Ал таяу болашақта бұл өлке әлем деңгейіндегі спорт жарыстарын өткізетін орталыққа айналуы мүмкін. Оның ішінде судағы доданың Орталық Азия бойынша діңгегі болуына толық негіз бар екен. Яғни, осы жерден Жетісу атауы мен Олимпиа ойындары тізіміне енетін су спорты түрлері арасынан байланыс іздеп көрсек. Мысалы, енді санаулы күндерден кейін Талдықорған қаласында бірегей бассейін пайдалануға беріледі. Кейінгі екі жыл көлемінде құрылыс қарқыны бәсеңдемеген нысанның ашылуы Алматы облысы үшін ғана емес, тұтас Қазақстанға көзқуаныш сыйлайтыны анық. Әлемдік талапқа толықтай сай келетін жүзу кешені келешекте су спорты түрлерінен Олимпиа ойындарының жарыстарын қабылдауға мүмкіндік береді екен.
Екі қабаттан тұратын әрі үлкен жертөлесі бар әмбебап нысанда 4 негізгі бассейн бар. Оның екеуі дүниежүзі бойынша жарыс өткізуге лайықталған. Олимпиа ойындарына қатысатын спортшылардың да осы кешенде толық дайындықтан өтуіне жағдай жасалыпты. Ал ұзындығы 50 метр, ені 25 метр болатын екі бассейн бұқаралық спортты дамытуға нақты қадам болмақ. Әсіресе, бассейн құрылысы барысында балалардың суда жүзіп үйренуіне ыңғайлы етіп жасалған хауыздар мен балғындарды жеңіл атлетикаға баулуға лайықталған орындарға баса мән беріліпті. Жалпы, жабық жүзу бассейіні күн сайын 750 адамға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы.
"Облыс орталығынан жабық үлгідегі жүзу бассейнін салуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұқаралық спортты дамытуға қатысты берген тапсырмасы түрткі болды. Біз жобаны таңдау барысында барлық нұсқаларды сараптап, нысанның қаланың дамуына қосатын үлесіне маңыз бердік. Ғимарат заманға сай, болашақ ұрпақ сүйсіне қарайтындай үздік сәулет туындысы болуы керек деген шешімге келдік. Мамандармен ақылдаса отырып, бұл бассейін Қазақстандағы су спортының орталығына айналуы тиіс және әлемдік стандартқа толықтай сай кешен ретінде де ерекшеленуі қажет екенін ескердік. Соның нәтижесінде Талдықорғанда жаңа жабық бассейн салынды. Құрылысты еліміздегі сәулет өнерінің мақтанышына айналған ғимарттарды салуда тәжірибе жинаған "Bazis Construction" компаниясы қолға алды. Бұл компанияның қолтаңбасын «Алматы-Арена» кешенінен анық байқасыз. Осылайша біз облыста ғана емес, елімізде теңдесі жоқ әмбебап кешенді іске қоспақпыз", - дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Қазір бірегей бассейіндегі құрылыстың соңғы нүктесі қойылу үстінде. Аумағы 27 000 шаршы метрге жететін спорт кешеніндегі жұмыс карантин кезінде де толастаған жоқ. Ендігі арнайы инвентарьлар қойылып, лед-экран, су асты камералары сияқты құрал-жабдықтармен қамту жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, ғимараттың сыртқы келбетін әрленіп, кешен маңайын абаттандыру жұмыстары да аяқталып қалды. Айтпақшы, жабық кешеннің сыртқы пішіні айдында жүзген балықты көзге елестеді екен.