Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетіп, мәселенің жай-жапсарын түсіндіру үшін қала әкімдігі БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.
«Сәулет» шағын ауданындағы Қойсары батыр көшесі тұрғындары осындай ыза судан жақында ғана құтылған. «Көшені бойлай жатқан терең көлшіктің иісі үйге дейін жетіп жататын», дейді олар. Қала әкімдігіне барып арызданғаннан кейін мәселе шешімін тауып, көл көміліпті. Көлемі 6 мың шаршы метр болатын аумаққа 1395 КамАЗ құм төгілген. Тұрғындардың ендігі тілегі – жер телімінің мемлекет меншігіне қайтарылуы.
– Сор көлдің сарсаңымен шырылдап жүргенімізде жердің иелері бір төбе көрсетпеді. Әкімшілік мұңымызға құлақ асып, бір жарым ай жұмыс істеп, көлді жапты. Енді иелерінен жер телімін заң жолымен алып, осы төңіректің балалары үшін ойын алаңын салып берсе деген тілегіміз бар, – дейді көше тұрғыны Жәмилә Әбдіжәлелова.
Бұл осы жылы шағын ауданда көміліп тұрған бесінші көлшік екен.
Ал Қорқыт ата шағын ауданындағы Жастар көшесінің тұрғындары іргедегі ыза судан әлі құтыла алмай келеді. Әсіресе, жаздың күні маса-шыбынды қаптатып жіберетін сор көлге соңғы жылдары түрлі жәндіктер де үйір бола бастапты.
Жұрт назарын аудару үшін көл жағасына «Зообақ» деген жазуы бар тақтайша да қадап қойған екен, сасық су көміле бастаған соң алып тастапты. Олар осындағы тұрғындар арасындағы демікпе, аллергия секілді аурулардың өршуін де осы көлден көріп отыр.
– Аулама жылда тал егемін. Бірақ осы сор көлдің әсерінен өспей жатып қурап қалады. Мен ғана емес, осындағы талай тұрғын осыдан есігінің алдын көгерте алмай мысы құрып отыр, – дейді осы араға алғаш келіп қоныстанғандардың бірі Иса Құдайбергенов.
Тұрғындарға мәселені түсіндіруге келген қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаевтың айтуынша, осы 30 сотық жер кезінде үй құрылысын салу үшін табысталған. Қазір проблемалы жер телімінің иелері іздестіріліп жатыр.
– Бұл жерлер бұрынырақта карьер ретінде қазылған аумақтар. Кейінірек ыза су көтеріліп, сор көлдер пайда болған. Оның барлығына, әсіресе жекеменшік жерлерге мемлекет тарапынан қаражат жұмсауды заң көтермейтінін білесіздер. Сондықтан да жер учаскесі иелеріне өзіне берілген аумақты игеру ретінде талай рет хат жолдадық. Тіпті сотқа да жүгінген кезіміз болды. Оның нәтижесі жақын арада белгілі болады. Егер іс біздің пайдамызға шешілсе, бұл учаскелерді аукцион арқылы кәсіпкерлерге ұсынамыз немесе жер кезегін күткендерге береміз. Биылға дейін қала бойынша 18 көлшік көмілсе, жыл басынан бері 12 көлшіктің мәселесі шешілді. Бұл іске бюджеттен қаржы жұмсау мүмкін болмағандықтан біз жергілікті кәсіпкерлер көмегіне жүгіндік. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы жақын арада Сырдария өзенінің арнасын тазарту жұмыстарын бастайды. Дария табанынан шығатын таза құммен осы көлшіктерді толтыруды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары.
Облыс орталығындағы Сәулет, Саяхат, әл-Фараби, КБИ және Арай шағын аудандарында осындай жер телімдері бар. Қала әкімдігі оның игерілмеуіне байланысты Жер кодексінің 93 бабы, 3 тармағына сәйкес сотқа талап арыз беріп отыр.
Әкімдік өкілдері сор көлдер жұрттың сорына айналмауы үшін бәрін жасайтынын айтады. Тек тұрғындар түсіністік танытуы тиіс. Олардың арасында қала тазалығымен айналысатын мекемемен келісімшартқа отырып, есігінің алдына контейнер қойғызғаннан гөрі қоқысын осындай көлдерге төге салуды тиімді санайтындар да кездесіп қалады. Арнайы көліктердің де қала сыртына шығуды алыссынып, кәріз суын көлшіктерге құйған кезі аз емес. Осы маңдағы тұрғындар талай мәрте сондай жағдайларға куә болған. Ондай кезде полиция мен тиісті орындар өкілдерін шақыру керек. «Қала – ортақ үйіміз» дегенді жиі айтамыз. Егер билік те, тұрғындар да мәселеге жауапкершілікпен қараса, осы ортақ үйіміздің қай проблемасы да орайлы шешілер еді.
ҚЫЗЫЛОРДА