04 Қазан, 2013

Тәжіктердің Рахмоннан басқа таңдауы жоқ

283 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгін Тәжікстанда биліктегі Халықтық-демократиялық партияның съезінде ресми түрде ел президенті Эмомали Рахмонның кандидатурасы президенттікке кандидат болып ұсынылады. Сондай шешім қабылданатынына ешкімнің де, тіпті оның қарсыластарының да күмәні жоқ.

Президенттік сайлау алдағы қараша айында өтеді. Неге Рахмон сайлау науқанына мұнша аз уақыт қалдырды дейтіндер де бар. Бірақ жұрт оған сол сайлау науқаны кезіндегі үгіт-насихат бойынша емес, бүгінге дейінгі қызметіне қа­рай дауыс береді. Ал оның оппо­нент­­терінде мұндай мүмкіндік жоқ.

Бүгін Тәжікстанда биліктегі Халықтық-демократиялық партияның съезінде ресми түрде ел президенті Эмомали Рахмонның кандидатурасы президенттікке кандидат болып ұсынылады. Сондай шешім қабылданатынына ешкімнің де, тіпті оның қарсыластарының да күмәні жоқ.

Президенттік сайлау алдағы қараша айында өтеді. Неге Рахмон сайлау науқанына мұнша аз уақыт қалдырды дейтіндер де бар. Бірақ жұрт оған сол сайлау науқаны кезіндегі үгіт-насихат бойынша емес, бүгінге дейінгі қызметіне қа­рай дауыс береді. Ал оның оппо­нент­­терінде мұндай мүмкіндік жоқ.

Біраз жұрт бұл елдегі жағдайды жағымсыз тұрғыда сипаттайды. Демократия жоқ, авторитарлық жүйе қалыптасқан дейді. Сайлауда халықтың өз ойын білдіруге мүм­кін­дігі шектеулі, әкімшіліктің ықпа­лы басым дейді. Мұны көбіне оппо­зиция өкілдері, алдымен олар­дың басшылары айтады, сонымен өз жеңілістерін ақтағысы келеді. Ал оппозиция бұл елдің ішінде де бар, сыртында да бар. Халықты соңынан ерте алатыны шамалы.

Жақында Тәжікстанның ре­фор­маторлық күштері бірлестігі дей­тіннің атынан күреске қосылып отырған Ойнихол Бобоназарова қазіргі президентті кеңшар дирек­торлығынан президенттікке дейін көтерілді деп айыптап, өзінің білімі, өмірлік тәжірибесі барлығын алға тосады. Ал бұрынғы директор Эмомали Рахмонның, міне, 20 жылдай ел басқару тәжірибесі барлығын елегісі келмейді.

Осы 20 жылда бұл елдің басынан не өтпеді?! Сонау 90-жылдарда елде азамат соғысы да болды. Оппозициямен тіл табысып, қантөгісті тоқтатудың жолын Рахмон тапты. Билік сонда радикал исламистердің қолына көшкенде, не болар еді? Халық соларды қалайтын еді деп кім айтады? Тәжікстанның бүкіл әлемнің бас ауруына айналған Ауғанстанмен 1,5 мың шақырым шекарасы бар, одан күн сайын қауіп даусы естіліп жатады. Одан алыста жатқан елдердің өзі шошиды. Жақын туыс ел саналатын Өзбекстанның да бұл елге қақпа бекіткені қиындыққа қиындық қосты.

Сондай жағдайда ел басқару оңай ма? Ал Рахмон басқарып келеді. Өз халқымен тіл табысып отыр. Сыртпен ше? Өз елінің мүддесі тұрғысынан олармен де тіл табысып келеді. Ресеймен де. АҚШ-пен де. Сол ел мүддесі тұр­ғысынан біреулермен кетісуге бар. Алдымен өз еліне керектіні ойлайды. Рогун су қоймасы, онда жасалатын ГЭС елге керек. Сон­дықтан соны салу үшін күре­седі. Ресейдің 201-ші әскери базасы бұл елге керек пе? Бір жағы ел қауіп­сіздігі, қорғанысы үшін керек, екіншіден, біраз қаржы табу үшін керек. Сол үшін Мәскеумен сауда­ласады.

Біреулерге, әсіресе, Батыс­та­ғыларға Рахмонның Ресейге қа­тысты саясаты ұнамайды. Мәс­кеу­ден бас тарт дегенді айтады. Тәжікстанға тиімді нәрсенің бәрі­нен де ол бас тартпайды. Біреу­лерге ұнамайды екен деп Қы­тай­дан, Ираннан несие алудан да бас тартпайды. Ол өз халқы үшін керек. Сондай саясаты үшін Рахмонды тәжік халқы қолдайды.

Бұл елде оппозиция әлсіз. Ең алдымен халық тарапынан қолдау болмағандықтан. Билік оларды өз қатарына да тартты. Үйлесіп жұмыс істей алмады. Кейбіреулерінің жосықсыз әрекеттеріне биліктің көнбегені де шындық. Сонда олар өз әрекеттерін басқа елдерге барып жалғастырып жатыр. Ал ел ішіндегілерінің беделі төмен.

Күні бұрын жеңісті Эмомали Рахмонға ұстату артықтау көрінер. Бірақ шындықтан аттап та кете алмайсың.

Түркия: реформа өзгеріс әкеле ме?

Ел үкіметінің басшысы Режеп Тайып Ердоған елде үлкен саяси реформалар жасалатынын жариялады. Ол бойынша күрд халқының құқықтары кеңиді. Сондай-ақ, хиджаб киюге тыйым салу жойылады.

Бұл екі мәселе де түрік қоға­мында айтарлықтай қайшылық тудырып келе жатқаны белгілі. Елдің қазіргі үкіметі ғана емес, бұрынғы үкіметтері де, ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, ел халқының 20 пайыздайын құрайтын күрдтер мәселесін шеше алмай келген. Күрд қауымы өз құқықтарын шектемеуді талап етіп бас та көтеріп, оны билік сепаратизмге балап, оларға қарсы күш қолдану да орын алған. Күрдтер құқығын ұран еткен Күрдстан жұмысшы партиясының қызметіне тыйым салынып, оның көсемі Оджаланның қамаққа алынғанын да білеміз. Ал айтарлықтай мәні жоқтай көрінгенмен, әйел адамдардың хиджаб киюі (ислам­дық белгі ретінде) мәселесі елдің зайырлылығы және исламдық бағытын ұстанушылар арасында айтарлықтай жік те тудырған.

Жаңа реформа осы мәселелерді шешеді деу қиындау болып тұр. Бұл реформа бойынша күрдтердің құқығы біршама көтерілетіні анық. Атап айтқанда, олардың елді мекендеріне бұрынғы тарихи атаулары қайтарылмақ және күрд әліппесін пайдалануға тыйым салу жойылмақ. Жекеменшік мектептерде күрд тілінде, басқа да азшылық ұлт тілдерінде оқуға және сол тілдердің ерекшелігіне орай түрік әліппесінде жоқ әріптерді пайдалануына рұқсат етіледі. Осыған қарап-ақ бұған дейін бұл елде азшылық халықтың құқы айтарлықтай шектелгенін аңғарасың. Тіпті қызыл империя – КСРО-дағы халықтардың (біразының кириллица негізінде) өз әліппелері болды емес пе? Ал бүкіл түрік әлемі аға тұтқан түрік елінде туыстас халыққа мұншалықты шектеу жасалғаны түсініксіздеу көрінеді.

Ендігі бір үлкен жаңалық – сайлау барысында партиялардың парламентке өту деңгейі бұрын 10 пайыз болса, енді 5 пайызға төмен­детілген. Бұл азшылық ха­лық­тар мүддесін қорғайтын пар­тия­лардың парламентке өту мүм­кіндігін көтереді. Ал 3 пайыз дауыс алған партиялар үкімет тара­пынан қаржылық қолдауға ие болады. Бұл бұрын 7 пайыз бола­тын. Мұның бар­лығын саяси ре­фор­маның құп­тарлық тұстары десе ләзім.

Соған қарамай, күрдтер бұл реформалар пакетін азырқанып отыр. Диярбакыр қаласының көше­леріне ондаған мың күрд шы­ғып, қарсылықтарын білдірді. Қайыр қылсаң, сыпыра қыл дейтін шығар. Олар үкіметтен көптен бері автономия сұрап жүргені белгілі. Сірә, олар сол талаптарын алға тосар. Оны жөн, жөнсіз деу де қиын. Бұл – түрік елінің ішкі шаруа­сы. Әр халық, әр ұлт өз мүд­де­сін ай­тады. Түрік ағайындар туыс, қан­дас халыққа қамқор болып жат­са, ол жарасады да. Жұрт үл­кен халықтан сондай қамқорлық кү­теді.

Хиджабқа тыйымды алып тастап, премьер Ердоған өзінің исламистік бағытын тағы да айрық­ша атап көрсетті. Осы­нысымен ол өзінің қол­дау­шыла­рының көңілін тапқан шығар. Сонымен бірге, қарсыластарын да көбейткені анық. Онсыз да жұртшылық ара­сында оның әскерилерді, біршама қоғам қайраткерлерін, журна­листерді қудалауы, жеке адамның құқықтарын шектегендей шаралары айтарлықтай наразылық тудырған. Осылардың барлығы қосылып, елдегі жағдайдың тұрақтылығына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін.

Биліктегілер жаңа рефор­ма­лардың жариялануын тарихи маңызды қадам деп жарнамалап жатыр. Оның ел ішінде айтар­лықтай ауызға алынатыны да анық-ау. Сөйтсе де, оның қауым арасындағы ынтымаққа қызмет ететініне күмән де бар.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».