Бірақ былтыр жазда су ақысы едәуір «арзандап», 705 теңгеге түсіпті. Осылайша қалтасының жұқалығына қарамастан ауыз суға африкалық тарифпен ақы төлеп отырған ауылдағы ағайын «ойма тазға – он теңге, қырма тазға – қырық теңгенің» күйін кешіп отыр. Бүгінде Аралбайда 70 шақты үй түтін түтетеді. 2017 жылдың аяғында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша әр үйге су құбыры тартылып, шағын ауылдың тұрғындары тайлы-таяғы қалмай мәре-сәре болысып қуанып қалған. Бұрын суды өгіз арба, трактормен тасып ішетін қараша жұрт иінағаштан, өгіз арбадан құтылып, көзі ашылғандай болып еді.
– Үйді-үйге су кіріп тұр. Бұрын мұндай түсімізге де кірмеп еді. Бірақ пайдаланған судың әр текшесіне 1000 теңге төлейміз. Қыстың күні жұрт малын суарады. Қазір бау-бақша егуді де мүлде доғардық. Немерелерімізді аптасына бір рет моншаға түсіріп аламын, кірді жетісіне бір рет жуамыз. Жұрттың көбі бір зейнетақыға қарап отыр. Ауылдағы жұмыстың жайы белгілі. Мұнда мұғалім, дәрігер мен әкімдік қызметшісінен басқа ешкім айлық алмайды. Топты баланың аузынан жырып, суға айына жоқ дегенде 5-6 мың, болмаса 15-17 мың теңге төлеп отырмыз. Осыған ішіміз ашиды, – деп налиды зейнеткер Сәбира Шайзадина.
Үйді-үйге су тартылып, дербес есептегіш құрылғы орнатылған соң, оның айлық бағасынан бейхабар тұрғындар алғашқыда күнара кір жуып, күніне ғұсыл алып, суды емін-еркін пайдаланыпты. Бір ай өткен соң біреуге 17 мың, енді біреуге 21 мың теңге қарызсың деген тілдей қағаз келгенде, жағасын ұстаған жұрт коммуналдық шаруашылықтың сұрағанын амалсыз төлеген. «Аузы күйген үріп ішедінің» кебін киген аралбайлықтар содан бері судың кранын абайлап ағызуды үйренді.
– Үйге су кіргелі кір машинамызды қосып отырмыз, үйде жуынамыз, әжетханамыз да үйде. Жасы 70-тен асқан мен сияқты қарт адамға ыңғайлы. Әрине мемлекеттік бағдарламаның игілігін мүлдем көрмей отырмыз деу күнә болар. Бірақ іргеміздегі Ақшығанақ, Албарбөгет, Көкалат, Торғай ауылдары суға небәрі 30-ақ теңге төлейді. Біз 4 жылдан бері қарай 750-1000 теңгеден төлеп келеміз. Алғаш қуанышымызда шек болмады. Он шақты күннен соң, Назымбек Байділдин деген жігіт келіп, ауыл адамдарын жинап, судың текшесіне 1000 теңгеден төлейсіңдер деп бағасын қойып кетті. Біз мыналарың өте қымбат қой деп едік, тыңдамады. Келісімшартқа қол қойыңдар деді, бірақ мен оған қол қойған жоқпын.
– Өзге ауылдың жұрты текшесіне 30 теңгеден төлейді, біз 1000 теңгеден төлейміз. Бұл қалай? Мұндай бағаны қайдан алып отырсыңдар? – деп едім, жауап болмады.
Одан кейін бірнеше рет жиын өтті. Аудан әкімі келді. Судың бағасын әне төмендетеміз, міне төмендетеміз деп жүргенде екі жыл өтіп кетті. Сонымен былтыр маусым айында 705 теңгеге түсірді. Оны да түсінбедік. Одан кейін күзге қарай қыркүйек, қазанға дейін 30 теңгеге түсіреміз деп еді. Содан әлі жоқ. Бірнеше рет аудан әкіміне бардық. Ауыл әкіміне де айтып жатырмыз. Ешқандай өзгеріс жоқ. Содан биыл сәуір айында 30 теңгеге түсіреміз деп еді, одан да хабар жоқ. Өзім соңғы айда 6 мың теңгедей төледім. Өйткені трактор, арба бар, суды піләкпен тасып аламын. Ел ең аз дегенде бір айда 3 текшесіне су пайдаланады. Суға кететін төлемақысының алды 16-17 мың теңгеге дейін жетеді, – деді ауыл ақсақалы Хамит Аңсағайұлы.
Ауыл әкімінің айтуынша, ауылда су құбыры бұрын да болған. – 2017 жылдың 1 желтоқсанында соны қайта қалпына келтіріп, елдің игілігіне бердік. Кейін тарифті белгілеу, меншік құқығын анықтау сияқты жұмыстар жүргізілді. Реконструкция аяқталғаннан кейін нысан аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансына берілді. Көп ұзамай аудандық ТКШ басшысы бастаған топ келіп, ауыл тұрғындарымен жиын өткіздік. Сол жерде тұрғындардың келісіммен ауыз судың тарифы 1000 теңге болып белгіленді. Біз бұл бағаны қайдан алдық? Бұрын ауыл азаматтары суды ашық көздерден трактормен таситын. Сол бағаға! Яғни тұрғындар үш текше суды 3000 теңгеге сатып алады. Сол жолғы жиында қаулы қабылданып, уақытша баға бекітілді. Тұрақты бағаны табиғи монополияларды реттеу департаменті бекіткенше, осылай бола тұрады деп халыққа түсіндірдік. Мұнымен қазір тиісті орындар айналысып жатыр. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияға іліксек, су бағасы реттеледі, – деді ауыл әкімі.
Аудан басшыларының айтуынша, ауызсу тарифін бекіту мәселесі қазір табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінде қаралып жатқан көрінеді. О баста су тарататын кешенді ұстап тұру керек болған соң, тариф бағасы ауыл тұрғындарының келісімімен 1000 теңге болып бекітілген.
– Бұл бекітілген тариф. Мемлекет бекіткен. Біз табиғи монополияларды реттеу департаментіне тапсырдық, сондағы мамандар өздерінің арнайы формуласына салып, есептеп берді. Осы өңірдегі барлық ауыл дәл осындай қымбатшылықтан өткен. Бұған бірден қол жеткізу қиын. Ол үшін кәдімгідей субсидия бөлініп, суға жұмсалатын шығынның басым бөлігі мемлекет тарапынан төленуі керек. Яғни бұл министрлікте шешілетін шаруа. Біз бұл мәселені көптен бері бақылауда ұстап отырмыз. Амандық болса, осы жылы шешіледі. Тек шыдамдылық таныту керек. Созылып кеткені рас, иә. Бірақ біздің қолымызда тұрған шаруа емес қой. Осындай Аралбай ауылындағыдай жағдайға жете алмай жатқан елді мекендер бар. Сужарған, Шеген ауылдарына әлі су кірмей тұр. Қазір жобалық сметалық құжаттарын жасап жатырмыз. Келесі жылы ұсынбақпыз. Биыл «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы Ақкөл, Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарына су құбыры тартылады. Таяуда ғана мердігер анықталды. Көлқамысқа су тазарту құрылғысы орнатылады, деді аудан әкімі Шота Оспанов.
Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті, тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің өкілдері былтыр Аралбай ауылы тұрғындарымен жария тыңдау жиынын өткізгенін айтты.
– Табиғи монополияларды реттеу туралы Заңда жазылған талаптар бойынша біз былтыр 21 маусым күні Аралбай ауылының тұрғындарымен жария тыңдау жиынын өткіздік. Бізге аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен су бағасын бекіту туралы өтініш берген. Біз сол баға бекітілмей тұрып халықпен жариялы түрде кездесуіміз керек. Ондағы мақсат, тарифтің құрамына қандай шығындар кіреді, соны халық білуі керек. Олардың да пікірі ескерілуі тиіс. Кәсіпорын бізге 1991 теңге көлемінде тариф жобасын ұсынған. Біз кәсіпорын тапсырған есеп-қисаптарын түгел тексеріп, тарифті 1000 теңгеден 705 теңгеге түсірдік. Енді ауылдағы су бағасын арзандату үшін тағы бір қадам жасалуы тиіс. Субсидия мәселесі осы сатыда қаралады. Сондықтан Аралбай ауылының тұрғындарына сәл шыдай тұруларына тура келеді. Оған біраз уақыт керек, – деді Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бас маманы Азамат Сабыржан.
Қостанай облысы