Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша алдымен Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Ол 2019 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы қалыпты экономикалық өсу жағдайында жүзеге асырылғанын, ІЖӨ-нің өсу қарқыны 4,5%-ды құрағанын атап өтті.
– Негізгі салаларда өндірістің ұлғаюы, ішкі сұраныстың кеңеюі және қызмет көрсету секторларының дамуы, ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнес үлесінің ұлғаюы, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру экономика өсуінің негізгі факторлары болды. 2019 жылы негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 8,5%-ға өсті. Салалар арасында инвестициялардың елеулі өсуі ауыл шаруашылығында – 41,1%, өнеркәсіпте – 15%, жылжымайтын мүлікпен операцияда 14,7% байқалды. Үкімет жұмысының басымдықтары – жұмыспен қамтамасыз ету, көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау жөніндегі шараларды кеңейту және күшейту, – деді министр.
Оның айтуынша, есепті жылы Президент тапсырмасын орындау барысында халықтың әлеуметтік осал топтарының екінші деңгейлі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы 716 мың кепілсіз тұтыну қарызы өтелді. Негізгі борышты төлеу шартымен өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылықты 56 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі мен 750 мыңнан астам жеке тұлға пайдаланды.
Осындай экономикалық ахуалда республикалық бюджеттің атқарылуы мынадай көрсеткіштермен сипатталады: республикалық бюджетке түсетін түсімдер 100,4% атқарыла отырып, 10,6 трлн теңгені құрады; шығыстар 99,9%-ға игеріліп, 12 трлн теңгені құрады; әлеуметтік шығыстар 2018 жылмен салыстырғанда 22%-ға ұлғайып, 5,2 трлн теңгеге жетті. Бұл – республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 43%-ы. Бюджет тапшылығы 1,3 трлн теңге болып, ІЖӨ-ге шаққанда 1,9%-ды құрады. Қазақстанның борышы қауіпсіз деңгейде қалып отыр.
– Кірістер бойынша жоспар трансферттерді есепке алмағанда 100,6%-ға орындалды, бюджетке 7,1 трлн теңге түсті. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электронды түрдегі шот-фактураларды міндетті түрде жазып беру іште өндірілетін тауарларға салынатын қосылған құн салығы бойынша түсімдердің 1,5 есеге өсуін қамтамасыз етті. Өз кезегінде корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер 17%-ға өсті. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша жүргізілген жұмыс қашықтықтан бақылаудың тиімділігін 36%-ға және салықтық тексерулердің тиімділігін 70%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Бұл ретте салықтық тексерулер саны 30%-ға төмендеді, – деді Е.Жамаубаев.
Оның сөзіне қарағанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен мемлекеттік шекарада елге тауарлар әкелу мониторингі күшейді. ҚХР-мен екіжақты статистика бойынша алшақтық 53%-дан 48%-ға дейін төмендеді. Жалпы алғанда, әкімшілендіру шараларын күшейту есебінен 900 млрд теңгеден аса түсімдер қамтамасыз етілді.
Бұған қоса министр есепті қарау кезінде кіріс бөлігінің атқарылуы жөнінде ескертулер жасалғанын айтып, сол бойынша қысқаша түсіндірме берді. Бірінші, заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы үлесінің төмендеуіне тоқталды. Корпоративтік табыс салығы түсімдерінің жоғары қарқынына қарамастан, оның үлесінің төмендеуі, негізінен қосылған құн салығы үлесінің 11 пайыздық пунктке артуымен түсіндіріледі. Екіншісі, төлемдерге аванс беру есебінен республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуы туралы ескертуге қатысты. Бұл мәселе әдіснамалық сипатқа ие және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерін (АҚШ, Франция, Люксембург) қоса алғанда, халықаралық практикаға сәйкес келеді. Аванстық төлем механизмі ірі және орта бизнес субъектілерінің өздеріне де қолайлы. Үшінші, 2019 жылы ішкі жалпы өнімге шаққандағы шоғырландырылған бюджет салық түсімдерінің 17,9%-дан 17,6%-ға дейін төмендегені аталып өтті. Бұл жағдайға мұнайдың әлемдік бағасының 10%-ға арзандауы тікелей себеп болды. Ал бюджет шығыстары есебінен өткен жылы 344 бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру арқылы 53 стратегиялық бағыт жүзеге асырылды. Стратегиялық жоспарлардың 264 индикаторына қол жеткізілді. 13 мемлекеттік бағдарлама қаржыландырылды.
Бұдан кейін депутаттар республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың есебін тыңдады. Ол 2019 жылғы бюджет берілген параметрлер шегінде атқарылғанын, оған жеткілікті қолайлы макроэкономикалық жағдай да, Үкімет қабылдаған шаралар да ықпал еткенін мәлімдеді.
– Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығы бойынша позициялары (60 орынға) жақсарды. Мұнай тәуелділігінің төмендеу үрдісіне қол жеткізілген жоқ. 10 жыл бойы өңдеу секторының үлесі 11%-дан аспай отыр. Экспорт құрылымында минералды өнімдер 70%-дан асып түсті. Халықтың нақты табысы 5,5%-ға өсті. Алайда халықтың шығыстарында азық-түлік тауарларының үлесі 50%-ға дейін артты. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш шамамен 10%-ды құрайды. Тіпті Ресей мен Беларусьте бұл сандар шығыстарының үштен бір бөлігінен де аспайды. Бұл нені білдіреді? Халықтың табысы жартылай тамаққа жұмсалады және халықтың өз жинақтарын ұлғайту мүмкіндігі жоқ. Өмір сүру деңгейін жақсарту негізінен кредит беру есебінен қамтамасыз етіледі. 2019 жылы тұтыну кредиттерінің өсуі халықтың номиналды табысының 15%-ға жуық артуынан асып түсті. Ал тым көп кредит алу әлеуметтік проблемалар үшін алғышарттар жасайды, – деді Наталья Годунова.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілген айтарлықтай қолдауға қарамастан, соңғы 5 жылда ел экономикасындағы банк секторының рөлі төмендегені байқалады. Активтері ІЖӨ-ге шаққанда 40%-ға дейін төмендеді. Ал бұл 2015 жылы 60%-дан жоғары болған. Ел банктерінің несие қоржыны ІЖӨ-ге шаққанда шамамен екі есеге қысқарды. Проблемалық қарыздар өсуде.
Бұған қоса Наталья Годунова бюджеттің кіріс бөлігінде жағдай өзгермегенін айта келе, бюджеттің атқарылуын ұйымдастыруды қайта қарау өте маңызды екенін, бұл процесс барынша транспарентті және цифрланған болуы тиіс екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселені талқылау кезінде депутаттардың сұрағына орай Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Бюджет кодексіне түзетулер енгізілетінін айтты.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бөлінген және жұмсалған бюджет қаржысы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталып, нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуі керек екенін атап өтті.
Алқалы жиын барысында Ұлттық қордан бөлінетін қаражат мәселесі қаралды. Атап айтқанда, депутаттар Ұлттық қордан мақсатты трансфертке байланысты жоғары оқу орындарында жоспарланған коворкинг аймағын ашу мәселесін көтерді. Мәжіліс депутаттарының айтуынша, 2019 жылы бұл мақсаттарға 663 млн теңге бөлінген. Алайда бұл қаражаттардың игерілмеуі 100 пайызды құрады. Үкімет есебінде мұның себебі қаржыландырудың басқа көздерін пайдалану мүмкіндігіне байланысты осы қаражатқа сұраныстың болмауымен түсіндіріледі. Осы жайында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлттық қордың қаржысын шашуға болмайтынын, оның әрбір тиыны қатаң бақылауда болып, ол қаржыларды ерекше жағдайларға ғана пайдалану қажет екенін айтты.
– Жыл сайын Үкіметтің және Есеп комитетінің қортындысын тыңдау – біздің жұмысымыздағы ең маңызды, ең жауапты бағыттардың бірі. Осыған байланысты бүгін бюджеттің орындалу сұрақтарын жан-жақты талқыладық. Жалпы айтқанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырма бойынша Үкімет бірқатар нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Әрине мемлекеттік бюджеттің тиімді болуы – тек қана бөлінген және игерілген қаражатқа байланысты емес. Ол қаржылардың барлығы нақты экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешіп, халқымыздың өмір сапасын арттыруға ықпал етуі керек. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да алға қойған негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан бюджеттің әрбір тиыны қайда және қандай мақсатқа жұмсалғаны алдағы уақытта да депутаттық корпустың бақылауында болады. Осы бағытта бүгін көптеген сұрақ қойылды. Ұсыныс-пікірлер де аз болған жоқ. Олардың барлығы, алдағы жұмыста басты назарда болады деп сенеміз, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Сонымен қатар жалпы отырыста «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексін қолданысқа енгізу туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл құжаттың шеңберінде базалық салалардағы отандық компанияларға өздерінің ағымдағы өтімділігін арттыру, төтенше жағдай режімінен кейін экономикалық өсуді қалпына келтіру үшін қаражатты босату бағыттарында түзетулер ұсынылады.
Екінші оқылымда бірқатар басқа да заң жобасы қолдау тапты.