Еске алу рәсімі Семей гарнизонының офицерлер үйінде өтті. Шараға "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлері басшылығы, қалалық әкімдік пен қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің өкілдері және жауынгердің туыстары қатысты.
Өмірзақ Қазанқапов 120-шы жеке атқыштар бригадасының құрамында Ржев-Сычев операциясына қатысқан кезде 1942 жылдың 14 тамызында қаза тапқан. 78 жылдан кейін туыстары оның қаза тапқан жерін анықтапты. Жауынгердің сүйектерін "Поиск" Мәскеу қоғамдық ұйымының "Кобальт" іздеу жасағы Смоленск облысы Темкин ауданының аумағынан тапқан көрінеді.
Іздеу жасағы сарбаздың туған-туыстарын ұзақ уақыт іздеген екен. Нәтижесінде Семей мен Павлодарда тұратын шөберелері Омарғали Мадияр мен Ләззат Қазанқапованы тауып, "Кобальт" іздестіру жасағының командирі сарбаздың сүйектерімен бірге туыстарына оның жеке заттарын да табыс етіпті.
Атап айтқанда, каска, саперлік күрек, сабын салғыш, саптыаяқ, медальон, рамкадағы жапсырма, тарихи анықтама және құжаттары бар медаль. "Біз соғыстан қайтып оралмаған Өмірзақ Қазанқаповтың сүйегінің туған жеріне жеткізілгеніне қуаныштымыз. Соғыс батырларын мәңгі есте сақтау үшін тынымсыз іздеу жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысқан барлық азаматтарға алғыс айтамын" дейді генерал-майор Асан Жүсіпов.
СЕМЕЙ