Оқиға • 11 Маусым, 2020

Тағылымды тарих – жарқын болашақ бастауы

354 рет көрсетілді

Бүгінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті – еліміздегі жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлайтын оқу орны. Сексен бес жылдық тарихында талай тағдырлы кезеңдердің, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің куәсі болды. Бүгінде халықаралық байланыстары нығайған университет әлемдік білім кеңістігінен өз орнын айқындап, еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық межені сақтап келеді.

«Тарих – біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгісі мен өнегесі, ал болашағы­мыздың асыл қазынасы», деп бекер айтылмаса керек.

Бастауын өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан алатын университетімізге биыл 85 жыл толып отыр. Ұжымымыздың бүгінгі жетістіктері осы жылдары жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ізгілікті де білікті маман даярлау ісінде аянбай тер төккен ұстаздар мен қызметкерлеріміздің бірнеше ұрпақ өкілдерінің ерен еңбегінің нәтижесі екендігі даусыз.

Байтақ еліміздің батыс аймағындағы күре жолдың үстінде Ақтөбеде 1935 жылы жоғары білім беретін екі жылдық Ақтөбе мұғалімдер институты ашылып, жоғары оқу орнының іргесі қаланды. Облыстағы тұңғыш жоғары оқу орнының тарих, физика-математика мамандықтарына және дайындық бөліміне алғашқы 81 студент пен тыңдаушы қабылданды.

Жаңа оқу орнының 30-40 жылдары қа­лыптасып, дамуына институттың алғашқы дирек­торлары Нұғман Залиев, Семен Шейнессон, Құрманғали Оспанов, Дзандар Кантемиров, Наум Пак елеулі үлес қосты. Әр тарихи кезеңнің өзін­дік талаптарына сәйкес бұл кездегі институт ұжымының басты миссиясы – мектепке маман даяр­лау ісінің негізін қалау, халықты жап­пай сауаттандыру, ағарту міндеттерін жүзеге асыру болды. Қиындықсыз болған жоқ: мате­риал­дық базаның жұтаңдығы, қажетті құрал-жаб­дықтардың, оқу­лықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың, ғы­лыми әдебиеттің жетіспеушілігі, саяси­ қуғын-сүргін мен репрессия зардаптары, Ұлы Отан соғысының басталуы институт қызметіне зиянды әсерін тигізбей қалмады. Алайда институт мұғалім кадрлерін даярлау ісінде абыройсыз болған жоқ. Соғысқа қатысқан институт түлегі Қожабай Жазықов Кеңес Одағының Батыры атанды. Көптеген түлектер «Қазақ КСР-і­нің еңбек сіңірген мұғалімі» атанды, халық ағарту, жоғары білім беру және партия-атқару ісі салаларында ұстаздық, басшылық қызметтер атқарды.

1945 жылы институтқа Қазақ КСР-нің Еңбек сіңір­ген мәдениет қайраткері, ақын, жырау Нұр­пейіс Байғаниннің есімі берілді. Соғыстан кейін қазақ қыздарынан мұғалім дайындау қажеттілігіне орай 1948 жылы Н.Байғанин атындағы Ақтөбе мұғалімдер институтының негізінде екі жылдық қыздар педагогикалық институты ашылды. 1954 жылы ол қайтадан толық білім беретін педагогикалық институт мәртебесін алды. Бұл жылдары оқу орнына Зияда Баймұхамбетова, Қазина Балниязова, Ғабдрахман Абуханов басшылық жасап, институттың материалдық базасын нығайтып, оқытушылар құрамын жасақтауға лайықты үлес қосты.

1958 жылдың тамызында Н.Байғанин атын­дағы Ақтөбе педагогикалық институты жабылып, оның оқу ғимараты мен жатақханасы 1957 жы­лы ашылған медициналық институтқа берілді. Сту­денттер көрші облыстардағы жоғары оқу орындарына ауыстырылды. Көп кешікпей-ақ облыс мек­тептерінде мұғалімдердің жетіспеушілігі айқын сезіле бастады. Сөйтіп сегіз жылдан соң, 1966 жы­лы Ақтөбе педагогикалық институты қайта ашыл­ды. Оқу орнын басқаруға П.С.Щетинин тағайын­далды. Институттың материалдық базасы жақсартылып, оқу үдерісін жетілдіруге көңіл бөлінді, профессор-оқытушылар құрамы білікті мамандармен толықтырылды.

Институттың қарқынды дамып, бүгінгі келбетінің түзілуі оқу орнының басшылығына 1983 жылдың тамыз айында келген Мұхтар Ары­новтың есімімен байланысты. Бұған дейін жоғары мек­теп саласында бай тәжірибе жинақтаған бі­лік­ті басшы алдымен институттың миссиясын жа­ңаша айқындауға ерекше көңіл бөлді. Жоғары оқу орнын бірыңғай кадр даярлаумен ғана шектеп қоймай, тәрбие ісін тұтастай жүргізетін ру­хани орталық деңгейіне көтеруге күш салды. Осы бағытта оқу орнының бас ғимараты пай­далануға берілді, жаңа мамандықтар, қазақ тілінде оқытатын бөлімдер ашылды, білікті маман­дар шақырылып, жас ұстаз-ғалымдар даяр­лау мәселесі қолға алынды, институтқа студент қабылдау, кәсіби бағдар беру жұмыстары жаңаша ұйымдастырылып, мұғалім мамандығына икемі бар жастар тартылды. 1990 жылы институт тұңғыш лингвист-ғалым, профессор Құдайберген Жұбановтың есімін иеленді, «Жұбановтану» ғылыми зертханасы құрылып, ғылыми мектеп қалыптасты. Институт білім ордасы ғана болып қоймай, облыстағы мәдени-көпшілік шаралардың ұйытқысы, рухани орталығына айналды. Ұлы Абайды облыс жұртшылығына танытуда жүйелі жұмыстар атқарылды, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, қазақ тілінде оқытатын мектептердің санын ұлғайтуға ереше мән берілді, өңірдің айтулы тұлғалары Есет батыр Көкіұлының және Есет батыр Көтібарұлының, Әйтеке бидің, ғалым Қ.Жұбановтың, сазгер Қазанғаптың, мемлекет қайраткері Ұ.Құлымбетовтің мерейтойлары өткізілді.

Тәуелсіз Қазақстан, нарықтық экономика жағдайында облыста жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлау ісін қайта құру қажеттілігін жете түсінген институт ректоры Мұхтар Ғалиұлы Үкімет алдында бірнеше мәрте Ақтөбеде клас­сикалық түрдегі университет, тым болмаса көп профильді институт ашу мәселесін қойды. Тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді. 1996 жылы институтқа университет мәртебесі берілді.

Оқу орны басшылығына Кенжеғали Кен­­же­баев келген жылдары университеттің мате­риалдық базасын нығайтуға баса назар аударылды, инженер мамандықтарына студенттер қа­былдана бастады, бірнеше магистратура ма­мандықтары және математика, физика салалары бойынша кандидаттық диссертация қорғау ке­ңестері ашылды, әлеуметтік зерттеулер инс­титуты, қолданбалы математика және информатика институты құрылды. Университеттің материалдық базасы нығая түсті, спорт кешені, студенттер емханасы, редакциялық-баспа бөлімі ашылып, Студенттер сарайы мен Жастар сарайы салынып, қаладағы мәдени орталық ретінде университеттің рөлі күшейе түсті. Жастар үйі мен Инновациялық технологиялық парктің құрылысы басталды.

2004 жылы университеттен Ақтөбе мемлекет­тік педагогикалық институты бөлініп шыққан ке­зең басшы – Ғалымжан Нұрышевтың есімімен байланысты. Оқу орны бірнеше мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының авторы атанды. Институт түлектері республикада бірінші болып Президент шақыруына үн қосып, «Дипломмен – ауылға!» және «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі!» акцияларының бастамашысы болды. «Қазына» әдеби мұра жобасы атауымен Н.Байғаниннің жаңа таңдамалысы, бұрын еңбектері қалың жұртшылыққа жете қоймаған Ақтөбе өңірінің XIX-XX ғасырлардағы ақын-жыраулары Жөкей Шаңғытбайұлының, Сарышолақ Боранбайұлының, Айса Байта­быновтың шығармалары жарық көрді. 2009 жылы институт Болонья қаласындағы Уни­верситеттердің Ұлы Хартиясына қол қойып, еуро­палық білім кеңістігіне енді.

Амантай Нұрмағамбетов басшылық жасаған 2013 жылы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты қайта біріктіріліп, оқу орнына өңірлік университет мәртебесі берілді.

1935 жылдан іргетасы қаланған оқу орнының дамуына әр басшы өзіндік қолтаңбасын қалдырып, қыруар істердің жасалуына ұйытқы болды. Сөз жоқ, көш бастаған басшылардың қасында шаш етек шаруаны үйлестіріп, мыңдаған шәкіртке тағылым берген профессорлық-оқытушылық құрам мен қызметкерлердің төккен тері, қарымды қарекеті қара шаңырақтың бүгінгі күндегі кел­бетін қалыптастырды.

Бүгінгі таңда университет елімізде және өңірде инновациялық өзгерістерді жүзеге асыратын адами капитал қалыптастыру мақсатында қарқынды дамып келеді. Сөз жоқ, «тарихтан – ғибрат, ұрпаққа – аманат». Десек те, әр уақыттың төл талабы, өз міндеттері бар. Сон­дықтан қара шаңырақ тірлігін заман талабына сәйкестендіріп қайта құру мақсатында Уни­верситет миссиясы қайта қаралды, стратегия­сы жаңғыртылып, кешенді жоспар жасалды. Осыған сәйкес университетіміз жоғары білім­ді интернационализациялауға, ғылыми жетіс­тіктерді коммерциялизациялауға және клас­сикалық университет моделінен Smart университет моделіне көшуге ұмтылу үстінде. Бүгінгі таң­да ұлттық рейтингте үздік төрттікке енген оқу орнымыз көздеген меже биік: ұжым халықаралық QS World University Rankings рейтингісінде үздік 500 университет қатарына ену үшін қарқынды жұмыс жүргізуде.

Басты мақсат өзгерген жоқ, университет Ақтөбе өңірі агломерациясына сұранысы жоғары мамандар даярлау, әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленген азамат қалыптастыру бағытында еңбек етуде.

Университетіміздегі білім алушылардың сапалық құрамы жылдан-жылға жақсарып ке­леді. Бүгінде білім алушылар контингентін респуб­ликаның әр өңірінен және шетелдерден келген 15 мыңға жуық жас құрайды.

Профессор-оқытушылар құрамының 50%-ын ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD құрайды. Университетте белгілі қоғам қай­раткерлері мен ғалымдар, мемлекеттік және ве­дом­стволық марапаттардың, Ш.Уәлиханов және Қ.Сәт­баев атындағы сыйлықтардың иегерлері, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары, мәдениет қайраткерлері, Ақтөбе облысы мен қаласының құрметті азаматтары, Қазақстан Президентінің «Бола­шақ» халықаралық стипендиясының және «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты­ның иегерлері қызмет етеді. Соңғы жылдары профессор-оқытушылық құрам «Жұбанов – ға­лым­дар ордасы» жобасы ауқымында жұмысқа қа­былданған 100-ден астам жас буын PhD мен магистрлер есебінен жаңартылды.

Бүгінде университетімізде 78 бакалавриат, 40 магистратура және 6 докторантура мамандықтары бойынша мамандар даярланады, диссертациялық кеңестер жұмыс істейді. 14 мамандық бойынша арнайы білім беретін Жоғары колледж қайта құрылды. Облысымыздағы шағын жинақталған мектептерге мамандар қажеттілігі ескеріліп қосарланған мамандықтар бойынша мұғалімдер даярлануда, жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде білім бағдарламаларына жаңа білім траекториялары енгізілді, университетішілік қос­дипломды білім беру, «Білім» бағыты ма­мандықтары бойынша көп тілде оқыту жүзеге асырылуда. Өндіріс сұранысына сай дуалдық оқыту жүйесін енгізу және өндірістік практика өткізу мақсатында отызға жуық Қытай компания­ларымен меморандум жасалып, 230 өндірістік кәсіпорындармен байланыс орнатылды, университет кафедраларының жүз жиырмадан астам филиалы ашылып, негізгі пәндер кәсіпорын базаларында жүргізілуде.

Заманауи университет қызметінің басты сала­ларының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстары екен­дігі белгілі. Жұбанов университеті де іргелі ғылыми-зерттеулермен қатар, аймақтың қол­данбалы міндеттерін шешуді үнемі назарында ұстап келеді. Жаңадан құрылған «Инновациялық технологиялар паркі» қосымша жабдықталу үс­­тінде. Техникалық факультеттің металлургия кафедрасының ғалымдары «Казхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоға­мымен хром кенінің шаңын кәдеге жарату бо­йын­ша бірлескен жоба әзірлеуде. Аймақтың эко­логиялық мәселелерін диатомит минералының көмегімен шешуді жүзеге асырумен физиктер, химиктер және экологтардан құрылған бірлескен команда айналысып жатыр.

Ғылыми гранттық және шаруашылық ке­лісім­шарт жобалары негізінде материалтану, өлкетану бағытында орындалған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері халықаралық рецензияланатын басылымдарда тұрақты жарияланып тұрады, оған сілтеме жасау үлесі де артып келеді.

Ғалымдарымыздың ғылыми жаңалықтары негізінде жүзден аса патенттер мен авторлық куәліктер алынған.

Университетімізде барлық дайындық бағыт­тары үшін «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізіліп, «Start-up академиясы» ашылды. Мұнда студенттік кәсіпкерліктің экожүйесі негізінде бизнес-жобалар дайындалып, жас кәсіпкерлердің идеялары дамытылуда. Start-up жобасы нәтижесінде ашылған «Зерек» балаларды дамыту орталығы мен «Балалар университеті» тек балаларды әлеу­меттендіру, қолдау бағытында ғана емес, дуалды оқыту жүйесін іске асыруда да оқу-тәжірибе база­ла­рына айналып отыр.

«Жұбановтану», «Абайтану және ұлттық руханият» және тағы басқа ғылыми орталықтар мен зертханаларда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар БАҚ, әлеуметтік желілер, тарихи ғылыми басы­лым­дар арқылы үлкен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Осы бағдарлама аясында 2017 жыл­дан бастап «Жұбанов кітапханасы» сериясы бойынша университет ғалымдарының ең­бектері жарық көре бастады. Университет мерейтойы қарсаңында олардың санын 85-ке жеткізу көз­деліп отыр. Осы жылы Абайдың 175 жылдығы, Құдай­берген Жұбановтың 120 жылдығы және уни­верситеттің 85 жылдығы аясында Ақтөбеден Шығыс Қазақстанға дейін «Жұбановтан – Абайға» экспедициясы ұйымдастырылды. Сөй­тіп кезінде Мұхтар Арын бастап кеткен игілікті іс жалғасын та­уып Ақтөбе-Нұр-Сұлтан-Павлодар-Баянауыл-Семей-Жидебай-Қарағанды-Қарқаралы бағыты бойынша жасалған ғылыми-интеллектуалдық экспедиция жақсы рухани олжамен оралды. Мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттау және мұражай қорын толықтыру мақсатында дәстүрлі «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы мен «Ақтөбе ақтаңгерлері» жобасы бастау алды, Археологиялық зертхана ашылып, Орынбор мұрағат қорымен ынтымақтастық жасалды. Ғалымдарымыз жоба аясында жинақталған құжаттар мен мәліметтер негізінде Ақтөбе облы­сының тарихы бойынша цифрлы деректер базасын құруға кірісті.

Бүгінде университет әлемнің жүз елуге жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Польшаның Быдгощ қа­ласындағы Экономика университетімен, Қы­тай мұнай университетімен, Түркиядағы Кас­­тамону университетімен қосдипломды білім беру бағдарламалары сәтті жүзеге асып келеді. Польшадағы және Түркиядағы аталған уни­вер­ситеттерде «Qazaq eli» атты қазақ мәде­ние­тінің орталықтары ашылды. Алдағы уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында білім алушылар санын екі есеге көбейту жоспарланып отыр. Білім бағдарламаларының барлық деңгейінде ағылшын тілінде оқытатын мамандықтар бар, соның нәтижесінде университетте білім алатын шетелдіктер саны артып келеді. Осы мақсатта университетте «Ата қоныс – Ақтөбе» жобасы басталып, соның аясында алыс және жақын шетелден келген ұлты қазақ студенттерге арнайы жеңілдіктер жасалды.

Халықаралық тәжірибе Smart-университет құру идеясын жүзеге асырған жоғары оқу орын­дары­ның барынша бәсекеге қабілетті болатынын дәлелдеп отыр. Біз де осы бағытта біршама қадамдар жасадық. Бүгінде «Темірқазық» сту­денттерге қызмет көрсету орталығы, Си­туа­циялық орталық, «ИРБИС» электронды кі­тап­ханасы, science.arsu.kz, science.s.arsu.kz, rating.prepod.arsu.kz мәлімет базалары және т.б. құралған ақпараттық-аналитикалық жүйе және виртуалды мұражай университеттің smart-орта­сын құрайды.

Университет қызметін цифрландыру және интеграциялау мақсатында «Smart Zhubanov University» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Автоматтандырылған кітапхана, виртуал­ды білім беру ортасы, онлайн медиаресурс­тар, цифрландыру бағытындағы жаңа білім бағдарламаларының ашылуы, оннан астам IT-кабинеттердің жасақ­талуы – соның айғағы. Оқу ордасының қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге және оқу жүйесінің сапасын жақсартуға бағытталған Ситуациялық орта­лық университет нысандарын бақылап, ақпа­ратпен таныстырып отыратын коммуникация және интерактивті құрылғылар арқылы төтенше жағдайлардың алдын алуды жүзеге асырады. «Темірқазық» «бір терезе» қағидасы бойынша әкімшілік, оқу-ағартушылық және кеңес беру қызметтерін көрсетеді. Пайдаланушылардың көр­сетілетін қызмет түрлерін оңтайландыру бойынша «eARSU» және «e.arsubot» телеграм-бот мобильдік қосымшалары арқылы онлайн кеңес алып, тапсырыс беруге мүмкіндігі бар. Соны­мен қатар орталықта ашылған «еGov» пор­талының мемлекеттік қызметтерді алу үшін өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы 300-ден аса қызметті онлайн режімде ала алады. Smart-технологияларды енгізу бағытында барлық білім алушылар, профессор-оқытушылар мен қызметкерлер және ата-аналарға арналған Smart ARSU мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл жүйе пайдаланушыларына оқу процесінің, кітапхана қорының, емхананың ақпараттық және интерактивтік сервистерінің ыңғайлы қызметімен қамтамасыз етеді.

Университет қызметінің тағы да бір жетекші саласы – еліміздің ертеңгі тұлғаларына айналар жас ұрпақтың ұлттық тәрбиеге негізделген рухани келбетін қалыптастыру. Жалпы, универ­ситетіміздің академиялық саясаты «білім мен тәрбиенің егіздігіне» бағытталған. Осы мақсатта бакалавриат деңгейінің білім бағдарламаларына «Ұлттық руханият» пәні енгізілді, «Тәрбие концепциясы» жасақталды, бірнеше әлеуметтік, ғы­лыми жобалар іске асырылуда. Бұл салада университет базасында құрылған Ақтөбе облы­сының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі де үлкен әдістемелік көмек көрсетуде. Ақтөбе ай­мағы тарихи тұлғаларының есімдерін қайта жаң­ғырту мақсатында университетіміздің оқу ғима­раттарына көрнекті тарихи тұлғалардың есімін беру мәселесін көтердік. Осылайша оқу ғимараттарына профессор Мұхтар Арынның, тарихшы ғалым Бекежан Сүлейменовтің, халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің есімдері берілді. Университет қаржысы, эндаумент қоры мен жомарт жанды меценаттардың көмегімен өңірге белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қо­ғам қайраткерлеріне арналған заманауи озық тех­нологиямен жабдықталған арнайы оқу каби­неттері ашылды. Бұл ретте Құдайберген Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Өтежан Нұрғалиев атындағы конференц-залдар, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының кабинеті, Нұрсұлу Тапалова атындағы хореография залы, Роза Жаманова атындағы музыка кабинеті, Дербісәлі Бер­кімбаев, Тілеу батыр, Қабақ батыр, Әлім Алмат, Досжан хазірет, Бекежан Сүлейменов, Рабиға Сыздық, Есет Жұбанов, Амантай Өтегенов сын­ды тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атындағы дәрісханалар танымдық-тәлімдік маңызы зор орталықтарға айналып отыр. Соңғы кезде ашылған «Жұбанов жастары» аллеясы, жаңғыртылған Жастар сарайында кинозал, «Атриум» көрме залы және «Мәңгілік ел» конференц-залы университетте жүргізілетін тәрбиелік шаралардың пәрменділігі мен тиімділігін арттырып отыр.

Университет рейтингін анықтайтын басты көрсеткіштердің бірі – бітіруші түлектердің еңбек­ке орналасу деңгейі және жұмыс берушінің пікірі.

Университеттің еңбекке орналастыру бағы­тын­дағы стратегиясының жүзеге асыры­луы негізінде түлектердің еңбекпен қамты­лу көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келеді. Мыса­лы, 2019 жылы «Білім» бағыты бойынша универ­ситетті бітірген түлектердің 95%-ы жұмысқа орна­ласты.

Оқу орнымызда мектеп оқушысының маман­дық таңдауынан бастап, университетті бітіріп жұмысқа орналасуына дейінгі аралықтағы қыз­метті қамтитын Кәсіби даму және мансап орта­лығы жұмысын бастады. Мұнда облыстық, қалалық білім беру басқармаларымен, мектеп­термен, аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Осы 2019-2020 оқу жылында уни­верситет өкілдері «Жұбанов керуені» жобасы бойынша Ақтөбе облысының барлық ауыл-аймағы мен қала мектептерін аралап, 6 мыңнан астам мектеп бітірушілермен кездесті. Бұл кез­десулер жас түлектерге бағыт-бағдар беру, «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасын одан әрі дамыту, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнатуға ықпал етті. Жоба негізінде қала мен аудан мектептерінде университеттің кафедра филиалдары ашылып, бес ауданда жергілікті атқарушы билік пен университет арасында меморандумдарға қол қойылды. Университет мерейтойы аясында үздік оқитын республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы балаларына 85 білім гранты мен түрлі жеңілдіктер тағайындалды, олар келесі жылы «Менің таңдауым – Жұбанов» девизі бойынша қара шаңыраққа оқуға түсуді мақсат етіп отыр.

Университеттің материалдық-техникалық, оқу-әдістемелік базасы оқу-тәрбие ісін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын кеңінен өрістетуге жетерлік мүм­кіндік беріп отыр. Десек те, бұл бағыт үне­мі назарымызда болмақ. Бұл әсіресе оқу, ғы­лыми зертханаларды заманауи құрылғылармен жаб­дықтау, университет қызметінің барлық салаларын цифрландыру мәселелерімен байланыс­ты болмақ.

Әрбір білім ордасының басты мақтанышы өзі ұшырған, өмірден лайық орнын тапқан түлек­тері мен оларды баптап, қанат бітірген ұла­ғатты ұстаздары екені даусыз. 85 жыл ішінде кең-байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен білім­ге шөліркеп келген жүз мыңдаған түлектер үлкен өмірге жолдама алды. Олардың арасында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, ұлағатты ұстаздар мен қаламы жүйрік ақын-жазушылар, майталман өнер иелері мен танымал спортшылар бар.

Байқап отырғанымыздай, бәсекеге қабілетті, ізгілікті, елге қажет патриот-маман даярлау үшін қажет ресурстар бізде жеткілікті. Ең басты­сы шыңдалған, тәжірибесі мол аға буын өкіл­дері мен талабы таудай қабілетті жастарды бірік­тірген адами капиталымыз бар. Алдымызда сан-сала­лы қызметімізді әлемдік білім беру стандарт­тары­на сәйкестендіріп, озық университеттер қата­рына ену, өңіріміздің қажетті мамандарға деген сұранысын өтеп, биыл атап өтілетін Әл-Фара­би және Абай тәрізді ұлы тұлғаларымыздың мерей­тойларының шапағатын шәкірт санасына сіңіру мәселесі тәрізді асқар асулар күтіп тұр. Бұл асу­лар­ды бағындыру толысқан адами капиталымызды қара шаңырағымыздың материалдық база­сының бай мүмкіндіктерімен кіріктіре білу­де екендігін жақсы түсінеміз. Университет ұжы­мының бар қарым-қабілеті, күш-жігері осы бағыт­қа жұмылдырылмақ.

 

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Соңғы жаңалықтар

Шәміл

Тарих • Кеше

ZOOM акциялары қымбаттады

Технология • Кеше

Ұқсас жаңалықтар