Экономика • 16 Маусым, 2020

Аймақтағы «ақылды» кеніш

771 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Соколов-Сарыбай тау-кен ба­йыту өндірістік бірлестігі» биыл бірінші тоқсанда үш миллион тоннадан астам өнім шығарды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, кен алыбы өнім көлемін 24%-ға еселеген. Қазір темір рудасының негізгі көзі саналатын «Қашар» кенішіне «Ақылды кеніш» технологиясын енгізу арқылы өндіріс қуатын арттыра түскен бірлестіктің өндірістік шығыны кеміп, өнімнің көлемі мен сапасы артып отыр.

Аймақтағы «ақылды» кеніш

Индустриялық бағдарлама бойынша жүзеге асырылған ин­но­вациялық жобаның түпкі мақсаты – «ССКӨБ» АҚ-тың темір шикізаты нарығындағы бә­­се­­кеге қабілетін арттыру. Бү­гін­де кеніш­тегі жағдайдың жедел мо­ни­­торингі мен өндіріс барысы­на қажет түзетулер енгізуді және жабдықты тиімді үлестіру жұ­мы­сын компьютер атқарады. Ал өнді­рістік процестің толық автоматтандырылуы өнімнің едәуір ұл­ғаюына мүмкіндік берген. Еу­ра­зиялық Топ алдағы уақытта бұл инновациялық жобаны бар­лық кәсіпорындарына енгізуді жос­­пар­лап отыр. Өйткені ең озық, за­манауи технологияларға иек ар­­ту экономикалық тиімді жо­­ба­­лар­­ды дамытуға мүмкіндік береді.

«Қашар» алаңы автоматтан­дыру жүйесін енгізу үшін әдейі таңдалып алынып отыр. Бірлестік шы­ғаратын барлық кеннің жар­ты­сы­нан астамы осында өн­дірі­леді. Сондықтан тау-кен ба­йы­ту өндірістік бірлестігі кәсіп­орын­дарын технологиялық жаң­ғыр­тудың жол картасына ен­гізіл­ген жобалардың дені осы кеніш­те жүзеге асырылып жатыр.

«Қашардағы» «Ақылды кеніш» жоба­сы бірден жүзеге асы­­­ры­ла қойған жоқ. Ол үшін бір­­не­ше кезең­дерден өтуге тура кел­­ген. Ең әуелі өндіріске ге­о­логия­лық және маркшейдерлік тау-кен жобалау модулі енгізілді. Бұл бағдарламалар жиынтығы жал­пы өндірістік жоспардан бас­тап, кеніштегі күндік жұмыс жос­парына дейін түзіп отырады.

Одан кейін «Modular» деп аталатын диспетчерлік жүйені енгізу арқылы кеніштегі бүкіл көлік күшін басқару автоматтандырылды. Осының арқасында кеніш­те қол күші мен адамсыз атқа­рылған жұмыстың көлемі тура­лы жедел ақпарат алуға, сон­дай-ақ қол жеткен нақты көрсет­кіш­терге талдау жүргізу үшін керек­ті мәліметтерді жинауға мүмкіндік туды.

Екінші кезеңде «Ақылды кеніш» жобасының геомеханика мен гидрогеологияға қатысты бөлігі іске асырылды. Сондай-ақ заманауи конвейер мен кен ба­­йытатын арнайы кешен құры­лысы қолға алынды.

Компания ТМД және Батыс елдеріндегі он шақты маман­дан­дырылған институттармен әріптестік орнатқан. «Қашар» кенішінің мамандары осы инс­титуттарда ұйымдастырылған курстарда білім жетілдіріп, жаңа жүйе бойынша жұмыс істеуді меңгерді.

«Ақылды кеніш» жобасы­ның үшінші кезеңінде кен орны заманауи технология күші­мен темір жентектерін өндіре бас­тады. Жобаны жүзеге асыру ба­ры­сында біз ең басты деген өн­ді­рістік міндеттердің шешім табуына қол жеткізіп отырмыз. Қазір кеніш жұмысының бар­лық параметрлері көз алды­мызда. Сондай-ақ жұмыс көрсет­кіш­терінің қаншалықты тиімді екенін сол сәтте-ақ көріп, ба­қылап отырамыз. Осы­ның арқа­сында кәсіпорын жұмысы­ның экономикалық тиімділігі артты. Өткен ғасырдың ортасында ір­гесі қаланып, темір кенінің ал­ғашқы тоннасын берген алып кеніш­тің ХХІ ғасырда мақсат-мүд­десі жаңа сипатқа ие болып отыр. Мақсат бұрынғыдай көр­сеткіш қуу емес, әңгіме сапаға келіп тіреледі. Мысалы, былтыр «Қашар» кен басқармасында америкалық «Модулар Майнинг Системс» компаниясының DISPATCH жүйесін енгіздік. Мәселен, ауысым сайын «Қашар­дан» кен арту үшін 14 экскаватор, 30 технологиялық автомо­биль жұмыс істейді. Осы техникаларды дұрыс пайдалану, оларды орналастыру, тасылатын кеннің көлемі, сапасы тура­лы ақпарат алу үшін қаншама уақыт кететін еді. Ал кез келген бизнесте, кез келген сала­да уақыт ресурс, қаржы, табыс болып саналады. Қазір осы жұмыстарға қатысты толып жатқан ақпараттың барлығы диспетчердің басында емес, аса дәлдікпен жүйеде тұрады, мамандар оны компьютерден бақылап, көріп отырады. Біз осы бағытта дами беретін боламыз. Елбасы «табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтауды» тапсырды. Өте дұрыс. Жеріміз табиғи ресурстарға бай, бірақ келер ұрпақтың қамын ойласақ, барлық шикізат түрін мақсатсыз оңды-солды өндіруді, шашуды уақыт көтермейді, оған үнем­шілдікпен қарауға тиіспіз. Сол үшін өндірудің озық технологияларын, кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларын барынша белсенді енгізуіміз керек, деді «ССКӨБ» президенті Береке Мұхаметқалиев.

Бүгінде «Қашар» кенішін­дегі өндірістік үдеріс толықтай Modular, геоақпарат жүйесі және ERP деп аталатын «ақыл­ды» құрылғылар арқылы басқа­ры­лады. Яғни өндіріс барысы то­лықтай компьютердің бақы­лауына алынған. «Ақыл­ды» үштік кеніштің бүкіл тыныс-тіршілігін жай бақылап қана отырмайды, қажет кезінде түзету енгізіп, кеніштегі техника құралдарының қай жерде, қандай жұмыс атқаратынына дейін анықтап береді.

Кен тасымалдайтын көліктің қайда тұрғаны немесе қай бағыт­та қозғалып бара жатқаны түгел­дей монитор бетінде көрініп тұ­ра­ды. Жалпы, жұмыс бары­сы, тех­­ни­каның жағдайы, қазыл­ған кеннің сапасы туралы мәлі­мет­­тер кеніш ішіндегі өндіріс алаң­­­дарына қойылған сымсыз же­лілер арқылы келеді. Кен тасы­мал­дайтын көліктер мен экска­ваторлардың және тағы басқа да қозғалмалы нысандардың жұмыс қабілеті қашықтан тексеріледі. Сон­дай-ақ техниканың қозғалыс ба­­ғыты мен жұмыс уақытын ар­­на­йы бағ­дарлама есептеп шығара­ды.

1

Ішкі логистика мен кеніш­тің бүкіл техникасын автомат­ты басқару жүйесі кәсіпорын ре­сурс­тарының тиімді пайдаланы­луын жақсартып отыр. Жүйе­лердің жай-күйіне алдын ала техникалық қызмет көрсетіп, оған мониторинг жүргізу техника күшінің белгілі бір уақыт ішіндегі жұмыс көрсеткіштері туралы мәліметтердің дер кезінде жиналуын қамтамасыз етеді. Бұл заманауи талдау құрылғылары «Қашар» кен орнындағы өндіріс­тік үдерістерді де онлайн-оңтай­лан­дыруға пайдаланылады. Мұн­дағы диспетчердің атқара­­тын міндеті – «ақылды кеніштің» үздік­сіз жұмысын бақылап, жүйе­нің тоқтап қалмауын қадағалау ғана. Арнайы модульдер кеніш техникасына ғана емес, сонымен қатар бұрғылау құралдарына, темір жол көлігіне де орнатылған.

«Қашар» алаңындағы «Ақыл­ды кеніш» жобасының тиім­ді­лі­­гі­­не көз жеткізген компа­ния бас­­­­­шы­­­лары енді бұл жүйені Қор­­­жын­­­­­көл және Соколов-Сары­­­бай ке­ніш­­­­теріне де ен­гіз­бек. Ал­дағы уа­­қыт­та ERG бас­­­­­шы­­­лы­ғы кен өн­ді­рі­сі сала­сын­­­­­д­ағы мә­лімет­тер­­ді тал­­дау, өн­ді­рістік интернет, бі­рік­­­­ті­ріл­­ген ақпараттық жү­йел­ер, ро­­бот­­­тан­дырылған операция­лар сияқ­ты цифр­ландыру жобалары­на 800 млрд теңге көлемінде қар­жы жұмсауды жоспарлап отыр.

 

Қостанай облысы