Экология • 10 Маусым, 2020

Қағаз қаптама зиянсыздығымен қадірлі

760 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қоршаған ортаны қорғау айрықша маңызды мәселеге айналғалы тығырықтан шығар жол ізделуде. Көкшетаулық жаңашыл жастардың ойлап тапқан дүниесі қиын түйіннің күрмеуін шешуге септігін тигізуі әбден мүмкін.

Қағаз қаптама зиянсыздығымен қадірлі

Облыс орталығындағы бірқатар сауда орындарында қазір экопакет тегін таратылуда. Бұл жаңалық, яғни табиғи таза қаптама соңғы жылдары жаулап алған полиэтилен өнімдерге балама болмақ. Негізінде қағаз қапшық табиғатқа зиянын тигізбеуімен бірге, азық-түлік тауарларын ұзақ уақыт сақтауға қолайлы екен.

Жалпы экопакет қоршаған ортаға қамқор болғысы келген тұтынушылардың таңдауы десек те болар. Көкшетаулық бастамашыл жастар экопакет өндірісін қолға алып отыр. Рас, біршама күрделі іс әрі шикізаты сәл қымбаттау. Есесіне полиэтилен қаптама тәрізді табиғатқа зияны жоқ. Осы жағынан ұтымды.

Жас кәсіпкерлер өндірістік желіні өзге де қаптама түр­ле­рін өндіруге бейімдемек. Азық-түлік қана емес, цемент, ағаш көмірі тәрізді кейбір құрғақ өнімдер де қағаз қаптамамен қапталады. Әзірге өнімнің құны қаптама сыртындағы жарнамадан түсетін тиын-тебеннен ақта­луда. Бір айта кетерлігі, қапта­ма қолданылатын желім мен бояудың да зиянсыз екендігі.

– Қаптамаға жарнама жазған кезде табиғи, таза бояулар қолданылады. Өйт­кені, бұл қаптамалармен азық-түлік тауарлары оралады ғой. Қағаз қаптамада оралған заттар әлдеқайда ұзақ сақталады, – дейді «Экопакет» жобасының менеджері Рысбек Өмірғалиев.

Қағаз қаптама таңсық емес, кешегі ит басына іркіт тө­гілген кеңес заманында да осындай қаптамаларды көз көрген. Ал полиэтилен пакет тоқсаныншы жыл­дар­дың орта шенінде на­рық­қа шымшымдап еніп, кейін жаулап алды. Ендігі арада туған табиғатымыздың бағзы бейнесін сақтап қалғы­мыз келсе, зиянсызына ұмтыл­ғанымыз дұрыс шығар.

 

Ақмола облысы