Қазақстан • 11 Маусым, 2020

Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысы өтті

165 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) аралық отырысы өтті, - деп хабарлады primeminister.kz.

Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысы өтті

Инвестициялық саясатты іске асыру, энергетика, экология және мұнай-газ саласы, еңбек заңнамасы, адам капиталын дамыту және шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері жөніндегі ШИК бірлескен жұмыс топтарының қызметі туралы «EY» компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша басқарушы серіктесі Е. Досымбеков, «Аджип Каспиан Си Би Ви» басқарушы директоры Н. Аггоджери және Қазақстандағы «Шелл» концернінің төрағасы О. Лазар баяндады.

Отырыста ШИК-тың 32-ші жалпы отырысының хаттамалық тапсырмаларының іске асырылу барысы және биыл өтетін "Шикізаттық емес экспортты дамыту" тақырыбындағы кеңес отырысына дайындық мәселесі қаралды.  Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, шетел тарапынан бірлескен отырыстарды дайындау жөніндегі Кеңестің жұмыс тобының тең төрағасы, "Ситибанк Қазақстан" басқармасының төрағасы А. Курилин баяндама жасады.

Премьер-Министр Үкімет қабылдап жатқан шаралар мен ұлттық экономикада жинақталған тұрақтылық экономиканың нақты секторы өсімінің сенімді серпінін қамтамасыз етуге, негізгі капиталға салынған инвестициялар мен қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділікті қалпына келтіруге жол ашқанын атап өтті.

Осы жылдың 5 айында тау-кен өндіру өнеркәсібінде көлем 5,2%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 4,9%-ға өсті. Сәуір айымен салыстырғанда мамырда сауда 28,3%-ға, көлік секторы – 20,7%-ға, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 32%-ға өсті.

Үкімет басшысы әзірленіп жатқан 2025 жылға дейінгі Қазақстанның Стратегиялық даму жоспары бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторды дамытуға, сапалы инвестициялар мен қосылған құнның өңірлік және жаһандық тізбегіне қосылуға баса назар аудара отырып, экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

"Инвестициялар жаңа жоспардың маңызды элементтерінің бірі ретінде қарастырылады. Біз экономиканың инвестициялық бәсекеге қабілеттілігін, инвестициялық заңнаманың тұрақтылығын арттыру, Қазақстандық бизнес пен Қазақстандағы шетелдік инвесторлардың іскерлік белсенділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау бойынша шараларды одан әрі қабылдаймыз", — деді А. Мамин.

Кеңестің шетелдік мүшелерінің тұрақты өкілдерімен қатар, іс-шараға Үкімет мүшелері, Ұлттық банк, Бас прокуратура, "Атамекен" ҰКП және "Бәйтерек" ҰБХ» АҚ, "Qazindustry" қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ, "Kazakh Export" ЭСК" АҚ және т. б. басшылары қатысты.