Аймақтар • 05 Маусым, 2020

Алматыдағы ең жасыл желекті аудан – Медеу ауданы

421 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Алматыда 265 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл бастамада қаланың облыспен шектесетін Наурызбай және Алатау аудандарына бірінші кезекте ерекше назар аударылып отыр.

Алматыдағы ең жасыл желекті аудан – Медеу ауданы

Қаланың Жасыл экономика басқармасының мәліметі бойынша 2019 жылы #JasylAlmaty акциясы аясында 135 мың жасыл желек отырғызылған. Көшеттер көпшілік жиналатын аумақтарға, оның ішінде мектептердің, ауруханалардың айналасына, Болай тауы (Мохнатка), Көктөбенің бөктерлеріне, Атакенттің, Атлеттер ауылы мен «Алатау» театрының алаңдарына егілді.

Салыстырмалы тұрғыдан қарасақ, мегаполистегі ең жасыл елді мекен Медеу ауданында 472 мыңнан астам ағаш бар екен. Ал, Наурызбай және Алатау аудандарында шамамен 202 мың және 179 мың ағаш өсіп тұр. Жасылдандыру бойынша екінші орынды Түрксіб ауданы иеленген, мұнда ағаш саны 431,5 мың түп. Үздік үштіктің ішіне Бостандық ауданы да кіреді. Мамандар мұндағы 380 мың түп ағашты санап шықты. Әуезов ауданындағы ағаштар саны 100 мыңға кем, яғни 255 мыңға жуық. Жетісу ауданында 220 мыңнан астам, ал Алмалы ауданында 213 мың ағаш бар.

Осы арада ағаштар отырғызылу көрсеткішіне көпшілік орындар ғана ілігіп отырғанын айта кетелік. Бұл құрамға жеке аумақтардағы, зираттардағы, республикалық маңызы бар жерлердегі жасыл желек қосылмаған.

1

Қалада барлығы 2 000 352 ағаш бар. Олардың ішінде сауығып, жапырақтарын кеңге жайғандары 1,8 млн немесе 76,5 пайыз. Сондықтан ағаштарды зиянкестерден қорғау және сауықтыру үшін өңдеу жұмыстары жүруде. Препараттар ағаш жапырақтарын кеміретін және сорып тастайтын зиянкес құрттардан қорғауда. Бұл өңдегіш заттар – ұзақ мерзімді әрі қоршаған ортаға қауіпсіз.

«Жасыл желекті өңдеу жұмыстары қорғаудың биологиялық, қажет болған жағдайда химиялық әдіспен іске асуда. Өңдеу жүргізер алдында 5-7 күн ішінде зиянкестердің даму фенологиясына, түрлі зиянкестерден таралуына мониторинг жүргізіледі», - дейді қаланың Жасыл экономика басқармасының өкілдері.

Жасыл желекті өңдеу жұмыстары 23.00-ден 5.30-ға дейін жүргізіледі. Бүгін Алматының жасыл қорын өңдеудің ІІ кезеңі басталады.

 

АЛМАТЫ