Өнер • 08 Маусым, 2020

Құрманбектің күлкісі

620 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл ұғымның қазақ өнеріндегі феноменге айналғанына да ғасырға жуықтапты. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіндегі осы бір оқыс оқиға әлем назарын қазақтың қарапайым ұлына бұрғызған. «Қыз Жібек» операсындағы Бекежанның күлкісі содан бері ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып жетіп, сахнаны серік еткен күллі өнер адамына әлі күнге дейін бағдар болып келеді.

Құрманбектің күлкісі

Алғашқы қадам һәм дауыстан айырылу

Сонау 1918 жылдары қазақ, қырғыз, өзбек жастарына арнал­ған Ташкент педагогикалық училищесінде оқып жүрген ерек үнді жалынды жастың тас жарар таланты ә дегеннен-ақ көптің назарын өзіне аударған. Өрен өнерін тап басып таныған қоғам қайраткері, қазақтың біртуар ұлы Ғани Мұратбаев Құрманбекке қолдау білдіріп, ән әлемінен алшақтамауын аманат етеді. Аға ақылына құлақ асқан жас дарын сөйтіп өнер әлеміне түбегейлі ден қойып, оқу орнында оқи жүріп, жан-жаққа гастрольге шығып, ел арналап концерт бере бастайды. Сондай өнер сапарларының бірінде өзін өнерге баулыған қамқор ағасы Ғани Мұратбаевтың мезгілсіз дүниеден өткендігі турасында жеткен суық хабар жас өнерпаздың жан дүниесін алай-дүлей етті. Талай рет алдында «Сәулем-айды» әуелете шырқап, алғысына бөленіп жүрген рухани туысының бақилық болғанына қабырғасы қайысқан дарын қайраткер қазасына байланысты қаражат жинастыру шарасынан туындаған «Құрманбек 102 ән шырқайды» атты өміріне түбегейлі өзгеріс алып келген әйгілі концертін өткізеді. Жаз айларының аптапты күндерінің біріндегі сондай концерт үстінде бір өзі 70-тен астам әнді үзіліссіз шырқайды. Ыстықтан құрғап кеткен тамағын салқын сумен шаямын деп маңайын тамсант­қан тамаша даусын жоғалтуға мәжбүр болады. Осы оқиға әу бас­та актер болу ойында жоқ жас жігіттің әннен өзге бойындағы сан қырлы талантының ашылуы­на себеп болады. Сөйтіп, 1926 жылы Қызылордада ту көтерген қазақтың тұңғыш кәсіби театрын ашуға талаптанған бір топ талантты жастың қатарынан табылады.

 

Бекежанның жұлдызды сәті

Сан қырлы сырбаз талантты сахна жатырқамайды. Небір ойлы образдың бағын ашқан өнер­паз тағдырынан «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан бейнесінің алар орны үлкен. Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітовамен тандемде өнер көрсеткен шы­ғар­машылық одақ ұлттық опера­ның шын мәнінде жұлдызын жағады. Қойылым атағы әсіресе Мәскеу сапарынан кейін тіпті аспандайды. Сол сәтті әртістің жан досы әрі сахналық серіктесі Қана­бек Байсейітов естелігінде былай деп жазады: «Мәскеуде онкүндікте «Қыз Жібекті» қойып жатқанбыз. Астана жұртшылығы мен үкімет басшыларының алдында жүрексіну де жоқ емес. Мен – Төлеген, Құрманбек – Бекежан. Төлегенді өлтірген соң Бекежанның «Сармойын» әніне салып Қыз Жібекке айтатын ариясы бар. Соның жоғары көтеретін жеріне келгенде, Құрманбек тәуекелге салмай, табан астында қарқ-қарқ күліп тапқырлық жасады. Күлгенде де қалай болса солай күлкі емес, керемет музы­калық күлкі жасады, нотамен күл­ді. Бекежанның пышақ кессе қан шықпайтын қанішер бей­несін айқын­дай түсті. Жә, мұның бәрі қазіргі бе­ріп жүрген ба­ға­­мыз ғой.

Бұрынғы қо­йып жүрге­німізде, репе­ти­­циялар­да да Бе­ке­жанның өйтіп күл­мейтінін бәріміз жақсы білетінбіз. Құрекеңнің күлкісін естіп, шыны керек, шошып кеттік. Бүлдірді дедік. Сол кездегі Халық ағарту комиссары Темірбек Жүр­генов те қатты сасыпты. Зал­да отырған жерінен сахнаға жүгіріп келіп, Құрманбекке қатты ренжіді. «Ертең қайт Алматыға, таңертең келіп билетіңді ал!», деді. Құр­ман­бек сол күні  түнімен дөңбек­шіп ұйықтай алмапты. «Шыны­мен-ақ бүлдірдім бе?» деген ойдың ұшығына жете алмай қиналыпты.

Таңертеңгі тоғыз шамасында Жүргенов шақырыпты. «Би­летімді қолыма беретін шығар» деген оймен қынжыла-қынжыла келеді. Келсе, Жүргенов қарсы алдынан күліп шығады. «Кешір, бауырым!», деп құшақтайды. Сол арада Сахаров деген бухгал­терін шақырып алып, қолма-қол екі мың сом сыйлық жаздыртып береді.

– Бұл не үшін? – деп Құрманбек түсінбейді.

– Бұл сенің өнерің үшін. Бір жағы кеше боқтаған айыбым үшін. Үлкен ұрсады, кіші кешіреді. Бәріміздің күйіп жүргеніміз елдің, халықтың абыройы үшін. Сенің кешегі күлкің елдің әнін де басып кетіпті. Мінеки, оқы «Правданы» деп, – деп қолына газетті ұстатыпты.

Иә, «Правда» газеті Құрман­бек­тің Бекежанын жоғары бағалаған болатын. Оның актерлік тапқыр күлкісі мәскеуліктерді қатты риза еткен еді».

 

Құбылыс құпиясы

Құрманбек құбылысының құпиясы сол – сахнагер сегіз қырлы, бір сырлы нағыз жан-жақты, тапқыр актер болды. Қандай жағдай болмасын, қиыннан қиыстырып жол та­уып шығу  – әртіс өнерінің бас­ты басымдығы. Өйткені даусына зақым келтіре тұрып, «Қыз Жібектегі» – Бекежан, «Жал­быр­дағы» – Жалбыр, «Ер Тар­ғын­­дағы» – Тарғынның күрделі ария­ларын кемеліне келті­ре шыр­қап, көрерменіне тапқыр­лық пен шыңдалған шеберлік үлгі­сін паш еткен болатын. Сөзі­міз сүйекті болуы үшін тағы да Қа­набек Байсейітовтің есте­лігі­не жүгінеміз: «Даусының әде­мі­­лі­гін аздап жоғалтқанымен, әнді жақсы айтуын жоғалтпады. Күш­ті дауысты қажет ететін қиын жағ­дайлардан өте тапқырлықпен шығып кететін. Құрекеңнің әртіс­тік тапқырлығы Исаның (Бай­зақов. – Н.Ж) суырыпсалма ақын­дығындай еді. Бір ғана сәттің ішінде жарқ еткізіп жаңа­лық таба қоятын. Тұла бойында тұнып тұрған өнердің біресе ана қырын, біресе мына қырын әдейі көрсетіп тұрғандай әрқашан емін-еркін ойнайтын. Құрманбек сахнаға шығар кезінде сахнада құдды бір құйын соққандай құбылыс сезуші едім », деп жазады әйгілі актер өз естелігінде.

Биыл туғанына 115 жыл толған аңыз актер жайлы толғамы­мыз­ды белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың сөзімен тү­йіндер болсақ, бар ғұмырын қа­сиетті сахнаға арнап, театр өнері­нің тау тұлғасына айналған бір­туар талант – Құрманбек Жан­дарбеков есімі мен шуақты, шапа­ғатты өнері бір кезде өзі ғажап орындаған Бекежанның дара күлкісіндей жаңғырып, сан ұрпақ­қа әлі талай сабақ болар ән мен аңызға айнала бермек.