым, 2020

Әр адам – жердің тұтынушысы

389 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жерге бақ сыйла» қоғам­дық тәлімбақ жобасы жұмысын бастағалы 15 жыл болды. Эко-қонысымыз облыс орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан. 2004 жылдан бері Павлодар ауданы аумағындағы жерлерді игердік. Яғни «Туған жер» эколо­гиялық ауылының тұрғы­ны­мын. Қазір біздің саялы бақта 2,7 мыңға жуық ағаш өсіп келеді. Былтыр 150-ге жуық ағаш көшетін отырғыздық. Бұл – болашақтың жасыл орманы мен таза ауасы. Кейінгі ұрпақ бұл жобамызды жалғастырады деп ойлаймын.

Әр адам – жердің тұтынушысы

Ағаш егу, өсіру, суару көп қара­жатты қажет етпейді, тек ниет, еңбек, табиғатқа деген жа­нашырлық қажет. Орманда біз секілді өмір сүргіңіз келсе, бұл сіздің де қолыңыздан келеді. Жоба ая­сында өз қолымызбен өсірген жас талдарды экологиялық бағыт­тағы түрлі жобаларға тегін үлестіреміз. Өйт­кені коммер­циялық табыс табу­ды ойламаймыз. Тек қор­ша­ған орта тазарып, жасыл желекке жанашырлық жасайтын адамдар қатары көбейсе дейміз. Көшеттерді де тегін беруге дайынбыз, бірақ бір шартымыз бар – ағаштардың суарылуы қамтамасыз етілуі тиіс. Бақ өсірудегі мақсат – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мә­дениетті қалыптастыру. Жа­сыл­­дандырумен айналы­сып жүр­генде адамдардың экология­лық­ мәдениеті жеткіліксіз екенін көр­дік. Адам қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау керек. Эко­ло­гиялық мәдениетсіз жалаң әдістерді қол­дану тиімсіз. Біз ағаш отырғызу бары­сында мектептерде «Жердің бола­­шағы сенің қолыңда» атауымен эко-сабақтар өткіземіз. Осы арқылы бала­­лар болашақ үшін алаңдап, жер­ді қас­терлеуді, көгалдандыруды үй­ре­неді.

Волонтерлерге жұмыс жеткі­лікті. Мен жерге бақ сыйлау жұ­мы­сын өз еркіммен баста­дым. Осы жұмысқа табиғат жана­шы­­ры, көшбасшы эко-амбассадор ре­тін­­де өңірден арнайы тағайын­дал­ғандықтан, экология депар­та­мен­тінің барлық іс-шараларына қатысып жүрмін. Карантин кезінде де қашықтан оқыту жобасы арқылы эко-сабақтарды интернетпен жібердік. Жеңіс мерекесінде  «Туған Жер – Родная Земля» жобасы аясында облыс орталығындағы Жеңіс саябағына ағаш отырғызылды.

Қазір адамдар өзінің қандай ауыр экологиялық ортада тұрып жатқанын түсіне бермейді. Әр адам – жердің тұтынушысы. Тұтыншуы ретінде өз үлесін қосып, жердің, ауаның тазаруына пайдасын тигі­зу қажет. Біздің басты проблема – эко­логиялық мәдениеттің төмен­дігінде. Жасыл­данған аймақ­тар аз. Оның қатарын көбей­тіп, Жер-Ана­ға жақсы­лығын қайтаруымыз керек. Ин­фрақұрылым мен индустрия­ның әсері, жол салу үшін оның айна­ласын­дағы көшеттерді кессек, жауап ретінде басқа жерден ағаш егуіміз қажет.

Кім табиғатты сүйеді, келіңіз­дер, жұмыс қолы бізге қажет. Бәріміз  қор­ша­ған ортаны қорғауға үлес қосайық!

 

Юрий ГАШЕК,

«Жерге бақ сыйла» қоғамдық қорының төрағасы

 

Павлодар облысы