Қоғам • 10 Маусым, 2020

Библиография қызметі талқыланды

1123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен һәм Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен "Сандық кеңістіктегі библиография қызметі" тақырыбында халықаралық онлайн семинар болып өтті, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Библиография қызметі талқыланды

Шара барысында сандық кеңістіктегі библиография қызметінің бағыттары теориялық және тәжірибелік тұрғыда зерделеніп, кітапханалардың ақпараттық-библиографиялық қызметінде интернет-технологияларды қолданудың жаңа тенденциялары талқыланды.

Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Ү.Д.Мұңалбаеваның модераторлығымен өткен онлайн семинарға облыстық, өңірлік және Ресейдің кітапханашылары қатысты. Өз сөзінде кітапхана ісіндегі түйткілді мәселелерді ортаға салған модератор:

"Библиографтардың кәсіби кездесулері маңызды катализатор болып табылады. Қазіргі замандағы библиографиялық сервис – бұл кітапханалық-ақпараттық қызмет саласындағы теориялық және әдіснамалық өріс. Соңғы онжылдықта кітапхана қызметтері компьютерлерді, цифрлық жүйелер мен интернетті пайдаланумен байланысты үлкен өзгерістерге ұшырады. Жаңа технологиялар сұранысты беру, ақпаратты қабылдау және жеткізу процестерін едәуір жеңілдетті", – деді.

Халықаралық семинарға қатысқан Ұлттық кітапхана басшысы  Бақытжамал Қайырбекқызы да баяндамасында:

"Ұлттық библиографияны «Ұлттың тарихи жадының куәгері» деп бекер айтпайды. Ұлттық библиография өз елінің халықаралық ақпараттық кеңістікке қосылуына және мәдени өзара серіктестігіне қатысуға жағдай жасайды. Ұлттық кітапхананың ғасырға жуық тарихы бар, кітапханамызға биыл 110 жыл толып отыр. Әмбебеп библиографиялық ақпарат жасауды біз әлі күнге дейін жалғастырып келеміз", – деп ой қорытты.

Жалпы алғанда, әмбебап библиографиялық ақпарат жинау барлық құжаттар бойынша жүзеге асырылады. Келесі спикер Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы библиография бөлімінің басшысы Жібек Жексенбаева мекеменің библиографиялық қызметі хақында сөз сөйледі.

"Библиография жалпы адамзатқа, қоғам мүшелеріне білім берудің барлық тармағын қамтып, зерттейді. Әр мемлекет өзінің ұлттық библиографиясын жасақтауға мүмкіндігі бар. Кітап палатасы заманауи талаптарға сай жұмыс атқарады. Басты жұмыстарының бірі – Қазақстан баспаларынан шығарылған барлық кітаптарды халықаралық стандарттарға сай тіркеп, статистикалық есепке алып, баспа және баспасөз өнімдерін жинап библиография құрастыру. Осының негізінде библиографиялық көрсеткіш шығарып, болашақ ұрпаққа сақтайтын мәңгілік ғылыми библиографиялық мұра қалады", – деді ол.