Аймақтар • 10 Маусым, 2020

QS рейтингінде Сәтбаев университеті 20 сатыға көтерілді

1154 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл сайын, жаздың басында жаһандық академиялық қауымдастық әлемдегі ең үздік  университеттер рейтингтерінің бірі – QS World University Rankings нәтижелерін күтеді. Көптеген университеттер соның қатарына кіруге тырысып, өз үлгерімдерін жақсартуға тырысады. Бұл рейтингке әлемнің 1600-ден астам жоғары оқу орындары қатысты, - деп жазады Egemen.kz

QS рейтингінде Сәтбаев университеті 20 сатыға көтерілді

Қазақстандағы № 1 техникалық жоғары оқу орны – Сәтбаев университеті жыл сайын әлемдегі ең үздік 600 университеттің қатарына қосылып, осы рейтингте өзінің лайықты орнын алып келеді.

Биылғы жылы да ең үздік техникалық университет атағын дәлелдеп, өзінің дәрежесін өткен жылмен салыстырғанда 20 ұпайға жақсарта отырып, университет 541–550-орындарға ие болды (интервалдар бойынша рейтингтер) және Қазақстанның рейтингке қатысқан көпсалалы университеттері арасында төртінші орынға көтерілді.

Мұндай тамаша нәтиже Сәтбаев университетінің соңғы бірнеше жыл бойы атқарып келе жатқан жемісті еңбегіне байланысты екені сөзсіз.

Профессорлар мен жас оқытушылардың 70%-дан астамы ғылыми зерттеулерге белсенді түрде қатысады. Университет "Web of Science Core" жинағында "Ғылыми жарияланымдардың саны жағынан көшбасшы" номинациясы бойынша "Ғылым үздігі" беделді марапатын алды. Бұл сыйлық беделді мәліметтер базасында жарияланған ғылыми мақалалардың көлемділігі үшін беріледі. Сәтбаев университетінің ғалымдары өз жарияланымдарын Scopus мәліметтер базасында және Web of  Science сайтында пікір жазылатын журналдарда басып шығарды – Scopus базасында 2000-нан астам, Web of  Science сайтында 1000-нан астам мақала жариялады.
QS рейтингі 2004 жылы британдық Times Higher Education басылымымен бірлесіп әзірленген және жоғары оқу орындарының білім мен ғылым саласындағы жетістіктері туралы мәліметтер негізінде арнайы әдістеме бойынша есептеледі.

Бұл әлемдік маңызы бар ең жақсы университеттерді анықтау үшін британдық Quacquarelli Symonds (QS) консалтингтік компаниясы жүргізген ғаламдық зерттеулерге негізделген.

QS World University Rankings жоғары объективті болып саналады, өйткені барлық мәліметтер мен рейтингтің әдістемесі сыртқы аудит үшін қол жетімді. Бағалау алты критерий бойынша жүргізіледі: университеттің академиялық ортада және жұмыс берушілер арасындағы беделі, ғылыми жарияланымдарға жасалған сілтемелер, оқытушылар мен студенттердің ара салмағы, жергілікті және шетелдік студенттердің ара салмағы. Бағалаудың жарты көрсеткіші университеттің беделін бағалау көрсеткішіне тиесілі: 40% – университеттің академиялық ортадағы беделі; 10% – жұмыс берушілердің бағасы.

2020 жылы зерттеудің бірінші сатысына бұрынғы жылдардағы сияқты Массачусетс технологиялық институты шықты. Күткеніміздей, рейтингтің жоғары сатысына қазақстандық жоғары оқу орындарының ішінде көпсалалы университеттер көтерілді. Сәтбаев университеті – жер шарындағы ең үздік жоғары оқу орындардың ғаламдық тізіміне енген Қазақстандағы алғашқы техникалық жоғары оқу орны.