Аймақтар • 07 Маусым, 2020

Солтүстік Қазақстанда моланың қоршауын ұрлап жүргендер ұсталды

634 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ арасында «вандализм» деген тағылықтың қазақша атауы да жоқ, өйткені біздің халқымыз мұндай азғындықты бұрын білмеген. Бірақ осындай тағы қылмыс жасайтындардың әлі де арамызда жүргені өкінішті. Жуырда СҚО Аққайың ауданы орталығының бір тұрғыны полицияға шағым беріп, әкесінің басына қойылған темір шарбақты біреудің тас-талқан қылып бұзып әкеткенін айтады.

Солтүстік Қазақстанда моланың қоршауын ұрлап жүргендер ұсталды

Аудандық криминалдық полиция дереу темір жинайтындарды тексерсе шарбақтың темір шынжырлары сонда жатқан болып шығады. Мұны өткізген 1987 жылы туған, бұрын сотталған осы ауылдың тумасы екен. Адам деуге ауыз бармайтын азғын арақ табудың басқа жолын таппай, өлі аруақтарды мазалап, олардың басына қойылған белгілерді сындырып, темір жинаушыға өткізген екен. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесі жүріп жатыр.

Екінші азғындықты Петропавл қаласындағы Жұмысшы кентінің бұрын сотталған, 1962 жылы туған тұрғыны жасаған. Оны зират жақтан ауыр заттар көтеріп келе жатқанынан күдіктенген полиция капитаны Айдар Қуандықов тоқтатқан екен. Қолындағы сөмкесін тексере келгенде оның ішінен зират шарбағының темір бөліктері шыққан. Полицейлер қорымға барып, бұзылған кімнің зираты екенін де анықтаған. Қазір марқұмның туыстарының арызының негізінде азғынның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Бір кезде осындай тағылық көбейіп кеткен еді. Бірақ оларға қарсы жаза қолдану күшейтіліп, мұндай қылмыстар азайған. Енді сондайлар қайтадан бас көтере бастаған тәрізді. Бұл істе темір жинаушыларға да қатаң шара қолданылып, оларға осындай заттарды алмау қажеттігі заңды түрде ескертілгені жөн болар еді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы