Бұл туралы төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Самат Асайынов баспасөз конференциясында мәлімдеді.
"Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында 64 өрт оқиғасы тіркелді", - дейді Самат Асайынов.
Өрттің жалпы аумағы 1636,7 гектарды құрады. Салдарынан келтірілген материалдық шығын 11 миллионнан астам теңгені құрады. Өткен демалыс күндері облыс ормандарында 11 өрт оқиғасы болды. Болжам бойынша, тілсіз жау найзағайдың түсуінен шыққан. Ең ірі өрт - 150 гектар Галкин ауылдық округінде орын алды. Бұдан басқа, Баянауыл ұлттық паркінде кеше өрт болды. Кешке қарай 80 га жанғаны туралы хабарлама түсті.
Спикердің айтуынша, өрттің басым бөлігі "Ертіс орманы" резерватының аумағында тіркелген. Резерватта тоғыз өрт болған. Оның ішінде жалғыз өсіп тұрған ағаштардың жануы да бар. Өрттердің аумағы 150 гектардан аса жерді құрады, құрғақ шөппен бірге қарағайдың жануы да тіркелді.
"Қазіргі кезде өрттің шығу себептері мен алаңын анықтау және тексеру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы облыстық комиссия құрылды", - дейді Самат Асайынов.
"Ертіс орманы" резерваты аумағындағы өртті сөндіруге он сегіз техника, бір МИ-2 тікұшағы және 48 адам жұмылдырылды.