08 Қазан, 2013

Алыстағы ауыл: күнгейі мен көлеңкесі

315 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

3c4bf01ca11df81234070b031567973bЕлді мекен тұрғындары енді жол қатынасы мен сапалы ауызсу жайы оң шешілсе деген үзілмес үміт құшағында отыр

Айтуар – іргесі сөгілмеген, шаңы­рағы шайқалмаған елді мекен­дердің бірі. Бүгінде кейбіреу­лердің түсіне қой үстіне бозтор­ғай жұмыртқалаған замандай елес­тейтін Кеңес Одағы кезінде түтіні түзу ұшқан 60 үйдің саны сәл-пәл кеміді демесең қазақы қалыптағы тыныс-тіршілігін жалғастырып келеді. Ауыл тұрғындарының бойынан бұрынғыдай бұйығылық, енжарлық, самарқаулық, бүгінгі тындырар істі ертеңге ысыра салушылық секілді еріншектік пиғылды байқамайсың. Керісінше шираған, шыныққан, пысыған.

 

Елді мекен тұрғындары енді жол қатынасы мен сапалы ауызсу жайы оң шешілсе деген үзілмес үміт құшағында отыр

Айтуар – іргесі сөгілмеген, шаңы­рағы шайқалмаған елді мекен­дердің бірі. Бүгінде кейбіреу­лердің түсіне қой үстіне бозтор­ғай жұмыртқалаған замандай елес­тейтін Кеңес Одағы кезінде түтіні түзу ұшқан 60 үйдің саны сәл-пәл кеміді демесең қазақы қалыптағы тыныс-тіршілігін жалғастырып келеді. Ауыл тұрғындарының бойынан бұрынғыдай бұйығылық, енжарлық, самарқаулық, бүгінгі тындырар істі ертеңге ысыра салушылық секілді еріншектік пиғылды байқамайсың. Керісінше шираған, шыныққан, пысыған. Нарықтың қатал заңына жүзіктің көзінен өтетіндей икемделіп алған. Сенетіні – алдымен ақылы мен айласы, күші мен қайраты, сосын – бала-шаға нәпақасын айырып отырған төрт түлік малы. Бір кездері қай жағынан болсын алдымен мақтау еститін қозыкөш жердегі Талпында білім үйі жабылып қалғанда бұлардың да қабырғасы қайысқан. Боевиктің жұрты ғана жатыр. Муромскіде 2-3 үйдің сұлбасы қараңдайды. Көрші ауылдар сияқты карта бетінен жоғалып, барынан айырылып қалмаудың бірден-бір жолы сүттей ұйыған бірлікте, еңбек пен тірлікте деп түсініп, алдағы күнге үлкен үмітпен қарап келген айтуарлықтардың жанын жегідей жейтін мәселелердің жуан ортасында мектеп жайы жүрді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған ғимараттың былтыр төбесі опырылып, қабырғасы құлап түскен. Көздері жаутаңдаған оқушылар үйлерді сағалап оқуларына тура келген. Бұл жайт үлкендерді қатты ойландырған. Ақылдаса келіп, бар үміт «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясында деп шешкен. Табандарынан тозып жүріп, дегендеріне жетті-ау ақыры! Жаңа білім үйінің қазығы қағылып, іргетасы қаланғанда көрші ауылдағылар да келіп, қызғанып емес, қызығушылықпен қараған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті қазынадан 260 миллион теңге бөлініп, «Құрылыс-Сервиз» компаниясы іске білек сыбана кіріскен. Бас-аяғы бір жылдың ішінде ақ кірпіштен өрілген 80 орындық білім үйі анадайдан «мен мұндалап», ауыл сәніне айналған.

Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында Айтуар негізгі мектебінің жаңа ғимараты салтанатты жағдайда пайдалануға беріліп, ашылуына облыс әкімі Самат Ескендіров қатысты. Жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеп, өз ойын «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек», деген сөздерімен бастап, ұстаздар қауымы алдына нақты міндеттер қойды. Оқушыларды жақсы оқуға, жан-жақты білім алуға шақырды. Мектеп ұжымына лингафонды кабинет тарту етті. Мектеп ішін аралап, жабдықталуымен таныс­ты. Құрылыс жұмысына жауапты басшылармен бірге су қоймасын арнайы көріп, тіршілік нәрімен үзіліссіз қамтамасыз етуді тапсырды. Мұнда әрқайсысының сыйымдылығы 1,5 тонналық екі резервуар орнатылған. Облыс әкімі осы білім ұясында еңбек жолын бас­тап, талай жыл басшылық қызмет еткен Мәкен Қалиевтің ұстаздар мен оқушыларға арнаған ағалық тілегін тыңдап, Петропавлдан арнайы әкелген сый-сияпатына ризашылық білдірді. Қазіргі заман үрдісіне сай бой көтерген білім үйінің сәнін компьютерлік сыныптар, спорт зал, пән кабинеттері аша түскен. Мектеп директоры Гайдар Әбдірешевтің айтуынша, оқушылар саны – 50. Бұдан тысқары шағын орталықта 10 бүлдіршін тәрбиеленеді. 15 мұғалімнің 14-і жоғары білімді, 11-і жоғары және бірінші санатты. Мұнда оқу-тәрбие жұмысында қалыптасқан жақсы үрдістер баршылық. Солардың біріне тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шаңғы, шахмат, күрес секілді спорт үйірмелерінің тұрақты жұмыс істейтінін жатқызуға болады. Құралай Сәрсекеева, Дастан Сағынов тоғызқұмалақтан облыс чемпионы саналады.

Айтуарлықтар ауылда егін­шілікпен айналысып, жер­гілікті тұрғындарды тұрақты жұ­мыс­қа тартқан «Айтуар-Агро» ЖШС-нің директоры Абылай Қаб­дөшев­тің ірі істеріне дән риза. Ас­тық қырманын, ангар салды. Пай үлесімізді уақтылы береді. Өтініш­терімізді аяқсыз қалдырған емес. Әттең..., дейді олар. Сөйтсе, 10 жыл­дан бері шағын елді мекен мен мектептің мұң-мұқтажын шешуге мүмкіндігінше көмектесіп келе жатқан азамат егістік жерін кеңейтуден шетқақпай қалған. Бос жатқан алқаптар жоқ емес, бар. Ауданның бұрынғы әкімі оған алдымен қарайласудың орнына сырттан келген пысықайларға шүлен таратқандай үлестірген. Содан амалсыздан бар-жоғы бір мың гектар жерді қанағат етіп отыр. Әйтпесе, техника да, адам күші де жеткілікті. Абылай бауырымыз битке өкпелеп, тонын отқа тастайтындардың санатынан емес. Ортақ қуанышқа облыс орталығынан арнайы ат басын бұрып, түрлі-түсті теледидар сыйлады. Жыл өткен сайын ауыл тұрғындары қатарының көбейіп келе жатқаны қуантады. Дайындық тобына он бүлдіршін барады. Дүкен, фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді.

Айтуарлықтар енді жол жайы оң шешілсе деген үміттерін жасырмайды. Жауын-шашынды және қарлы боран күндері қатынау оңайға соқпайтын көрінеді. Сол сияқты сапалы ауызсу мәселесі де қатты қинап тұр. 50 үйлі ауыл екі құдық суын ғана пайдаланады. 38 метр тереңдікке дейін қазылса да, мектеп жанынан тұщы су табыла қоймапты. Архангелька ауылдық округінің әкімі Серік Шәріпов бізге сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің екі жолы қарастырылып жат­қанын жеткізді. Бірі – Есіл су торабы ар­қылы Троицк–Баян–Архангелька–Айтуар ба­ғы­тымен жүргізу. Алайда, 50 шақы­рым­ға құбыр тарту тым қымбатқа түсе­тінге ұқсайды. Екіншісі – Спасск жерасты тіршілік нәрі қоймасының мол тұщы су көздерін пайдалана оты­рып, Архангелька елді мекеніне қуат­ты сорғылар қою арқылы тарату. Алғашқы жоба «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасына енгізілгенімен, қашан басталарын тап басып айта алмады. Соған қарағанда, індетіп ізіне түспесе, мәселенің сиырқұйымшақтанып кетуі ғажап емес.

Біз осы жолғы іссапарымызда облыс орталығынан алыста орналасса да, ел дәулеті мен сәулетіне өз үлестерін қосуды басты мақсат тұтқан елді мекен тұрғындарының жан жадыратар игілікті істерімен қатар шешімін табатын толғақты проблемалар барына да көз жеткізіп оралдық.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы,

Жамбыл ауданы.