1985 жылдың 7 шілдесінде Өскеменде туып-өскен Талғат өзінің спорттық карьерасын жергілікті "Торпедо" клубында бастады. Одан кейін астанаға аттанып, 11 маусым бойы "Барыстың" намысын қорғады. Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) 418 рет мұз айдынына шыққан шабуылшы 75 гол соғып, 105 рет нәтижелі пас берді. Барлығы – 180 ұпай.
2007 жылы Жайлауов еліміздің ең үздік хоккейшісі деп танылса, 2014 жылы ҚХЛ-дың "Жұлдыздар матчында" өнер көрсетті. Қазақстан құрамасы сапында қысқы Азия ойындарының жеңімпазы (2011 жылы) және күміс жүлдегері (2007 жылы) атанды. Дәп осы спортшы жоғарыда аталған қос жарыстың ашылу салтанатында Қазақ елінің көк байрағын ұстап шығу құрметіне бөленді.
Отандық хоккейдің дамуына елеулі үлес қосқан Талғат Жайлауовтың "Барыспен" келсімшарты 30 сәуірде аяқталған болатын. Ал күні кеше ғана оның "Сарыарқаға" ауысқанын қарағандылық клубтың баспасөз қызметі растады.