Нұр-Сұлтан қаласына газ тарту жұмыстары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы газдандыру процесін назарда ұстауды тапсырды.
Елордада газ тарату желілерінің құрылысын жүргізу бойынша бірінші кезеңдегі жұмыстар атқарылуда. Бірқатар тұрғын алабында газ құбырлары үйлердің іргесіне дейін тартылып қойған. Енді газдың нақты қашаннан бастап берілетінін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұловтан сұрап білген едік.
– Бүгінгі таңда қалада екі үлкен газ тарату автоматтандырылған стансасы бар. Мұны «Сарыарқа» магистралды газ құбыры жобасының аясында «ҚазТрансГаз» компаниясы салған. Ішкі тарату желілерін салу әкімдіктің бақылауымен іске асырылып жатыр. «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агрогородок» тұрғын үй алаптары бойынша газ желілері түгелімен тартылды. Қазір сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бұл аудандарда газ реттегіш 4 станса орнатылған. Жоспар бойынша аталған тұрғын алаптарында шамамен 200 шақырым газ құбырын тарту қарастырылған. Қазір оның 70-тен аса шақырымы салынды. Енді алғашқы газды шілде-тамыз айларында беруді жоспарлап отырмыз. Яғни алғашқы үйлерге газ бере бастаймыз. Жалпы, астанаға газ келіп тұр, – деді Мақсат Есмағұлов.
Оның айтуынша, жобаға сәйкес газ тарату желілері көше бойлап әрбір үйдің іргесіне дейін тартылады. Ал оны үйінің ішіне тұрғындар өздері тартқызады. Бұл үшін әрбір тұрғын «ҚазТрансГаз Аймақ» атты арнайы мекемеге барып, техникалық шарттар алуы керек. Сол шарт бойынша нарықта арнайы лицензиясы бар компаниялармен келісімшартқа қол қойып, ішкі тарту желілерін жүргізуі керек. Үйді газ желілерімен жабдықтау шамамен 100 мың теңгеден басталады екен.
Егер үйге қоса монша сияқты басқа да нысандарға құбыр жүргізетін болса, сәйкесінше оның құны да көтеріледі. Содан соң газ құбырының үйге қаншалықты дұрыс тартылғанын «ҚазТрансГаз Аймақ» тексеріп, қабылдайды. Бәрі оңынан болса, тұтынушыларға газ беріле бастайды.
Бірінші кезекте 9 кешен бойынша газдандыру жүргізіледі. Оның 1-2 кешені бойынша ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газбен қамтылады. Қазір бұл нысандарға газ желілері түгелімен тартылған. Енді сынақтан сәтті өтсе, бұларға да шілде-тамыз айларында газ жіберіледі. 3-6 кешендерге жоғарыда көрсетілген «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агрогородок» тұрғын үй алаптары жатады. Ал 7-9 кешендер бойынша «Оңтүстік-Шығыс», «Промышленный», «Железнодорожный» тұрғын алаптары газбен қамтылады. Бұл қатарда биылғы жылыту маусымына дейін «Промышленный» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарындағы жұмысты түгел аяқтау жоспарда тұр. «Оңтүстік-Шығыс» ауданына газ тарту келесі жылы аяқталады. Жалпы, бірінші кезеңдегі жұмыс алдағы жылы түгел орындалуы керек.
Екінші кезеңде «Мичурино», «Интернациональный», «Күйгенжар», «Тельман», «Пригородный», Garden Village және Family Village, ал үшінші кезеңде «Ильинка», «Шұбар», «Өндіріс» газдандырылады. Бұл жобаны іске асыру мерзімі 2020-2023 жылдарды қамтиды.
Газ тарту желілері құрылысының біртіндеп біте бастағаны газдың осы жаздан қалмай алғашқы үйлерге берілетінін байқатады. Өйткені қалаға газ келіп тұр. Осылайша қала көк түтіннің құрсауынан құтылатын сәт те жақындап келеді. Яғни зиянды қалдықтар 6 есеге, қатты заттар 40 мың тоннаға дейін азайып, елорданың тынысы ашыла түседі.