Өзге өнімді «өгей бала» көрмейік
Мысалы, қазір Сыр өңірінде көктем кеш туып, күз ерте басталатын болды. Оның үстіне дариядағы су деңгейі де жылдан-жылға төмендеп келеді. Ал ғалымдар әртараптандыру әркім өзі бастап кететін шаруа емес екендігін айтады, бұл бағытта өндіріс пен ғылым ұштасуы керек.
Сыр бойында Кеңес Одағы дәуірінде күріштен басқа да дақыл түрлері егілетін. Кейінгі 30 жылдың бедерінде бұл дәстүр ұмытылып, егістік өндіріс тек күрішке негізделді. Қазір өңірдегі Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ мамандары жыл сайын түрлі дақылдардың сұрыптарын шығарып, оның егу технологиясын әзірлеп, пайдасын диқандар арасында насихаттап келеді.
– Біздегі барлық технология тек күрішке негізделген. Ал шаруалар әртараптандырудың әліппесін бастасын десек, мемлекет тарапынан шығыны аз, пайдасы көп дақыл түрлерін өсіруге арналған техникаларға инвестициялық субсидияны 50 пайызға дейін көтеру керек, – дейді Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас директоры, биология ғылымдарының кандидаты Бақытжан Дүйсембеков.
– Сонда қазір әртараптандырудың тиімділігін түсінгенмен техника алуға қаржысы болмай отырған шаруалардың үміті оянып, бастама жалғасады.
Институт мамандары қазір майбұршақ, жаздық және күздік бидай, мақсары, зығыр, рапс, жүгері, қант құмайы секілді дақылдарды егіп жатыр. Осының арасында африкалық дақыл саналатын қант құмайының пайдасы ұшан-теңіз. Қазір Еуропа елдерінде танымал бұл дақылдың дәнін мал азығына, 20 пайызға дейін қант жинайтын өзегін түрлі шырын шығаруға, қалғанын сүрлемге пайдалануға болады. Қайта өңдеу арқылы бас-аяғы 50-ге жуық өнім беретін дақылдың қалдығынан отындық брикет шығарылады. Тамыры мен түбірінің өзі бір гектарға 18 тоннаға жуық органикалық тыңайтқыш «қалдырады».
Дақыл тамақ өнеркәсібі, жемшөп өндірісі және биоотын саласында пайдаланылады. Күрішке балама ретінде дәнінен ұн, жарма, сыра, спирт, құрама-жем өндіруге болады. Сонымен қатар Еуропа елдерінде дақылдың өзегінен алынатын шырындар азық-түлік және кондитер өнеркәсібінде жиі қолданыла бастаған.
Қазір қант құмайын егуді Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстары бастап, мал-азықтық қорек немесе сүрлем есебінде ғана пайдаланып келеді. Қызылордалық ғалымдар да былтыр 5, биыл 80 гектар жерге егіп отыр. Әзірше өнімін тек мал азығына жаратады. Ал оның пайдасын ұлғайту үшін қайта өңдеу өнеркәсібін ашу қажет.
– Мұндай тәжірибені әуелі молдавандар бастап, 150 гектар жерге осы дақылды егіпті. Оны егуге, оруға қажетті техника алып, тоқтап тұрған шарап зауытын шырын өндірісіне бейімдеп, өнім шығара бастайды. Кеткен шығын 2-3 жылда өтеліп, төртінші жыл пайдаға жұмыс істей бастаған, – дейді ғалым.
Жалпы қант құмайы экологиялық өнім саналады. Оны беларустардың тәжірибесі дәлелдей түседі. Олар радиациямен ластанған аумаққа жүгері мен қант құмайын қатар егіпті. Кейін қораларға бөлініп қамалған сауын сиырларға екі дақылды бөлек береді. Жүгері жеген сиырлардың сүтінде радиация белгісі байқалған, ал қант құмайы берілген қорадағы сиырлардың сүті тап-таза болып, талдау нәтижесі балалар тағамы үшін пайдалануға жарамды деген анықтама берген. Жердің тұзын, түрлі «ауруларын» бойына жиып алып, жойып жіберетін қант құмайы Қызылорда өңірі үшін нағыз керекті дақыл. Тағы бір пайдасы, бір гектар орман ағашы 16-18 тонна көмірқышқыл газын бойға сіңірсе, осы көлемдегі қант құмайының «жұтатыны» 55 тонна. Оның сыртында шаң ұстайтын да қасиеті бар. Тағы бір тиімділігі, өнімділігі жоғары, нарықта бағасы да қымбат. Гектарына орта есеппен 7-8 тоннадан тұқым жиналады. Әр килосы орта есеппен 600 теңгеден. Ал орташа 5 тоннадан жиналатын күріштің бағасы 200 теңгеден әзер асады. Мынадай да салыстыру бар: шамамен 320-340 мың теңге шығын жұмсалатын күріштің әр гектарынан 100-115 мың теңге, ал 120-150 мың теңге кететін қант құмайынан 328 мың теңге таза пайда түседі. Сондай-ақ күріштің әр гектарына 30 мың текше метр су кетсе, осындай көлемге егілген қант құмайының «ішетіні» 1500-2500 текше метр шамасында.
– Диқандар арасында өзге дақылға «өгей баладай» қарайтын көзқарас қалыптасқан. Мысалы, шаруалар күрішті толық егіп болмай, басқасына кіріспейді. Еккен күннің өзінде «шықса шығар, шықпаса қояр» деген ниетпен істейтін сияқты. Тәжірибелі механизаторлардың өзін жаңа тәсілге бейімдеу қиын болып тұр. Сондықтан да оларды ынталандыру керек. Ғалымдар үшін барлық шаруашылықты аралап, әртараптандырудың пайдасын түсіндіру ауыр. Біз айтып жүретін агропарк осы үшін керек. Арнайы агропарк құрылып, фермерлерді оқытқанда ғана шаруа алға басады, – дейді Бақытжан Әлішерұлы.
Қазір экстеншн дегенді жиі еститін болдық. Көп мағына беретін терминнің бір түсіндірмесі – ғылым тарату. Дәлірек айтсақ, ғалымдардың фермерлерді жаңалыққа бейімдеуі. Ауыл шаруашылығын ғылыммен осылайша ұштастыру арқылы қазір Аргентина, Израиль, Бразилия секілді мемлекеттер көп пайда тауып жатыр.
Бұл «күріш керек емес» деген сөз емес
Жыл өткен сайын күріш шаруашылығы пайдасынан шығыны басым салаға айналып келе жатыр. Су жетіспеушілігі де диқандар көңілінде сенімнен гөрі алаңды көбейтіп-ақ тұр. Осыдан да ел арасында «күріштен бас тарту керек» деген пікірлер де естіліп қалады.
– Саланы білмейтін, сырттай тон пішетін «сарапшылардың» ойымен әсте келісуге болмайды, – дейді ғалым. – Күріш керек! Тек өндіріске ғылым араласуы қажет. Мысалы, біздің ғалымдар қазір ауыспалы егіннің 8 танаптық жүйесін жасап шығарды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары сала тоқырай бастағанда күріш егілген алқаптардың көбі бос қалған. Айналасы 2-3 жылдың ішінде сол танаптар шеңгел мен жиде басып, соры бетіне шығып, жарамсыз жерге айналды да қалды. Қазір күріштен бас тартсақ, сол кепті қайта киейін деп тұрмыз. Мамандардың пікірінше, бұл проблеманың алдын алу үшін ауыспалы егін жүйесі сақталуы керек. Мысалы, қазір аймақтағы күріш алқаптарының көбі кеппей, орақ кеш түсіп жатады. Осының салдарынан былтыр егін орағы қара күзге дейін созылып кетті. Бұл шаруалардың тағы да сол ғылымды керек қылмағанының кесірі.
– Бізде күріш егетін алқап соқамен 25 сантиметрдей ғана тереңдікте жыртылады. Ал оның астында неше жылдан бері тапталып, бетонға айналған топырақасты ұлтаны жатыр. Жазда дұрыс су сіңбей, күзде көлкілдеп кеппей тұратыны сол. Жаңағы қатты бөліктің астындағы жер асты суы ыстықта буланып, топырақ бетін ақ сор басады. Ол осы жерге егілген басқа дақылды да өсірмейді, – дейді ғалым.
Бұдан құтылудың жолы – жердің төменгі қабатын тереңдетіп тілу. Қазір Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы осы тәсілді қолға алды. Мұның тиімділігі, су жерге тез сіңіп, жерасты суының тұзын сыртқа шығармайды. Соры кеткен жердің өнімі де жақсы болады. Ең бастысы, күрішті қыркүйек айына дейін орып алып, күздік жұмысты уақытында бітіресіз. Әртараптандыру талабы да осы.
Сырдың брендіне айналған өнімге қатысты сөзге қайта оралайық. Күріштің керектігіне дау жоқ, тек оның көлемін азайтып, есесіне ғылыми негізде егу арқылы түсімін көбейту қажет.
– Бір егісті еге берсеңіз, төрт-бес жылда жердің құнарлылығы жойылады. Қазір біз алқапқа агрохимикаттарды тонналап төгіп, күрішті зорлықпен өндіріп отырмыз. Ал ондағы нитраттар біздің ағзамызға түсіп, нитритке айналады. Ол ағзада метаболитке ұласады. Оның ар жағы не боларын өзіңіз біле беріңіз. Қазір жиі айтылатын азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде ғылымның айтқанына жүгінген жөн, – дейді ғалым.
Әртараптандыру дегеніміздің негізі жердің құнарлылығын сақтау. Қазір аймақта жердің құнарлылығы 0,5-1 пайыз аралығында. Ал бұл 2 пайыздан асуы керек. Осыдан да топырағымыз тыңайтқышқа тәуелді. Осы күні диқандар күріштен гектарына 55-60 центнер өнім алса, телпегін аспанға атып қуанады. Ал іргеміздегі Ресейдің көрсеткіші 70-80 центнердің аралығы. Оларда арнайы комитет құрылып, мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Күріш ғылыми-зерттеу институттары соңғы үлгідегі жабдықтармен жасақталған. Біз де бидайдың көлеңкесінде қалып қойған өнімге осындай жағдай жасауымыз керек. Өйткені күрішке сұраныс жыл сайын артпаса, кемімейді. Мысалы, қазір әлем бойынша жылына 730 млн тонна күріш өндіреді, ал керегі 781 млн тонна. Әртараптандыру – тиімділігі жоғары дақылдарды көбейтумен қатар, қолда барды жаңа жағдайға бейімдеу. Оның жүзеге асуына мемлекет мүдделілік танытып, ауыл шаруашылығы ғылымын қолдау аясы артуы тиіс. Сонда ғана ортақ бастамадан оң нәтиже шығады.
Қызылорда облысы