Спорт • 12 Маусым, 2020

Бізде жеңіске деген құлшыныс жоғары

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

22 жасында-ақ бокстан Атланта Олимпиадасының чемпионы, Уэл Баркер кубогының иегері атанған Василий Жировтың қабілеті мен күшіне тәнті болған TOP Rank промоутерлік компаниясының басшысы Боб Арум үш жылға екіжақты келісімшартқа қол қояды. Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегі 1997 жылы 18 қаңтар күні америкалық Винсент Браунды екінші раундта техникалық нокаутпен жеңуден басталған. Жалпы шаршы алаңда 42 жекпе-жек өткізіп, 38-ін жеңген. Оның 32-сін нокаутпен жеңсе, 3 рет жеңіліп, 1 рет тең түскен. Бірінші ауыр салмақтағы IBF дәрежесі бойынша экс-чемпион атанған Василий Жиров 24 жылдан бері АҚШ-тың Аризона штатында тұрады. Таяуда сол саңлақ спортшымен тілдесудің сәті түскен еді.

Бізде жеңіске деген құлшыныс жоғары

– Қазіргі қазақстандық кәсіпқой боксшылардың нәтижелеріне көңіліңіз тола ма?

– Иә, көңілім толады. Керемет. Көбі өз күштерімен шыңға шығуда. Қазақстанның қолдауынсыз.

– Кәсіпқой бокстан еліміздің ең үздік он боксшыны атасаңыз.

– Мен олар үшін қуаныштымын. Мына боксшыларды атап өтсем: 1. Геннадий Головкин (40-1-1); 2. Қанат Ислам (27-0-21); 3. Жанкош Тұраров (24-0-17); 4. Бейбіт Шүменов (20-2-18); 5. Батыр Жүкембаев (18-0-14); 6. Әли Ахмедов (16-0-12); 7. Бахтияр Эюбов (14-1-2); 8. Мейірім Нұрсұлтанов (13-0-8); 9. Бекман Сойлыбаев (12-0-4); 10. Руслан Мадиев (12-1-5).

– Сізге Қазақстан атынан ұсыныс жолданып, кәсіпқой боксшыларды дайындауға шақырса, қабыл аласыз ба?

– Әрине егер менің де ұсыныстарым ескерілсе, Қазақстанда жаттықтырушы болуға қуана келісер едім.

– Көптеген боксшы сізбен кездесуден бас тартты. Солардың ішінде Рой Джонс, Майк Тайсон, Эвендер Холлифилд бар. Тағы да кімдерді атар едіңіз?

– Иә, көптеген боксшы менімен кездесуден бас тартатын. Жекпе-жекке екі сағат қалғанда, екі боксшыдан төрт боксшыға дейін ауысып кететін. Кешіріңіз, бірақ қазір олардың есімдері есімде жоқ.

– «Балқаш жолбарысы» деген лақап атты не себепті таңдадыңыз?

– Біле білсеңіз, мен Балқаш қаласында туып-өстім. Бұрын сол Балқашта жолбарыс­тар өмір сүрген дейді. Қазір олар жойылып кеткен. Бір жазушы мен жайлы жазған кезде менің рингтегі қимыл-қозғалысымды жолбарысқа теңеген екен. Сол уақытта мен өзіме лақап ат қарастырып жүргенмін. Осы лақапты өзіме лайық көріп  «Балқаш жолбарысы» деп атадым.

– Қазір немен айналысасыз?

– Қазір жаттықтырушымын. Әуесқой бокс­шыларды, өзі үшін бокспен айналысқысы келетін, денсаулығын нығайтқысы келетін жандарды жаттықтырамын.

– Шаршы алаңды сағынбайсыз ба?

– Сағынып жүрмін деп айта алмаймын. Бокстан кетерде жан-жақты ойланып, барлығын есептеп кеткенмін.

– Өзіңіз туралы тағы не айтар едіңіз?

– Өмір жалғасып жатыр, яғни тірі адам тіршілігін жасайды... Жеке отбасым жайлы мәлімет бере алмаймын. Ол тек өзіме ғана тиесілі дүние.

– Салыстырмалы түрде қазақстандық және америкалық боксшылардың айыр­машылығы қандай?

– Америкалық боксшыларда айтарлықтай жігер жоқ, бірақ есептері мықты. Ал қазақ­стандық боксшыларда жеңіске деген құл­шыныс өте жоғары.

 

Әңгімелескен

Айбек МҰҚАНОВ,

журналист,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін