Руханият • 11 Маусым, 2020

Қара қыз...

1031 рет көрсетілді

Жанат – үркек жан. Дауыс кө­тер­сең, көздері бақырайып, ұзын кір­пік­тері дірілдеп, бидай өңі бір ағарып, бір бозарып кетеді. Есіме бір оқиға түседі... Біздің театр­дың 25 жылдық тойына орай қала әкіміне де, оның орынбасары­на да кірдім. «Академиялық театрдың ескі ғимаратында отырмыз, кө­рер­мен залы 190-дай орын ғана. Ал қойылымдарымыз жақсы. Ал­айд­а көрерменге жетпей жатады. Тойдың алдында бізге бір ав­тобус сыйласаңыздар жақсы бо­лар еді» деген өтініш айттым. Маңайдағы облыстарға, аудан­дар­ға гастрольге барып тұратын едік. Той өтті. Әкім сахнада сөй­ле­ді. Автобус берген жоқ. Бірақ ішімде бір сұрақ қалып қой­ды. Көп ұзамай, шамасы 4-5 ай өткенде Жастар театрына әкім­нің орынбасары автобус сыйлады. Жалпы, әкімнің орынбасарының осы «Жастар театры» десе ылғи бүй­регі бұрып тұратын... Опера және балет театрының ғимаратын да, атақ-абырой, орден-медаль, пә­тер­ді де көбіне соларға беріп жү­р­ді. Мен соған ашуланамын. Білген адам­ға бұл да моральдық коррупция... Соған күйемін...

«Жарайды, мені сыйламасын, «ака­демиялық» мәртебеміз барын ұмытып кетсін... Бірақ Қалибек Қуанышбаевтың аруағын неге сыйламайды деп күйіп-пісіп жұ­­мысқа келдім. Лездеме бас­тал­ды. Бір кезде Жанат Чайкина өткен жетідегі спектакльге талдау жасай келіп: «Талғат, мыналарды өйту керек, бүйту керек...» де­гені. Өзім қаным қайнап, «таз ашуын тырнадан алады» дегендей Жанатқа бас салдым. «Сен неге мені Талғат дейсің? Мына залда жастар отыр. Бұл сонда сенің үл­гің бе? Оны-мұны...» деп дүрсе қоя бердім. «Керек болса мені Талғат Досымгалиевич, болмаса құрметті көркемдік жетекші» деп айт... «Жанат сасып қалды. Қарап­тан қарап қысылып, қарсы бір­деңе деуге лажы қалмағандай көзі шарасынан шығардай, екі беті ду ете түскен. ...Астыңғы ерні сәл-пәл дірілдегендей... Аяп кет­тім... Байқамай өзімсініп, ер­ке­­­леп, назданып айтқанына өзі де өкінгендей... Бұл оның әлі күн­­ге аңғалдығы, тазалығы, тұ­нық­­тығы...

Жанат Чайкина – Керекудің ту­ма­сы. Бірақ онда рушылдық, жершілдік деген ауру жоқ. Ол  – кез келген театрда алаңдамай іс­тей беретін өнерпаз... Оның бо­йын­да фальш, өтірік айту ешқашан болмаған. Мен осы жолғы ма­қа­лам­да Жанаттың өзін сөйлетуді жөн көрдім.

– Жанат, сен театрда ди­рек­тор­дың әйелі бола жүріп жұмыс істедің? Қанша рет күйеуіңнің қам­қорлығын көрдің? Ол директор болып істеген жылдары басқа ак­три­са­ларға жетпеген қандай май шелпекке кенелдің?

Жанат тәрбиелі, интеллигенттер отбасынан шыққан. Кейде «дәл маңдайынан тиген тастай ту­ра келген сөздерге шыр-пыр етіп қалады».

– Жо-жоқ, мен ешқашан ондай жақ­сылық көргенім жоқ. Кері­сін­ше, қайта зияны тиді деуге болады. Өйткені театр қайнап жатқан қа­зан іспетті. Оның творчествосы да, өнері де, сөзі де, көзі де көп болады. Қайта мен көбінде «бі­р­еу-міреу сөз қылады, қойшы» деп өзімді-өзім шектеген адаммын. Мысалы, мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын театр ашылған соң алты жылдан кейін алдым. Өйткені облыстағы басшылар жаңадан ашылған театрды шашыратпай ұстап қалайық деген ниетпен атақ-абыройын бере бас­тады. Ал мен содан кейін бірде-бір рет не орден, не медаль, не атаққа ұсынылмаппын. Көбінде өзім ыңғайсызданып, күйе­уі­ме сөз келер деген желеумен ше­гіне бердім.

Жанат дұрыс айтады. Басқа пысықай біреу болғанда күйеуі бар, сүйеуі бар, баяғыда-ақ Ха­лық әртісі болатын актриса еді.

Жанат – лирик... Ән айтқанда жа­нымен айтады. Даусы нә­зік... Үнінде адам жанын, жү­ре­гін, бойыңдағы ұйықтап жат­қан сезімдерді оятатын әуез бар... Жақ­сы әнші болу үшін ай­қай­лай­тын зор дауыс емес, жүректен шығып жүрекке жетер жалын керек сияқты. Жанат ән салғанда жаның жай табады. Америкалық аты әлемге әйгілі Ларри Кинг деген ­журналист бар. Нағыз жұлдыз. Лар­ри Кингтің интервьюіне қатысу әртістің де, спортшының да, әншінің де, миллионердің де, тіпті Президенттің де арманы деу­ге болады. Оның интеллектісі, сөз сом­дауы, сұрақтары талайға үлгі болған талантты жан. Менің кумирім. Мен де кейде сол Ларри Кингше сөйлеп кетемін.

– Шыныңды айтшы, қайтыс бол­­ған­дар періштелермен «Мүң­кір-Нәңкірмен» жолығады деп жа­тады ғой... Сонда сен Ал­ла­ға не дер едің?

Жанат үнсіз қалды... Сәл-пәл отырыстан кейін:

– Ей, Алла, алдымен маған азды-көпті ғұмыр бергеніңе мың алғыс деймін. Және мен осыны көптен күткен едім... Бұл пәниде маған қызық өмір бергеніңе, маған ұрпақ бергеніңе, маған ғажап тағдыр бергеніне рахмет айтар едім... – деген.

Ол үнсіз қалды... Көз алдыма Жа­наттың «Арманым Әселім» спек­такліндегі Әсел келді. Үс­тін­де қызыл қамзол, етегі тізесін жапқан қоңыр көйлек, басында қызыл орамал. Үркек Әсел, балаң Әсел, талдырмаш Әсел. Қатал тағ­дыр, опасыз махаббаттың құр­баны болған Әсел. Қатты бо­ран­ға майысқан, бірақ сынбаған сәмбі талдай Әсел... Жанары жасау­рап, көзіне еріксіз ерік берсе де ертеңге деген үмітін үз­бе­ген періште Әсел...

Жанатта сах­­налық көрік, сұлулық бар... Сах­­надағы Чай­ки­наға ғашық бол­­мау мүмкін емес. Нағыз Шыңғыс Айтма­тов­тың Әселі... Бір адамның ғана арманы емес, ел іш­ін­дегі кез келген ер-азаматтың көке­йіндегі, түй­сі­гін­дегі, сана­сын­дағы, кө­ңі­лі­нің түбіндегі тыл­сым­ның түк­пір-түкпіріндегі, таң­ғы төртте ұй­ықтап жатып аян болып кел­ген­де­гі арудай Әсел...

Жалпы, актриса мамандығы – бақыт һәм сор... Жақсы, талантты актриса болу тек бір театр­дың ғана абырой-атағы емес, ол өнер аспанындағы жарық жұл­дыз, таң атардағы Шолпандай, маңайына нұр шашатын, кө­рер­мен сол үшін қуанатын, қол соғатын, кеудесін керіп дем алып мақтанатын, масаттанатын құбы­лыс... Және оған тек дарынды да сұлу, текті де білімді, оқыған-тоқы­ғаны жетерлік. Ең негізгі осы қасиеттерге қоса жібек мінез ке­рек. Міне, Жанат – дәл осындай акт­риса.

– Шыныңды айтшы, егер де тағ­дыр тағы осы өмірді қайтадан баста десе – осы өмірің дубль болса, актриса болар ма едің?

– Жоқ...

– Сонда?

– Иә, егер ондай болып мына ж­а­рық дүниеге қайта келіп, қай­та­дан мүмкіндік болса, актриса болмас едім...

– Сонда кім болар ең?

– Білмеймін... Мүмкін психолог...

Жанат дәл қазір шынын да, сырын да айтып отыр. Иә, өнерде жан­кешті жандар жетерлік. Тағы өмір берер болса, көбі ойланбас­тан осы тағдырын, осы өмірін қайталауды қалар еді. Мүмкін мен де дәл солардай жандардың бірі шы­ғармын. Ал Жанат енді өмірге қай­та келсе, актриса болғысы жоқ...

Жанат Чайкина нағыз Кеңес өкіметінің өскіні. Көп балалы отбасынан шыққан. Өз әкесі тым ерте өмірден өткен. Үйелмелі-сүйе­л­ме­­лі 6 баланың біреуі. Дұры­сы бесіншісі. Жанат өз әкесін білмей өсті. Жетімдіктің де, жоқ­шы­­лықтың да, жесірліктің де не екенін кө­ріп бойжетті. Бала болса да шеше­сі­нің 6 баланы арқасына салып жүріп асырағанын көрді. Бірақ қағілез, сезімтал, сергек, сыпайы болып өсті. Ән салды, әдемі боп әлемге көзін ашты. Сондықтан да Жанатты бала кезден бәрі тез таныды. Сабақты жақсы оқи­тын, үсті-басы мұнтаздай, тап-тұй­нақтай тақылдаған қара қыз болып өсті. Артекке де барды, ән де салды, әткеншек те тепті. Тек артист болам деп ойламаған. Мек­тепте ән салу – өмір бойы әде­мі болып жүру, киіну, қыдыру, әлемді шарлау деп ойлаған. Әнші болам деп Алматыға конкурсқа келген қыз консерваториядан бір-ақ шықты. Актер деген не мамандық? Ол кім болып шығады? Қайда істейді? Онда кімдер сабақ береді? Білмеген... Әйтеуір бар ұққаны – кейін бітіргенде киноға түсуі мүмкін. Жанатқа ұнағаны осы ғана. Киноға түсу. Өйткені Жанат соғыс киноларды, сосын үнді фильмдерін жақсы көретін. Және оған қатты ұнай­­тыны Радж Капур, Митхун Чак­раборти, әсіресе Наргиз... Қандай сұлу, даусы қандай? Ән­де­рін айтсай... Мың бұралған биі де ғажап... Жанат дәл осындай мүмкіндікке ие актриса болудан бас тарта алмады. Оның үстіне Жанат тәртіпті қыз. Өтірік айтпай­ды, біреудің ала жібін атта­ма­ған, қызыл бағдаршамға өтпеген, тек жақсы оқитын қыз. Бір сөзбен айтсақ, идеал. Бұл – бала кезден қанға сіңген тәрбие. Тек үй тәрбиесі емес, бұл қоғамның ережесі. Өйткені Кеңес өкіметі жастарды осылай тәрбиелеген. Онда үлкендер, мұғалім, бастық қалай айтса солай болуы тиіс. Оның оқудан бас тартпағаны да осы екінші себеп еді. Ең бастысы – түсіп тұрған дайын оқу. Және ең кереметі ару қала Алматы... «Алатау» кинотеатры, автовокзал, Көктөбе, «Алматы» қонақүйі, троллейбус және балмұздақ. Мұндайдан қалай бас тартасың.. Жанат Чайкина ойламаған жерден консерваторияның театр факультетіне, КСРО Халық әртісі Шолпан Жандарбекованың курсына осылай түскен.

– Жанат, сен қыздарыңды өнерге жіберген жоқсың? Әсіресе, кенже қызың Ақнұр актриса болайын дегенде қарсы болыпсың ғой.

– Иә, қарсы болдым... Өйткені өзің білесің ғой... Өнер жолы ауыр... Тіпті  қатыгез... Мен көр­ген қиындықты қызым көрме­сін дедім...

Мен баяғыда Алматыда болған Желтоқсан көтерілісі жайлы кино түсіргенмін «Қызғыш құс» деген. Ол фильмде Жанат Чайкина Роза деген әйелдің рөліне түсті. Роза сол кезеңнің, сол қоғамның кейіпкері. Арманы асқақ бола тұра күн­дердің күнінде өмір ағысына қа­рсы тұра алмай өзін жоғалтқан кейіпкер. Әсіресе осы жолы тү­ні­мен ішкені арақ, аузында шылым, ырду-дырду би, қысқасы ыржалақ өмір. Таңертең Роза мен басты кейіпкер Санжардың көрінісін түсіру керек болатын. Түсіріп жатқан жеріміз – Маймақ стансасы. Ұлы Айтматовтың туған ауылы Шекердің жаны. Қазан айының соңы. Күн салқын. Әсіресе таңертең, кешке бізде «режім» деген ұғым бар. Ол – таң атып келе жатқандағы, болмаса күн ұясына батардағы көрініс. Себебі осы кезде түсірген көрініс әлде­қайда ерекше әдемі көрінеді. Ол қысқа ғана кез. Бар-жоғы 20-25 минут қана. Осы кезде түсіріп үлге­ру қажет. Ол үшін түсіру тобы ерте тұрып, 3-4 сағат бұрын дайындалады. Бұл жолы да ерте келдік. Грим салып дайындалып жатырмыз... Операторлар да, жарық түсірушілер де, гримерлер де сақадай сай. Оның үстіне дәл осы кезде алыстан, сонау көз ұшынан пойыз өтуі керек. Айналадағы ағаш біткен сарғайып күз келгенін білдіргендей. Әсіресе тау аңғары өте салқын. Біз түсіру то­бы үстімізге куртка, кофта, ая­ғы­мызға етік дегендей жылы киін­­генбіз. Жанаттың үстінде тек жал­­­ғыз ғана көйлек. Өзінікі емес, бас­­­тығы, «досы» Әлібаевтікі. Оның да түймесі шала са­лынған. Дір-дір етеді... Фильм­дегі бас кейіпкер Санжар желтоқ­сан­ның ызғарынан нақақ күдікті болып, қаңғырған ұлан, қаңбақтай әр жерді паналап, осы үйге, Баба Зинаға келген. Фильмнің сюжетін баяндамай-ақ қояйын. Тек осы сахнадағы сюжетті есіме түсірейін.

Роза-Жанат: – Сен мұнда неғып жүрсің? Қазір кеш болмай тұрғанда бұл жерден кет... Үлкен қалаға бар, оқы. Әйтпесе мендей сорлы боласың... Құры тез бұл жерден. Бұл маңай өсетін жер емес, өшетін жер. Ақылың болса, табаныңды жалтырат...

Осы кезде алыстағы тау аңға­ры­нан пойыз көрінген. Бұл да ал­дын ала келісіліп қойылған. Жанат-Роза сөзін жалғастырған...

– Әттең, менің пойызым өтіп кетті-ау, өмір бойы тосқан пойыз... Иә... адам ғұмыры күтуден, сағынудан, аңсаудан, арманнан тұрады. Қайда барарың белгісіз болса да алысқа, тым алысқа, кез-келген пойызға отырып кете бер­гің келеді... Далаға қарап, зу етіп артта қалған баға­на­ларға көзіңді тал­ды­расың. Көз ұшындағы маң-маң басқан түйелер туралы ой­лай­сың. Қайда бара жатырсың? Кімге? Неге? Белгісіз... Бірақ адам бір жерде қалып қалмауы тиіс... Алда қандай станса, нендей бекет тосып тұр? Ол да жұмбақ... Бірақ адам табиғаты осы жылжу, жүре беру... Сосын ойламаған жерден біреумен жолығу, кездесу... Ол кім? Бұл жерге қайдан кел­ген, ол да белгісіз... Бірақ жаның, санаң, ұялып жатқан түй­сігің осылай дейді...

Бір камера тура алдынан, екін­шісі жанынан түсіріп жатыр, Бі­рін­ші дубль... Бір қарасам, бәрі дұрыс секілді. Бірақ сонда да бір­деңе жетіспей тұр. Осы сәт дауы­сымды көтеріп, айқайлап жібердім. «Что за халтура, надо гото­виться Чайкина!» дедім. Жанат селк ете қалды. Әншейінде «Жанна, Жанночка, Жанат» деген­ге үйренген ол қаншама ел-жұрттың көзінше айғайлағанға шыдай алмады... Мотор! Жанат­тың еріндері сәл-пәл аш­ыл­­ған. Дәл қазір мен білетін, тани­тын, қалжыңдасатын танысым емес... Алыстағы бөтен, басқа жан... Кеудесі толған өкініш, запырандай ащы өмірдің қызығын, таңғы алтыда атып тұрар – жұ­мыс­қа асығатын әйелдің орнына – мына әлемде адасқан, жо­ғал­ған, бақыт жолына бара жат­қандағы бағдаршамы істен шық­қан, лимонадтың бөтелкесіне байқаусызда кіріп кетіп, шыға ал­маған шыбындай... Ызыңына ешкім құлақ аспаған шыбын-шіркей...

Жанат-Роза – міне осы... Ерніндегі ер­мегі – сигареттің көк түтіні ғана тіршіліктен хабар бергендей. Бұндай күй, күйік, шер-шемен, өкініш, ыза, азап арқалаған жалғыз Роза-Жанат қана емес... Бұл империяның, Ке­ңес өкіметінің іріп-шіріген тұ­сын­дағы бейкүнә жас қыздың көз жасындағы, талайындағы тағ­дыр... Бұл кейіпкер жиіркенішті клас­сикалық жаман образ емес. Керісінше, оның жаралы жүрегіне жаның ашиды. Аяйсың... Аяйсың да артынан келіп құшақтап: «Айналайын, мұңайма, мұқалма. Адасу кімде болмайды», деп жұбат­қың келеді... Ол да осы сәт өксіп жылап, бауырыңа ең­кіл­­деп келіп жығылып құша­ғың­­нан пана іздейтіндей... Жа­ра­лы еліктің жаутаңдап қарап, аң­шының мылтығынан қашпай, қайта келіп аяшы деп аяғына кеп жығылғандай жанды сурет... Түсіріп жатырмыз... Түсіріп жа­тыр­мыз... 3-4 дубль пойыз өткен­ше түсіріп үлгердік. «Стоп»! «Спасибо за съемки»! Жанат әлі жылап отыр. Қасымызда қарап тұрған кеңестік кино корифейі Нонна Мордюкованың да көзі­нен жас ыршып кетті. Нонна Викторовна екеуміз оңаша кетіп қалдық. Келесі сахна басқа жерде.

Мордюкова көзін сүртіп келе­­ді. «Жанна какая прелесть! Та­лант­­л­­ивая, красивая. Ей надо по-больше сниматься...Ты же крутой – предлагай другим режиссерам... Она... она красавица».

Өкінішке қарай, көп ұза­май Кеңес өкіметі тарап, әр рес­пуб­ли­ка өз жолымен кетті де, кино мүлде тоқтап қалды. Жанат алдында Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген парыз» фильміне де түскен. Әнуар Молдабеков, Досхан Жолжақсынов, Меруерт Өтекешова сынды киноның мық­ты жұлдыздарымен әріптес болды... Ол да бөлек әңгіме, бөлек тақырып... Болашақта Жанат Чай­кинаның творчествосын зерт­тей­т­ін жас буынның жүгі болар деп үміт­тенемін.

Меніңше, творчестволық портрет жазғанда өзің жақсы білетін адам жайлы сөз қозғау қиын... Өйткені сен оны көптен білесің...

– Шыныңды айтшы, сен отбасында бақыттымын деп айта аласың ба?

Чайкина тағы тосылып қалды.

– Жоқ, – деді.

Әйел ретінде «бақытты болдым» деп айта алмаймын... Ал ана ретінде шүкір... Үш қызым бар... Немерелерім бар. Алайда жастықтас жар ретінде бақытты болдым деп айта алмаймын.

Жанат күлгендей болды.

– Егер Алла тағы да өмір берсе, осы қатемді түзер едім...

...Жанат студенттік кездерін өзі­нің өміріндегі бақытты кезең­дер деп есептейді. Ол рас. Курстас достары... Алмахан, Ажар, Алма, Шәм­шия... Жігіттер де шетінен дарынды, кішіпейіл. Өнер әліп­пе­сінің алғашқы қызығы да, шыжы­ғы да мол жылдар... Екінші курс­та жүргенде Ажар құрбысы тұрмысқа шықты. Әйгілі жазушы Берқайыр Аманшиннің қызы. Ұзын бойлы, аққұба... Сәмбі талдай қыз. Ол 4-ші курстағы Тұңғышбайға шықты. Жанат та қарап қалған жоқ. Дон Кихоттың қасындағы Санчо-Пансадай Секербекке тұр­­мысқа шықты... Шашы ұзын, қал­қаң құлақ Секербек суырыпсалма ақындығы бар, отырыстың гүлі болған. Сонымен үйлену тойы Алматыда дүрілдеп өтті... Алай­да Жанаттың ішінде, жанында, жүре­гінде бір нәрсе қалған... Ол әлі бүрін ашып үлгермеген, бол­ма­са уақыты жетіп піспеген көк өрік, көк түйін – махаббат болатын. Көк түйін кейін пісті... Бұл өмірде уақыты жеткенде басқа бағбан да болатынын, бал шырынын өзге адам да жеуге бола­рын білді... Ол тек кейін... В.Ежов­тың «Бұлбұлдар түнін» ди­п­ломдық жұмысқа дайындап жү­ріп, өнердегі сезімінің өмірдегі се­зімге ұласқанын байқамай қал­ған... Иә, солай... Сезім үшін сот­тауға болмайды... Мүмкін ке­ңес­тік идеология да, адамдық, қоғами мораль да олардың бұл қы­лығын қолдай қоймасы анық... Алайда дәл сол кезде Жанат бәрін-бәрін басқаша сезінген... Таңер­теңгі тау суына ұйқылы ояу келіп қойып кеткенде алдымен денең дір ете қалады. Сосын бір жанып, бір күйесің... Жағаға шығып, тау бұлағынан алыс анау төбенің астына түскенде тоңғаныңнан бүкіл денең құсеттеніп көгеріп салқындай бастайсың.... Сезім де кейде дәл солай... Ол тек жас­тық­қа ғана тән ерлік, сезіммен ғана сабақтас өрлік.

– Жаңылыспасам, сен екі мәр­те облыс­тық мәслихатта депу­тат болдың ау деймін...

– Иә, екі рет.

Өнер адамдарының саясатта жүргендері же­тер­лік. Өзіміз білетін Тұңғышбай Жаманқұлов пен Құдайберген Сұлтанбаевтың «Тамашаға» шығуы ғажап бола­тын. Екеуі де ол кезде үлкен сах­­на­дан басқа эстрада жанрын да жандандыра бастады. Еке­уін ел-жұрт алақанына салды. Сол Құдайберген де депутат бол­ған. Алайда кей депутат­тар ел-жұрттан бұрын өз қара ­бас­­та­рының жағдайын ойлап жү­ре­ді. Қолдағы мүмкіндігін пай­да­ла­нып, пәтер шаруасын, маши­на мәселесін шешіп алады. Ал Жанат Чайкина қара басына инедей де жақсылық жасаған жоқ. Тіпті ол туралы ойланбаған. Екі мәрте өзі танымайтын мүгедек екі әйел­ге көмектесті.

– Сен орыс театрында да ой­на­­дың емес пе?

– Иә, Павлодар облыстық орыс драма театрында режиссер Дмитрий Свидерский қойған «Мария Стюартта» ойнадым.

– Мен көргенім жоқ... ал рецензиясын республикалық басылым­дар­дан да байқамадым. Дей тұр­ған­мен өзіңе қалай? Ойнай алдым деп ойлайсың ба?

– Иә, шамам келгенше ойнадым. Күндіз-түні дайындалдым де­сем, өтірік емес. Басқа орыс актерлері сөздерін ежелеп отырғанда, мен рөлімді жаттап алдым. Көрермен тіпті менің Мария Стюартты ойнағанда қазақ актрисасы екенімді ұмытып ке­тетін.

Жанат мектепті қазақша бітір­ген­мен, орысша ойлайды. Мұқият тыңдасаң, сөйлегенінде қазақша әуезден гөрі, орысша мақам басым...

– Қазақша айтқанда сен қазір үлкен актрисасың. Жасыңды айтып тұрғаным жоқ. Сенің ойнаған рөл­деріңнің көбін айтамын...

Жанат орнынан көтеріліп, ашық тұрған терезенің алдына келіп, маған бір қырынан тұрды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпегені» көрініп тұр. Әлі күнге әжімсіз. Қоңырқай жүзі көп­тен күнге тимегендей бозарған сияқ­ты. Кезінде қазақ өнеріне жалт етіп еніп, жасындай жарқ еткен актрисаның ойнаған рөлдері бар­шылық.

– Сұрағымды жалғастыра берейін. Өкінішің бар ма?

– Бар, – деді Жанат!

– Немерелерімді ана тіліне үй­ретпегеніме өкінемін. Қыздарым тұр­мысқа шыққанға дейін қазақ тілін тәп-тәуір білетін. Бірақ кү­йеулері қазақи болмады. Со­ған қынжыламын. Немерелеріме қа­зақша ертегі айтпағаныма қи­на­ламын....

Ол көзіне келген таңғы шық­тай жасын іркіп алды да, күр­сін­ді...

– Мен өлімнен қорықпаймын. Бірақ немерелеріммен далада, саябақта, көше­де жүргенде олармен орысша сөйлескеніме қиналамын...

– Шыныңды айтшы... Неден қорқасың?

– Жалғыздықтан... Актриса ре­тінде мен Баян, Еңлік, Джуль­ет­та­ны ойнамасым анық... Алайда... Тағы да репитицияға қатыссам... Тағы да рөлімді ойлап жатып ұйықтап кетсем... Атып тұрып асығыс-үсігіс жұмысқа жүгірсем деймін... Сосын... сахнадағы әріп­тес­теріме жаман әріптес болмасам деп қорқамын. Жалпы, мен қор­қақпын ғой... Жанат Чайкина тағы да шынын айтады... Дүниеде қо­рықпаған адамдардан қорқу керек...

– Рахмет, Жанат... Сұхбатыңа, шыныңа, сырыңа... Сау бол!

Жанат есіктен үнсіз шыға бер­ді. Есікті жабарда сәл кідірген. Бір­деңе айтқысы келген сыңайлы. «Жанат не болды? Тағы да қо­са­рың бар ма?» деуге болар еді... Тағы да оны-мұныны сөз етуге болатын. Бірақ үндегенім жоқ. Неге? Өйткені Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкина жайлы сөздің бұл соңғысы болмаса екен деймін. Лайым солай болғай...

 

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның халық әртісі

Соңғы жаңалықтар

Қазақтың Қыз Жібегі

Руханият • Кеше

Азаттық архитекторы

Елбасы • Кеше

Ақ боранның азаптары

Аймақтар • Кеше

Адам өмірі үшін арпалыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар