Ең бірінші аялдаған нысан қаладағы №2 музыка мектебі болды. Қабырғасы 1948 жылы қаланған білім ордасында күрделі жөндеу деген өмірі жүргізілмеген екен. Бұл турасында аталған мектептің директоры Марат Мәжитов айтып берді.
– Мектепте соңғы рет ағымдағы жөндеу 29 жыл бұрын жасалған. Жылда бөлінетін қаржы майда-шүйде жұмыстарға ғана жетуші еді. Қазір күрделі жөндеу басталды. Бәрін де жаңасына ауыстырамыз. Енді бізде жаңа жылу және электр жүйесі, сантехника болады. Біз үшін бұл – үлкен қуаныш. Жазғы демалыстан соң балаларды жаңартылған мектеп күтіп алатын болады, – дейді мектеп басшысы қуанышын жасыра алмай.
Оқушыларының саны 650 бала болатын бұл мектептің жөндеуіне бюджеттен 78 млн теңге бөлінген.
Бұдан кейін облыс басшысы Майқұдық елді мекеніндегі №13 мектепке ат басын тіреді. 34 жыл бұрын салынған мектепте күрделі жөндеу бірінші рет жүргізіліп жатыр. Ғимараттың шатыры ауыстырылып, қасбеті жаңартылады. Жаңа терезелер, жылу жүйесі орнатылып, электр монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, мектеп аумағы көркейтіліп, жаңа шарбақпен қоршалмақ.
– Мектеп – қаладағы белгілі нысандардың бірі. Жөндеу жұмысына қомақты қаржы бөлінді. Бәрін де балалар үшін жасап жатырсыздар, сондықтан жұмыстың сапасын мұқият қадағалаңыздар. Сіздерге үлкен жауапкершілік артылып отыр. Жұмыс біткен соң, өзім тексеретін боламын, – деді Ж.Қасымбек жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан құрылыс компаниясының басшысына қарата.
Жалпы, Қарағанды қаласында барлығы 133 білім беру нысаны бар. Биыл бәріне де жөндеу жүргізіледі. Оның ішінде 29 мектепте күрделі жөндеу, ал 41 білім ошағында ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынады. Сонымен қатар 95 мектептің аулалары абаттандырылады.
Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметова бұрын мектеп аулаларын абаттандыруға ақша бөлінбегенін және білім мекемелерінің аумақтарын директорлар кешеге дейін өз күштерімен реттеп келгендерін айтты. Ал күрделі жөндеуден жыл сайын екі мектепті өткізуге ғана мүмкіндік болған.
– Биыл жөндеу жұмыстарына мол қаражат бөлінгеніне қуаныштымыз. Енді барлық нысанды толықтай ретке келтіруге мүмкіндік туды, – дейді ол.
Облыс басшысы мектептер мен балабақшалардан басқа Майқұдықтағы мәдениет үйінде, «Нұрби» аула клубында және «Литейщик» стадионында болып, ондағы жөндеу жұмыстарының қалай атқарылып жатқанын тексерді. Қазір жұрттың саламатты өмір салтына деген көзқарасы өзгерген. Сол себепті де аталған спорт нысаны жергілікті тұрғындардың жіті назарында. Жергілікті халықтың өтінішін жерге тастамаған облыс әкімінің тапсырмасынан кейін, қаржыландыру көзі табылып, қазір аталған стадионда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жөндеу жүргізіп жатқан «Дорстройтрест» ЖШС директорының құрылыс жөніндегі орынбасары Максим Воробьев жұмыстың тамыз айында аяқталатынын мәлімдеді. Стадионда жасанды көгал алаңы, жүгіру жолдары, қоршау, жарықтандыру тіректері, киім шешетін орындар, дәретхана, әкімшілік және күзет блоктары болады.
Ж.Қасымбек Майқұдықтағы аулаларды абаттандыруға, ол жерлерде спорттық нысандардың болғанына айрықша назар аударылатынын атап өтті. Өңір басшысы сол жерде Октябрь ауданының әкімі Мейрам Кожуховқа 150 мыңға жуық халық тұратын Майқұдық елді мекенінде тағы да он жаңа футбол алаңын салуды тапсырды. Сондай-ақ мердігер компания өкіліне стадиондағы жөндеу жұмыстарын уақытында және сапалы етіп бітіру керегін ескертті.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асырудың маңызы мен жауапкершілігін тағы бір мәрте еске салды. «Барлық жұмыс кестедегі мерзімнен ауытқымауы керек. Жергілікті әкімдер жұмыс сапасын ұдайы бақылап отыруы тиіс», деп қорытты Ж.Қасымбек.
ҚАРАҒАНДЫ