Мақсатқа қол жеткізу үшін қазынадан 65 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Бұған 1 500 шақырымға жуық магистралды газ желісі мен тарату жүйелері салынған. Өңірде 9 газ тарату стансасы және ашылған.
Бұл істе мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы келісім де өз нәтижесін беріп келеді. Мысалы, қазіргі таңда газ құбырын тартуға қатысты жалпы құны 12 млрд теңге болатын 9 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Бақанас, Сарыөзек, Ақтас, Ақдала, Жалғамыс, Достық ауылдарын, Үштөбе, Текелі қалаларын газдандыру және «Байсерке – Қапшағай» газ желісінен Жетіген кентіне дейін табиғи отын жеткізетін құбыр құрылысын жүргізу жекеменшік инвестиция есебінен атқарылды. Сонымен қатар «ҚазТрансГаз» компаниясының инвестициялық қаржысы есебінен 12,5 млрд теңгеге «Есік», «Шелек», «Жаркент», «Үңгіртас» газ тарату стансалары мен ұзындығы 628 шақырым болатын газ тасымалдау жүйесі жасалыпты.
– Газдандыру жылы аясында өңірдің елді мекендерін газбен қамту бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр. Бұл жерде облыстың Талдықорған аймағында табиғи газ желісінің мүлдем болмағанын ескеру керек. Облыс әкімі Амандық Баталовтың табандылығының арқасында жұрт Кеңес кезінде де сезінбеген игілікке қол жеткізгенін айтпай кетуге болмас. Әсіресе ауыл тұрғындары көгілдір отынға қосылып, қуанып жатыр. Бүгінде облыс орталығындағы газдандыру ісі қарқынды. Бұл бағыттағы жұмыс 4 кезеңге бөлінген. Қазір үшінші кезең аяқталды. Яғни талдықорғандық 47 907 абоненттің газға қосылуына мүмкіндік бар. Бұл көрсеткіш 54275 абонентке дейін жетпек. Қазір 10 972 тұрғын үй мен 60 кәсіпорын көгілдір отын тұтынып отыр.
Ал «Талдықорған – Текелі» газ бұру құбыры арқылы көгілдір отынмен қамтылатын Текелі қаласы мен Ескелді ауданында да газдандыруға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. Газ құбыры өткен жылы іске қосылған болатын, жалпы құны – 1,2 млрд теңге, ұзындығы – 31,3 шақырым. Былтыр Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылына 161,5 шақырым газ құбырын тартып, көгілдір отынмен 15 мың абонентті қамту үшін облыс бюджетінен 1,7 млрд теңге бөлінген. Биыл жұмыс толық аяқталады. Сол сияқты Кербұлақ ауданында да көгілдір отынды 24 елді мекенге жеткізу көзделген. Өткен жылы «Сарыөзек» газ тарату стансасы мен ұзындығы 61,4 шақырым газ жеткізу құбыры іске қосылды. Бұған 4,6 млрд теңге жұмсалды. Балқаш ауданында да 16 елді мекен газдандырылады. Былтыр жалпы құны 2,9 млрд теңгенің жұмысы істелді. Нәтижесінде, «Бақанас» газ тарату стансасы мен ұзындығы 51,2 шақырым газ жеткізу құбыры іске қосылды. Қаратал ауданында да 17 елді мекен газдандырылуы тиіс. «Үштөбе» газ тарату стансасы іске қосылып, 44,7 шақырымдық желі тартылды. Ал Көксу ауданындағы 13 елді мекенге газ келмек. Қазір табиғи газға аудан орталығы – Балпық би кентінде тұратын 290 үй қосылған, тағы 3050 абоненттің желіге қосылуына мүмкіндік бар. Жалпы, биыл аталған аудандардағы ішкі желілердің құрылысы аяқталып, жеке үйлерді көгілдір отын тасымалдайтын құбырға жалғау басталады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов.
Жалпы, облыстағы газдандыру жұмысы туралы айтқанда аймақта бұған дейін көгілдір отын иісі сезілмеген аудандарға ерекше тоқталу парыз. Жоғарыда басқарма басшысы тілге тиек еткен өңірлер қатарында Панфилов ауданы да бар екен. Биыл аймақта 31 елді мекеннің тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізуі тиіс. Және осы ауданда газдандыру ісіне қатысуға ниетті жеке инвесторлар да бар екен. Мысалы, Жаркент» газ тарату стансасының құрылысы «ҚазТрансГаз-Аймақ» компаниясының қаржысына салынған. Ал «APLConstruction» серіктестігі өз қаражатына Жаркент қаласына дейін газ жеткізу құбырын және қала ішіндегі газ жүйесін жүргізген. Қазір 90 шақырым желі тартылып, 283 абонент табиғи газды пайдаланып отыр. Аудан бойынша газдандыруға құйылған инвестицияның жалпы сомасы 5,642 млрд теңге шамасында.
Сондай-ақ Жаркентке көршілес Ұйғыр ауданында да инвестордың ақшасына газ құбырын тарту жұмысы жемісті жүріп жатыр. Мұнда 23 елді мекенге газ тарту міндеті тұр. Былтыр «Азия Газ Шонжы» серіктестігінің жеке қаржысына «Шарын» газ тарату стансасы мен Шонжы ауылына дейін жоғары қысымды газ магистралы салынды. Нәтижесінде Шонжы ауылындағы газдандыру деңгейі 50 пайызға жеткен.
Газдандыру ісі Қапшағай қаласында да қарқынды жүзеге асуда. Өткен жылы «Алматы – Байсерке – Талғар» магистралынан тартылған 38 шақырымдық «Байсерке – Қапшағай» газ бұру құбыры іске қосылды. Бұл жоба да инвесторлар есебіне кіреді екен. Яғни жалпы құны 4,5 млрд теңге жеке қаржы құйылған. Сондай-ақ инвесторлар қала ішінде 3,5 шақырым желі жүргізіп, 1195 абонентті көгілдір отынға қосыпты. Жалпы, Қапшағайды толық газдандыру жұмысы 2022 жылы аяқталады.
Айтпақшы, қиыр шетте жатқан Кеген мен Райымбек аудандарына да көгілдір отын жеткізу күн тәртібінде тұр. Келешекте 17,4 мың тұрғыны бар екі ауданның 23-і табиғи газға қосылмақ. Қазір мұның негізі қаланып жатыр. Яғни «Шелек – Кеген» магистралды газ құбырының құрылысын жүргізу үшін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға 52,1 млн теңге бөлініп, құжаты дайындалуда. Ал газ құбырының ұзындығы 117,5 шақырымды құрайды. Сол сияқты Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары тұрғындары да табиғи газдан үмітті. Таяу жылдары іске қосылатын «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры 74 елді мекенді көгілдір отынмен қамтуы тиіс. Қазір құжаттарды әзірлеуге 96,9 млн теңге бөлінген. Ал Талдықорған қаласы мен Үшарал қаласының арасын жалғайтын газ желісінің ұзындығы 224 шақырым.
Осы жерде көгілдір отынның игілігін ертеден көріп отырған Алматы қаласы маңындағы аудандарда да газдандыру жұмысы жалғасып жатқанын айтуымыз керек. Өйткені мегаполиспен шектесетін аймақтардағы жаңа елді мекендердің жылдам бой көтеруі тұрғындардың көгілдір отынға деген сұранысын жыл сайын арттырып келеді. Мысалы, қазір қала маңы аудандарының есебіне кіретін 187 елді мекенде 993,8 мың тұрғын бар. Осы ауылдың 134-і ғана табиғи газға қосылған. Көрсеткіш 71,6 пайыз шамасында. Қазір тұрғын үйлерді толықтай табиғи отынмен қамту ісі Іле ауданында да жүзеге асуда. Аудандағы 29 елді мекеннің 27-сі табиғи отынға қосылған. Күн тәртібінде Жетіген ауылдық округі аумағын газдандыру тұр. Бұл үшін 6,5 шақырым газ құбырын тартуға 1,1 млрд теңге қаржы қарастырылыпты. Нәтижесінде, тағы 41 елді мекен газға қол жеткізбек.
Ал Жамбыл ауданы бойынша 40 елді мекенге газ құбырын тарту керек. Биылдан бастап бұл ауданның 3 елді мекеніне табиғи отын тартылады. Сонда 85,2 мың адам газ тұтынатын болады. Есесіне, Алматының іргесіндегі Қарасай ауданы бойынша 47 елді мекеннің қырық бесінде газ бар. Бүгінде 228,3 мың абонент табиғи газды пайдаланып отыр. Табиғи отын тапшылығы аса қатты сезілмейтін ауданның бірі – Талғар. Өңірдегі 46 елді мекеннің 42-сі газ тұтынады. Ал осы ауданмен қоңсылас Еңбекшіқазақта жағдай керісінше. Мұндағы 46 елді мекеннің төртеуіне ғана газ құбыры барып тұр. Аудан бойынша 66 мың адам табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие көрінеді.
Жалпы, Жетісу тұрғындарының 56 пайызы табиғи газ тұтынады. Яғни облыстағы 474 елді мекеннің 144-іне көгілдір отын жетті. Бұл көрсеткіш тілге оралымды болғанымен, мүмкіндікке шаққанда төмен екені тағы рас. Сол себепті де биыл облыс бойынша «газдандыру жылы» жарияланып, Мемлекет басшысы жүктеген міндетке баса маңыз беріліп отыр.