Оның сол кезде запыранға толы зарлы кеудесінде алабұғадай аунап түскен замана сұрқы, келмеске кеткен кешегі мамыражай уақыт керуені қанды сазға айналып, шеменге оранған шерлі шежіре он саусақтан тоғыз пернеге күй болып төгілерін де ешкім аңдамады.
Арғы аталары мыңды айдаған Мүгүлсімнің ала қапты арқасына салуы шынымен көрген көзге оғаш, тіпті тұрпайы еді. Қолына тезек ұстамақ түгілі, саусағына қап іліп көрмеген қаракөк тұқымды бұл пұшайман күйге салған салқынды сезіп те отырсыз.
Анадай жерде биліктің жандайшап бір шабарманы тезек теруге шыққан Мүгүлсімді кекете келеке қылып тұр. «Кекірік атқан кешегі замандарың келмеске кетті! Тезек теріп, кедеймен тең болдыңдар!» деп қарқылдады Кеңес солдаты.
Мүгүлсім оның дарақы, топас, тоғышар күлкісін құлағына да ілмеді. Кеудесін кернеген жаңа сарын аласұртып барады. Анау қызыл шоқыны тезірек асып, қарасын тезірек батырғысы келіп асығады. Күй меңдеген қоңыраулы сарай қоңыр жазықты бетке алды. Жанын жарып шығар тылсым дыбысты ыңылдап аттайды. Қайткен күнде ырғағы мұңды, қағысы тағдырлы бұл әуен ішіне түсіп кетпеуі керек. Олай болған жағдайда өнер өз иесін өзі алып жығады.
* * *
Арқада шертпе күйдің шешені атанған Аққыз Ахметқызы деген өнерпазыңыз осы – Мүгүлсім. Иә, заманында келе-келе түйесі кең сахараға сыймаған, Арқаның қойны-қонышын үйір-үйір жылқысы жайлаған, отар-отар қойы ойдың-қырдың сәнін кіргізген атақты Ахмет болыстың кенже қызы Мүгүлсім! Ерекшелеп қойған есімін ел тік айтуға батпай, еркелетіп Аққыз атаған күйші Мүгүлсім, өнерпаз Мүгүлсім, бекзат Мүгүлсім!
Ахмет байыңыз болса, Ақселеу ағалар айтқандай әрі болыс, әрі бай, он мың ақ қой, он соқыр біткен ордалы кісі болыпты. Он мың ақ қой деп отырғаны – ол кезде қара қойды есепке алмай санайды екен. Осыншама дәулет, қисапсыз байлықтың иесі сол Ахметтің кенжекейі о заманда бұ заман Аққыз тезек теруге шығады деп кім ойлайды?
Қазақтың басына түскен ауыр нәубет, бай-шонжарларды қуғындаған кәмпеске Арқада ұзақ жалғасты. Сал-серілер жаппай атылып, асылып, қасіретті әндер мен тағдырлы күйлер «жазаға» тартылып жатты. Арқа даласында шертпе күйдің тұтас мектебі талқандалды. Темір жүйе Тәттімбет салған сара жолды тегіс жойды. Домбыралар отқа жағылып, дәулескер күйшілер оққа ілінді...
Аққыз күйшіні де осы шапқын қырына алды. Әкесі қамалып, қос ағасы қатар айдалып кеткен зарлы Аққызға сол кезеңде іштегі зарын қос ішекке ұзатудан басқа амал қалмаған еді. Оның өзін тығылып, жапан далада жалғыз тарқатса тарқатты, тарқатпаса бойын меңдеген қайғылы қағыс жанын жегідей жеп миында мәңгі ызыңдағаны ызыңдаған!..
Шері ішіне шиырланған Аққыз қолына ала қап алып аулаққа шығып бара жатқаны осы гәп.
Аққыздың ала қанары ішінде аунаған сондағы асыл мұраларының бірі — «Қайран елім» күйі екен. Күйіктен туған күйдің табиғаты аты айтып тұрғандай қаймыққан жұрттың қапыда кеткен есіл рухын баяндайды. Жарасын күймен емдеп, наласын салқар сахараға төккен Аққыз күйшінің артында оншақты күйі, төрт-бес әні ғана қалыпты. Табиғи дарын иесін тар бұғауда тұсауламаса небір ғажап шығармалар бүгіннен болашаққа аманатқа артығымен қалмас па еді!..
Жә, «орнында бар оңалар» деген тәубешіл халықпыз ғой. Қазақтың қарағайлы қара домбырасы аманда, оны төріне іліп, қос ішегіне қолын созар қазақ аманда Аққыз аманаты келмеске кетпес. Тек, осы Аққыздай аса дарын иелерін тудырған текті топырақ, Тоқырауындай тұнық судың қасиетін жас ұрпаққа дұрыс насихаттай білгеніміз дұрыс.
Насихат деген сол шығар, заманында осы сіз оқып отырған бас басылымның қара шаңырағына Аққыз апа көзі тірісінде кіріп шығыпты. Өзі қайдан келсін, оның өлмес өнерін жұртқа насихаттау үшін сол кездегі «Социалистік Қазақстанның» қызметкері Ақселеу Сейдімбек күйшіні Алматыға арнайы шақырып, газеттің ұйымдастыруымен, өнер адамдарының қатысуымен кездесу өткізіліпті. Аққыз апа жайлы алғашқы мақалалардың бірін қазақ өнерінің қызғыш құсындай болған Жарқын Шәкәрім жазса, кейіннен кешенді зерттеуді Жанғали Жүзбай бастаған жаңа буын жүргізіп келеді. Бұл игі іс әрі қарай да жалғасын таба бергені жөн. Аққыз Ахметқызының қолының табы қалған қоңыр домбыраның бүгінде халық қалаулысы Нұрлан Дулатбековтің қолында екенін де айта кетуімізге болады. Әшімтай, Манарбек, Аққыз, Мағауия сынды Тоқырауын мектебінің бірегей түлектерін ел көлемінде, оның ішінде Қарағандыдағы өнер сыныптарында кең насихаттағанымыз дұрыс. Көшелерге аяулы есімдерін беріп, болашақ жастардың бойындағы өнерге, ұлтқа деген махаббатын оятудың ол да бір оңтайлы жолы дер едік.
Ала қапта туған күйдің аты да «Қайран елім» деп қайырылыпты. Ендеше, сол Аққыздар аңсап кеткен азаттық, қайран ел деп кеткен қайраткер өнер иелерін лайықты тұғырларына қондыру біздің бүгінгі бұлжымас парызымыз болса керек.