Аймақтар • 11 Маусым, 2020

Қарағанды облысы карантинді күшейтуге мәжбүр  

716 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров 13 маусымнан бастап карантиндік шаралардың күшейтілетінін арнайы өткізілген брифинг барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағанды облысы карантинді күшейтуге мәжбүр  

“Өкінішке қарай, карантиндік шараларды жеңілдету тұрғындардың бейқамдығына алып келді. Тұрғындардың басым көпшілігі бетперде кимейді, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды, қауіпсіздік ережелерін елемейтін болды. Тыйым салынғанына қарамастан, көптеген адамдардың қатысуымен отбасылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл айтылғандарға коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық жағдайларына эпидемиологиялық тексеру жүргізгендегі қорытындылар дәлел болып отыр”, – деп қынжылыс білдірді облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Қанат Асқаровтың айтып отырғаны рас: бүгінгі күні облыста КВИ жұқтырғандардың жалпы саны 1 290 адамға жетті. Жеті адам осы індеттен көз жұмды.

Міне, эпидемиологиялық жағдай осылайша ушыққан соң, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері карантинді күшейту туралы шешім қабылдауға мәжбүр болғанын хабарлады.

Сонымен, 2020 жылдың 13 маусымынан бастап Қарағанды облысында қоғамдық көлік таңғы сағат 06.00-ден 10.00-ға дейін және сағат 17.00-ден 21.00-ге дейін ғана жүретін болды. Құқық қорғау, арнайы қызметтер мен медициналық мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қоспағанда, жеке автокөліктің барлық түрлеріне сағат 23.00-ден 05.00-ге дейін жүруге тыйым салынады. Таксимен тек бір жолаушыны немесе бір ересек адамның ертуімен кәмелетке толмаған екі баланы тасымалдауға болады. Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін Жезқазған, Қарқаралы және Шет ауданындағы Жарық кентінің карантиндік аймақтарының периметрі уақытша белгіленеді. Олардың кіру және шығу жолдарына блок-бекеттер орнатылады.

Сонымен бірге, бірқатар нысандар үшін жұмыс кестесіне шектеулер енгізіледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтары келушілерді сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін қабылдайды. Сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен орталықтары жаңа кестеге көшеді: жұмыс күндері сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін, демалыс күндері сағат 09.00-ден 13.00-ге дейін болады. Азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін ашылады. Демалыс күндері “Санитарлық күн” өткізу үшін жабылуы тиіс. Стационарлы емес қоғамдық тамақтандыру нүктелерінің, атап айтқанда, дүңгіршектер, донерханалардың, оның ішінде саябақтарда, гүлзарларда және басқа да жерлерде орналасқан нысандардың қызметіне тыйым салынады. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда, ұлттық компанияларда және олардың филиалдарында, кеңселерде қызметкерлердің кемінде 70%-ы қашықтан жұмыс істеу форматына көшуі тиіс. Жасы 65-тен асқан адамдарға аса қажет болмаса, көшеге шығу шектеледі. Сондай-ақ, 14 жасқа дейінгі балалардың ересектерсіз жүріп-тұруына, отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан астам топпен жиналуына тыйым салынады. Қарағандыда, Майқұдық аумағында саябақтар, балалардың аула алаңдары жабылады, гүлзарлар мен алаңдарда серуендеуге тыйым салынады.

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулыларындағы талаптардың сақталуын бақылау күшейтіледі. Тәртіп бұзушылар қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес жазаланатын болады.

Брифингтің соңында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров облыс тұрғындарын барлық ережелерді қатаң сақтауға және коронавирус індетімен күреске бей-жай қарамауға шақырды.