Әдебиет • 10 Маусым, 2020

«Сақ-сақ» күлген сырнай

650 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сақ-сақ күлкі сахнаны кө­міп кетті. Өзімізге өте жақын, атадан балаға мирас төл күлкі, кең сахараны еркін жайлаған көшпелі жұрттың кешегі азат күл­кісі, өнерге жөргегінен жарып туған текті ұлыстың табиғи таза күлкісі.

«Сақ-сақ» күлген сырнай

Иә, 1936 жылы Мәскеуде өт­кен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіндегі кеңк-кеңк күлкіні айтып отырмыз. Алайда бұл күлкі құбылыс Құрманбектің «Қыз Жібек» операсындағы Беке­жан болып күлген әйгілі күлкісі емес, көбіне айтыла бер­мейтін, күлкісі түгілі сол күлкіні күлген өнерпаздың есімі жылымықтан кейін ғана жайлап естіле бастаған жарнамасы аз жұмбақ күлкі.

Бұл күлкі сол үлкен театрдағы салтанатты кешті ашқан ұлттық бояуы қанық, мысқыл, әжуадан ада қазақтың өзіне ғана тән ақ­жар­қын алғашқы күлкісі болатын.

Демек, атышулы онкүндікте қазекем қарқылдап тұрып, Мәс­кеу төрінде екі мәрте күлген бо­лып тұр ғой. Сол қос күлкі ға­сырлар бойы езгіде келген елдің езуіндегі ыза-кек, басқыншыға шеккен дөңайбаттан  кем соқпаса керек. Шын мәнінде, бұл оқиғаны бүгін ғана дүрілдеп айтып отыр­ғанымыз болмаса, күні кешеге  дейін қабырғамыз қақсап, сыбырлап айтудың өзі мұң еді...

 * * *

Сәнді сахнаны сырнайымен сәндеп, сақ-сақ күлген кейіп­керіміз атақты ақын Тайжан-тұ­ғын. Ақын Тайжан, кешегі сал-серілердің соңғы сарқыты, атақты Үкілі Ыбырайдың жиені, жазықсыз жала жабылып, отыз жетінің ойранында оққа ұшқан сері Тайжан! Керағар саясат небір асылдардың арманын көктей сол­дырған жоқ па?.. Сол қанды ті­зім­нің ішінде Арқаның атақты Тайжан ақыны да көгенделіп кете барыпты.

Зобалаң әлгі сахнадағы сақ-сақ күлкіден кейін бір жылдан соң басталады. Сахнаның тұл­пары, саясаттың құрбаны Тайжан ақынның өнерін мұртты көсемнің өзі бағалай отырып, кейін ату жазасына кесуін еш ақылға сыйғыза алмайсыз...

 * * *

Жыр алыбы Жамбыл бастаған үш жүзге тарта кілең мықты жиы­лып келген қонақкәдеде ауыл­­дың алты ауызын  ақиық ақын­дардың ішінен үкімет бас­шы­ларының ақын Тайжанды таң­дауы кездейсоқтық болмаса керек. Сырнайын құлаштап, ән­ге басқан Тайжан ақын, сол он­күндіктің шымылдығын түріп бо­лып: – Әнім бар «Сақ-Сақ» деген баға жетпес, Әйгілі «Гәкку» әнге болар теңдес. Мәскеуде он­күндікте сахна ашып, Құрдас кө­сем Сталинмен болдым дәмдес, – деп аяқтапты.

Үш жүздің басын қосқан кие­лі Ұлытаудың қыраны, та­лан­­ты талайға азық болған Тай­­жан Қалмағанбетұлының өмі­­рі өнегеге толы десек қате­лес­пейміз. Атақты Кенекең, Кенен Әзірбайұлының өзі «Тайжан – ақындар арасындағы тамаша талант иесі. Өзіне сай домбырасы, гармоны мен қобызы да қоса сөйлейтін. Әні мен әуені ерекше еді. Ағып айтатын, төгіп сөйлейтін» деп баға берген бір­туар дарынға қазақ баласы қа­рыздар болсақ керек.

Тайжанның өнері талапайға түскен тар кезеңді әңгімелеудің өзі ауыр. Ақын туралы жазба деректерге үңілгенде оның Қар­сақпай кентіндегі түр­меде қа­бырғаға жазып қалдырған өлең­дерін кейін сол бөлмеге қамал­ған тағы бір туысы жазып алып, өзі түрмеден босағасын жиналған жұрт ортасында әлгі өлеңдерді оқып отырғанда біреу қолынан жұлып алып, отқа салып жібергенін білесіз. Білесіз де тар қапасқа таңылған талант тағдырына кешірім сұрай ке­м­сеңдейсіз... Келмеске кеткен өнер киесін іздеп боздайсыз...

Тайжан феномені туралы алғаш 1972 жылы жас талапкер филолог Шамқан Рахметов дипломдық жұмыс қорғапты. Бі­регей тұлғаның көп мұрасы кері кеткен кесір қоғамның ке­селінен келешекке кеңінен на­си­хатталмай келді. Жалпы дәстүрлі ән өнеріне қосар Тайжан мектебінің тәбәрігі таудай. Оны сонау Сыр бойынан бері қарай жалғасқан Тайжан ақынның шә­кірттері Нартай Бекежановтар бастаған үлкен өнерпаздар легі жалғап әкелді. «Арқадан Сыр еліне ескерткіш деп, Әнімді мен Нартайға тастап кеттім»,  деп ба­тасын берген атақты Нартай Бе­кежанұлы Тайжанның төл шәкірті. Кейіннен ұстазы туралы, Нартай өзінің естелігінде: «Тайжан менің ұстазым, оны мен өмір бойы мақтан тұтам, оның әндері кең құлашты, кербез, нәзік лирикалық, терең сырлы, шырайлы шығармалар. Дауысы құлаққа қонымды, әуені әсерлі де мөлдір, үні асқақ, тыңдаушыларын әр­дайым сүйсіндіріп отырады, ол менің пірім»,  деп атап өтеді. Бұл шәкірттің ұстазға арнаған шынайы ілтипаты еді.

Тайжан айтқан өлең-жырлар көбінесе ауызекі таралған. Тек Кәкімбек Салықовтың құрас­тыруымен «Сақ-сақ күлсін сырнайым» атты жинағы, кейіннен «Ақын Тайжан» атты кітабы шық­ты. Одан беріде Тайжан ақын­ның он бір әнін таспаға түсіріп, «Алтын кесе» деген жинақ шығарған, Тайжан мұ­расын түбегейлі зерделеп жүр­ген қазақтың жезтаңдай әншісі, Жүсіпбек Елебековтің төл шәкір­ті – Ғалым Мұхамедин. Ұстазы Жүсекең шәкіртінің қолына жолдаманы табыстап тұрып: «Ғалым, айналайын, мен саған Арқаның сал-серілерінің әндерін қал-қа­ді­рімше үйреттім. Енді саған ай­тарым, ел ішінде әлі де талай әнші сазгерлердің аттары аталмай, айтылған жағдайдың өзінде, кеңінен қамтылмай жатқаны қан­шама. Солардың бірі де бірегейі – ұлытаулық саңлақ әнші-саз­гер, кешегі Үкілі Ыбырайдың ту­ған жиені – ақын Тайжан. Ол кісінің әндері ұмытылуы мүм­кін емес, елге барған соң Тай­жекеңнің әндерін жинап жа­рыққа шығар», деп аманаттапты. Біз бүгінде сол Ғалекеңдер Тай­жан шәкірттерінің соңы болмаса екен деп тілейміз. Жоғарыда атап кеткен «Алтын кесе» жина­ғындағы ескі әндерді нотасымен бірге мемлекеттік тапсырыс арқылы жарыққа шығарып, рес­публиканың жоғары оқу орындарынан бастап, колледждерге таратуды қолға алу керек.

Тайжан ақынның мектебін тоқыратпау – біздің міндет. Бір өзі бір театр өнер саңлағының сан қырлы таланты жаңа ұрпаққа үлгі-өнеге екенін әсте есімізден шығармағанымыз жөн.

Тайжанның әндері жи­нақ­талған үнтабақтарды үйді-үйге таратып шықсақ та артықтық ет­пейді. Себебі ол әндерде қазақ­тың қатпар-қатпар қазына тарихынан бөлек, қаймағы бұзыл­маған құнарлы тілі, сезім симфониясы, бай мәдени мұрасы менмұңдалайды.